Биыл Шымкентте орталық магистрал және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу 245 көшеге жоспарланған. Бүгінгі таңда 172 көшеде жұмыстар аяқталып, тұрғындар игілігін көруде. Бұл туралы баспасөз брифингінде Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді.
-Жалпы, Шымкент қаласының дамуы жолында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктелген.Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осы мәселеге орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамуда. Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу мақсатында жұмыстар жүргізілуде, — деді Р.Ибрагимов.
Сондай-ақ басқарма басшысы көлік саласы бойынша 2020 жылы қалалық мәслихатпен Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілгенін, схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желісі әзірленгендігін атап өтті.
– Маршруттық желісімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруттары қаралған. Бүгінгі танда маршруттар толығымен қызмет көрсетуде, қала аумағындағы сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандары мен тұрғын алаптары қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылды, — деді Р.Ибрагимов.
Сонымен қатар қоғамдық көліктердің жол ақысын көтеру мәселесі қазіргі таңда қаралуда екендігі айтылды.
Айта кетейік, Шымкентте қоғамдық көліктердің жол ақысы үш жыл бұрын қымбаттаған болатын. Бүгінде қоғамдық көліктегі жол ақысы 70 теңге және ол республика бойынша ең арзан тарифтік көрсеткіш.
«Шымкент келбеті»