Тумасынан талай қиыншылықты бастан кешкен аталарымыз бар. Елім, жерім деп өмірден өткен сол аталарымыздың ұрпақтары да бүгін бір ауылдың ақсақалы болып отыр. ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен, аудан орталыған қашық құмды ауылдарда түйекеш болған. Соғыс жылдарынан кейін колхоз және совхоздарда диханшылықпен, мал және су шаруашылығымен, айналысқандардың бірі — Налше Бекшораев ақсақал.
Жетісай ауданы Жаңаауыл әкімшілігі Қарой ауылының тұрғыны Бекшораев Налше ақсақал 1921 жылы Жиззақ облысы Фариш ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан жастай жетім қалған бозбала Налше еңбекке ерте араласты. Балалық шағы ашаршылық нәубетіне тура келгендіктен мектепте оқып сауат ашуға мүмкіндігі болмаған. Өз заманының қиыншылықтарына байланысты күн-түн демей барлық жұмыс түрлерін істеуге мәжбүр болған.
Ауыл тұрғындары арасында еңбекқор әрі қарапайым шаруа адам ретінде зор абыройға ие болды. Жұбайы Бекшораева Өлмес Серікбайқызы екеуі отандасқан 63 жыл ғұмырларында 8 қыз, 3 ұл тәрбиелеп, олардан 43 немере, 42 шөбере сүйіп отыр.
Осы аталған мерей тойға арнайы келген Жаңа ауыл округінің әкімі Нұрлыбек Бақтияров арнайы барып құттықтау хатын тапсырып, кеудесіне «Саналы ұрпаққа өнегелі тәрбие беру жолында еткен еңбегі үшін» медальн тақты.
Сондай-ақ, ауылдас ағайындары қарияға ат және автокөлік мінгізіп, иығына шапан шауып, сый-құрметтерін көрсетті. Нәубет жылдарындағы қиын тағдырын көзіне жас алып еске алған қария, қазіргі жастарды барды қадірлеуге, аянбай еңбек етуге, шақырып өз батасын берді. «Жаңбырменен ел көгерер, батаменен ел көгерер».