Рухани шаһарда #Birge #TazaQazaqstan акциясы аясында жаппай сенбілік өтіп жатқаны баршаңызға белгілі. Түрлі мекемелер, яғни мемлекеттік қызметкерлермен қатар қала тұрғындары да жұмыла атсалысып жатқанын осы уақытқа дейін де жазған едік. Енді мұндай қоғам болып жұдырықтай жұмылатын іске мектеп жасындағы балдырғандардың да тазалыққа бей-жай қарамай белсенділік танытып жатқандығы əлеуметтік желіні шарлады. С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының 6-сыныбына қадам басқалы тұрған 11 жасар Нұрболат Тасболат көпке үлгі көрсетті.
Осы ретте қала әкімі Рашид Абатұлы Нұрболат Тасболатты жеке қабылдап, алғыс хат пен жаңа оқу жылына қажетті сый-сияпаттарын ұсынды.
«Осындай баланы тәрбиелеген ата-анасына алғыс білдіремін. Жасына қарамастан қоғамдық іске үлес қосқанын әлеуметтік желіден көріп қуандым. Қала дамуына көрсеткен көмегіңіз үшін рақмет! Болашақта халқына аянбай еңбек ететін іскер азамат болсын!», – деген тілегін білдірді.
Жаз келсе ойын-сауықтың легінен шықпайтын кішкентайлардың мұндай іске атсалысуы олардың ата-анасы мен мұғалімдердің берген жемісті тәрбиесінің нәтижесі. Нұрболаттың анасы Әсемкүл Дәменова «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мекемесінің қызметкері. Көпбалалы ана төртінші ұлы Нұрболаттың мектепте де әрдайым кішіпейілділік танытып, көмек қолын созып жүретінін алға тартты. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қаладағы күл-қоқысты тазартып, қара жұмыспен айналысатын ана кешкісін үйіне шаршаңқы қайтатынын да жасырмады. Оны көрген бала анасына қолғабыс етіп, көмектесу үшін жұмысына сол күні бірге барған. Басшылық кішкентай баланы еріксіз жұмысқа салды деп үйге қайтаруын сұраған. Дегенмен анасына шын жанашырлық танытып, оның бір күні қалай өтетінін бақылаған ұлдың ісі егде жастағы азаматтардың назарын аударған екен. Осылайша, анасына шынайы көмек қолын созған балғынның бұл ісі елдің есінде қалды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».