Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай Халық Республикасының Чанджи-Хуэй автономды округ губернаторының орынбасары Су Сяоли ханым бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, өзара сауда-экономикалық байланыс, әлеуетті инвестициялық жобалар талқыланды бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Екі жақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатындағы кешенді шаралар «KIT» бизнес қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен форуммен жалғасты. B2B форматындағы жиында жергілікті кәсіпкерлер тамақ өнімдері мен полиэфир материалдарын өндіретін жеңіл өнеркәсіп бағытындағы қытайлық компаниялардың өкілдерімен ақпарат алмасты. Бизнес өкілдеріне тауарларын шет елге экспорттау, басқа да серіктес компаниялармен қарым-қатынас орнату мүмкіндіктері ұсынылды.
Қытайлық 35 компанияның өкілдері қатысқан жиынның қорытындысында Шымкент каласы әкімінін орынбасары А. Кәрімов, Қытай Халық Республикасы ШҰАР Чанцзи-Хуэй автономиялық ауданы губернаторының орынбасары Су Сяоли, Қытай Халық Республикасының Чанцзи-Хуэй автономиялық ауданы сауда басқармасының партиялық тобының хатшысы Чэн Сяофэн коммерциялық құжаттарға қол қою рәсіміне куә болды.
Айта кетейік, былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы тауарайналым 291,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір қала аумағында қытайлық инвесторлардың қатысуымен 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар, 60 миллион АҚШ долларын құрайтын тағы бір инвестициялық жоба қолға алынуда. «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің керамикалық тақташалар өндіретін зауыты 350 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі