Бүгін ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру және инфляцияны төмендету жөніндегі кешенді шаралар қаралды. Отырыста халықты 100 Мбит/с деңгейіндегі интернет желісімен қамтуды көздейтін ұлттық жобаны іске асыру тетіктері пысықталды. Үкімет басшысы байланыс операторларының жауапкершілігін арттыра отырып, ел аумағында байланыс сапасы мен интернет жылдамдығының мониторингін күшейтуді тапсырды.
«Smart city» тұжырымдамаларына сәйкес Шымкенттегі 10 базалық станция 5G технологиясымен қамтылды. Алдағы жоспар бойынша жыл соңына дейін қаладағы 100-ге жуық базалық станцияны 5G технологиясымен қамту қарастырылуда. Сондай-ақ биыл 20 елді мекен оптика желісімен қамтылып, 200 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптыларға бір апта ішінде елдімекендердегі байланыс пен интернет жылдамдығынына жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті. Талдау қорытындысына сәйкес қаланың ерекшелігін ескере отырып, кешенді жоспарды бекітуді тапсырды.
Еске сала кетейік, Үкіметтің өткен отырысында Ұлттық экономика министрі Шымкент қаласы әкімдігінің азаматтарды қабылдаудағы тәжірибесін өзге өңірлерде қолдануды ұсынған болатын. Сонымен қатар,Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің азаматтарды қабылдау жоспары бекітілген болатын.Күн тәртібінде еліміздегі кәсіпкерлік қызметті «жаңа парақтан бастап» реттеуді іске асыру сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесу барысы қаралған болатын.