Арыс қаласының бүгінгі жағдайы туралы нақты ақпарат беру мақсатында Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Егізбаев журналистердің қатысуымен брифинг өткізді.
Арыс қаласының әкімі М. Қыдырбек «Апаттан зардап шеккен қала қазіргі таңда 17 секторға бөлініп, әр облыс жұмысын бастағаны белгілі. Қазіргі таңда 170 бригада құрылысқа кірісті. Жөндеу жұмыстары бір айдың ішінде аяқталады»,– деді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысыМ. Егізбаев қазіргі таңда Арыстағы емхана науқастарды қабылдап жатқанын және 1 ай ішінде қалалық аурухана іске қосылатынын атап өтті.
«ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Арыс қаласына тиесілі аумақты толық қайта тексеру жұмыстарын жүргізуде. Қала маңындағы Ақдала, Дермене ауылдарын тазарту аяқталды. Сондай-ақ Арыс аумағына және оған тиесілі жерлерде радиациялық, биологиялық жағдайға мониторинг жасалды. Қалада радиациялық фон бірқалыпты. Жарылыс болған әскери бөлімше командирі қазіргі уақытта қызмет орнында. Оған қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде»,– деп мәлімдеді полковник Е. Бятов.