2024 жылғы 11 қыркүйекте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Геннадиевич Шиповских «Qazaq Cybersport Federation» вице-президенті Ефим Анальевич Черваков және атқарушы директоры Қазбек Жарқынұлы Жанғазиевпен маңызды кездесу өткізді. Бұл кездесудің негізгі мақсаты — Қазақстанда киберспортты дамыту, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ассамблеяның осы саладағы рөлін айқындау.
Киберспорт бүгінде әлем бойынша танымалдыққа ие болып, көптеген жастар мен әуесқойлар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Қазақстанда да киберспортты кәсіби деңгейде дамытуға бағытталған шаралар мен бастамалар жүзеге асырылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) киберспортты қолдаудың маңызды қадамдарын қарастырып, бұл салада атқарушы жұмыстарды белсенді түрде қолға алып келеді.
Ефим Черваков атап өткендей, киберспорт — тек ойын емес, сонымен қатар жастарды тәрбиелеудің, командалық жұмысты дамыту мен стратегиялық ойлауды жетілдірудің маңызды құралы. «Qazaq Cybersport Federation» осы бағытта бірнеше жоба мен іс-шаралар ұйымдастырып, киберспортшылардың халықаралық аренада танытуына мүмкіндік жасап келеді.
Бүгінгі таңда киберспортты дамытудың кешенді бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып, жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл бағдарлама киберспорт саласындағы инфрақұрылымды дамыту, жарыстар мен турнирлерді ұйымдастыру, талантты ойыншыларды анықтау және дайындау бағыттарын қамтиды.
Кездесу барысында киберспорт пен ҚХА жұмысының арасында байланыс орнату, өзара тиімді іс-қимыл шараларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бұл ретте, ҚХА-ның “Мемлекеттік тіл — этносаралық қатынас тілі” арнайы қоғамдық жобасы аясында киберспорт саласында қазақ тілді комментаторларды дайындау, сондай-ақ, киберспортта қазақ тілін кеңінен енгізу туралы ұсыныстар қарастырылды.
Киберспорттық комментаторларды дайындау, жастар арасында қазақ тілінде сөйлейтін мамандардың санын арттыру — бұл ҚХА-ның стратегиялық мақсаты болып табылады. Еліміздегі киберспорттың дамуы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл жастардың мәдени құндылықтарға, тілге деген құрметін арттырады.
Кездесуде атап өтілгендей, киберспорттық жарыстарда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, киберспортшылардың арасында қазақ тілінде сөйлесу мәдениетін қалыптастыру — қоғамдағы этносаралық қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.