Жетісай ауданынан 30 километр қашықтықта орналасқан Мақталы ауылдық округіне қарасты, ынтымағы жарасқан берекелі «Алмалы» деген ауыл бар. Бұл ауылда 159 тарта тұрғын үйде 1187 адам тұрады.
Алмалы ауылының бір ерекшелігі мұндағы дүкендерде мүлдем ішімдік сатылмайды. Бұл ауыл қарияларының белсенді жұмыс жүргізуінің арқасы. Ішімдік сатылуын тоқтатқалы ауылдың берекесі артып, тыныштығы бекем болып келеді. «Басында мұндай жұмысты жүргізу қиындық тудырғаны рас. Ішімдік сатпауын айтып кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Уақыт өте келе ішімдік сататын дүкеннен сауда жасауды тоқтаттық. Біздің мақсатымыз біреудің кәсібін аяқтан шалу емес, керісінше ауыл жастарына өзіміз үлгі болып, өскелең жастарды жаман әдеттен бойын аулақ ұстауына өз үлесімізді қосу болатын. Ішімдік ішуді тоқтатуды жалғыз өзім емес ауыл болып күрестік. Нәтижесінде 8 айда толықтай дүкен сөрелерінен спиртті ішімдіктер алынып тасталды дейді» ауыл биі «Хазірет Біләл» мешітінің бас имамы Жастаев Елеусін ақсақал.
Елдегі ынтымақтастықтың тағы бір үлгісін осындағы №65 «Достық» ЖОМ директоры Тілеубеков Рахмет айтып берді. Мектеп директорының айтуы бойынша, соңғы уақытта ел ішінде ұрыс-жанжалдар мен дау-дамайлар, тіпті ажырасу сияқты отбасылық араздықтардың көбісін құзырлы органдарға шағымданбай ауыл қарияларына барып солардың қатысуымен жағдайды талқылап шешеміз. Қазіргі таңда ел ішінде үлкенге бағынып ақылдасып жұмыс істеу дұрыс жолға қойылған дейді.
Бұдан бөлек ауыл қариялары осы ауылға еншілес орналасқан «Жібек жолы» елді мекенінің қарияларымен біргелесіп ішімдік сатудың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр екен.
Жалпы Мақталы ауылдық округі жайында қысқаша мәлімет беретін болсақ, мұнда 5 мектеп, 5 балабақша орналасқан. Ауыл халқының саны 9033. Жалпы егістік көлемі 8385,9 гектарды құрайды. Оның 5166 гектарына мақта, 1400 гектарына баубақша, 720 гектарныа жүгері, 120 гектарына күріш дәнді дақылдары егілсе, 295 гектарына көкөніс өнімдері егілген. Ал, Алмалы ауылы бойынша қысқаша мәлімет беретін болсақ мұда жалпы егеістік жер көлемі 1490 гектарды құрайды. Оның ішінде 410 гектары баубақша өнімдері болса, 970 гектарына шаруалар мақта еккен.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі