Жастар ресурстық орталығында «Заң сіз бен бізге ортақ» тақырыбында құқық қорғау орган қызметкерлері жастармен кездесу өткізді. Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев, Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Қарбеков, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дәурен Тұрғынбай жастардың өзекті мәселелелері және оны шешу жолдарын талқыға салды.
Қаладағы ЖОО, орта арнаулы оқу орындарының шәкірттері қатысқан жиында жастарға құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамда таралған лудомания мәселелері, интернет алаяқтық түрлері мен оның алдын алу, нашақорлықпен күрес және құқықбұзушылық тақырыптары жан-жақты талқыланды.
Арман Арун-Рашидұлы жастарға құқықтық мәдениетті күшейтіп, заңға бағынудың маңыздылығын атап өтті. Қоғамдағы түрлі құқықбұзушылықтардан алыс жүріп, жастарды еліне адал қызмет етуге, ата-ананың үмітін ақтауға шақырды. Қазіргі таңда есірткі қылмысының жауапкершілігі қатаңдатылған. Жиында Бауыржан Қарбеков нашақорлықтың алдын алу шаралары туралы мәлімет беріп, есірткінің қоғамға зиянын түсіндірді.
Жыл басынан бері 8 айда шаһарда 485 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Полиция департаменті өкілдері интернет алаяқтықтың жасалу схемасын түсіндіріп, жеңіл жолмен ақша табуға құмар болмау керек екенін айтты.
Сонымен қатар, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Дәурен Тұрғынбай қаржылық сауаттылық пен интернет алаяқтықты болдырмау жолдарын баяндады. Еркін форматта өткен кездесу жастардың құқықтық білімін арттыруға және қылмыстарды алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Іс-шарада есірткі қылмысы және интернет алаяқтық бойынша бейнероликтер көрсетілді.