Көкшетауда «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы қолдауымен Халықтық штаб мүшелері ірі кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Ақмола облыстық Халықтық штаб мүшелері Көкшетаудағы ірі кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, 6 қазанда өтетін атом электр стансасын салу бойынша референдумға қатысып, алдағы жылдардағы ел тағдырын айқындайтын маңызды шешім қабылдауға үгіттеді.
Облыс орталығын жылумен қамтып отырған «Көкшетау жылу» мекемесінің ұжымымен энергетика саласының сарапшылары, депутаттар, жергілікті тұрғындар мен азаматтық сектордың өкілдері кездесті. Жиында сөз алған мамандар «АЭС салудағы ең басты қажеттілік – электр энергиясы тапшылығын шешу» деген пікір білдірді. Себебі 2030 жылға қарай Қазақстанда қуат жетіспеушілігі сағатына 13 миллиард киловаттан асуы мүмкін. Жиында сөз алғандар ғалымдар түйткілдің түйінін тарқату үшін атом электр стансасын салуды ұсынып отырғанын нақтылады. Сарапшы мамандар станса салу арқылы экология мәселесін тиімді шешуге болатынын айтады.
«Себебі мұндай орталықтар көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Осыны ескерген дамыған мемлекеттер ауаны қалай тазартудың жолын атом орталықтары арқылы іздеуге көшкен. Атом электр стансасы – басқа стансаларға қарағанда экологиялық таза. Өздеріңіз білесіздер, АҚШ болсын, Еуропадағы біраз ел, соның ішінде Франция 80%-ға дейін электр энергиясы өзінде. АЭС арқылы өндіріледі. Ол жерде бірде-бір радиацияның шығуы, басқа жағдайлар болып жатқан жоқ», – дейді қазақстандық Электр энергетикасы ассоциациясының төрағасы Талғат Темірханов.
Ал ірі жол көліктерін құрастыратын «Камаз-Инжиниринг» кәсіпорнының қызметкерлеріне Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева электр энергиясын өндірудің бірден-бір тиімді көзі атом электр стансасын салу екенін баса айтты. Кәсіпорын қызметкерлеріне республикалық халықтық штаб мүшелері еліміз үшін атом электр стансаларының қажеттілігі, АЭС салудың артықшылықтарын, заманауи атом электр стансаларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс істеу принциптері және атом электр стансаларының қоршаған орта мен адам денсаулығына ықпал ету деңгейі туралы ақпаратты бөлісті.
Көкшетаудағы Достық үйіне жиналған өңірдегі қоғам белсенділері облыстық қоғамдық штаб мүшелеріне «елімізде АЭС салынған күнде де, кадрлармен қамтамасыз ету, бұл салаға жауапты бола алатын маман бар ма?» деген сұрағын жолдады.
«Бүгінде Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 мыңы – негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында көптеген маман жұмыс істейді», – деп атап өтті Қазақстан Азаматтық альянс президенті Бану Нұрғазиева.
Дәл осындай кездесулер осы күні Бурабайда туристік бизнес өкілдерімен және Макинск құс фабрикасының ұжымымен өтті.
Жиындарда АЭС құрылысына қатысты түрлі пікір айтылды. Десе де, мәселенің нүктесін халық қояды. Бұл туралы Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында 6 қазан күні референдум өтетінін айтқан. АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Ақмола облысының түкпір-түкпірін аралап, болашаққа маңызды қадам жасауға үгіттеп жатыр.