«Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Азия елдерінің жастар ұйымдарының көшбасшыларымен маңызды кездесу өткізді. Бұл шара «Jastar Generation» Қазақстан халқы Ассамблеясының Халықаралық жастар лагері аясында ұйымдастырылып, жастар қоғамдастығын дамыту және әртүрлі елдердің жастар ұйымдары арасында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Арайлы Алматыға келген меймандар өз елдерінің жастар саясатын, мәдениетін және білім беру жүйелерін таныстыра отырып, Орталық Азия елдеріндегі жастар ұйымдарының даму жолдары туралы жеке көзқарастарын ортаға салды. Кездесуде жастар арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, атап айтқанда, білім, мәдениет, креативті индустрия және кәсіпкерлік саласындағы жобалар талқыланды. Жастар ұйымдарының көшбасшылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері мен қиыншылықтарын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар білім алудың жаңа формаларын, мәдени шараларды, креативті индустрияны дамыту мен жастардың кәсіпкерлік қабілеттерін арттыруға арналған жобаларды ұсынды. Әсіресе, креативті индустрияның жастарға жұмыс беруші ретіндегі рөлі, мәдени алмасу бағдарламалары, халықаралық жастар форумдарын ұйымдастыру сияқты мәселелер көтерілді. Жастарды кәсіпкерлікке тарту, инновациялық стартаптар жасау және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытындағы бастамалар да назардан тыс қалмады.
Кездесу барысында өткен айда Мемлекет басшысының Тәжікстанға сапары кезінде «Ассамблея жастары» РҚБ мен Тәжікстан Жастар Одағы арасында жасалған ынтымақтастық туралы Меморандум да атап өтілді. Бұл меморандум жастар ұйымдарының бірігіп жұмыс істеуіне, ақпарат алмасуына, мәдени және білім алмасу бағдарламаларын ұйымдастыруына жол ашады. Тәжікстандағы жастар ұйымдары өкілдері мұндай ынтымақтастықтың жастар үшін үлкен мүмкіндіктер туғызатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысушыларды алдағы халықаралық жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Орталық Азия елдерінің жастар ұйымдары арасындағы байланыстарды нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және жастардың әлеуетін арттыру үшін ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Кездесу аясында жастар ұйымдарының көшбасшылары мен сарапшылары жастардың әлеуметтік, экономикалық және мәдени мәселелеріне қатысты пікірлерін білдірді.