2019-жылдың 6 айында Қараспанда 6459 гектарға ауылшаруашылық дақылдары егілген. Бұл жерлерге 17 канал (93,8 шқ) арқылы ағын су жеткізіледі. Сондай-ақ, биыл суғармалы жердің көлемі 200 гектарға ұлғайтылып, 60 гектарға тамшылатып суғару әдісі енгізілген. 5 гектарға қарқынды бау орналастырылып, 3,8 гектар жылыжай іске қосылған. «Сыбаға» бағдарламасымен — 52 ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен — 27 асыл тұқымды жылқы, «Алтын асық» бағдарламасымен 300 уақ мал алынған.
Аудан әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы ауылшаруашылық саласында үш жақты келісім-шарт түзу барысында ауылдардың ерекшелігі ескерілуі тиістігін атап өтті. Әсіресе, жер игеруде есептіліктің қателігінен олқылықтар орын алатынын тілге тиек етті. Қараспан ауыл округінің әкімі Қуанышбек Зиябекке ветеринария, кәсіпкерлік саласына қатысты сын-ескертпелер айтылып, салық саясатын жүйелеу тапсырылды. Таза ауыз су, табиғи газ жүйесін жүргізуде аса мұқияттылық таныту, тұрғындарды 100 пайыз қамтуды ұйымдастыру қажеттігі де ескертілді.