Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу маусымына дайындығы мен тиісті атқарылған жұмыстары жөнінде өткізілген баспасөз мәслихатында бұл сұрақтың нақты жауабын естік.
Осы басқосуда басқарма басшысы Әлі Алтай Сембекұлы сондай-ақ, ауыз-су, кәріз жүйесі, электр қуаты, табиғи газ бен қамтамасыз ету және аялдамалар мен мерекелік безендіру жұмыстары жайлы да кеңінен тоқталып өтті.
Биылғы жылы ең бастысы қылышын сүйреп келе жатқан қыстағы жылу маусымына дайындық қандай екен деген ойда болдық. Қысқасы, қыстан қала тұрғындары тоңбай шығуына көп тірліктер атқарылыпты.
Қысқы маусымның дайындық жұмыстарына 654,7 миллион теңге қарастырылыпты. Мекеме қоймасында 830 тонна (100 %) мазут бар екен. 17,9 км. ішкі жылу жүйелерінің ағымдағы жөндеуіне 500 млн. теңге, 18,8 км. жылу жүйелерін қымтау жұмыстарына 200 млн. теңге қарастырылыпты. Қала аумағында орналасқан 412,9 км. магистриалдық және ішкі орамдық жылу жүйелерінде тексеру жұмыстары толығымен жүргізілген.
«Қуатжылуорталық-3» МКК балансында 10 жылу қазандығы, 15 сорғы станса және 3 бойлер бар екен. 393,8 км. магистриалдық және ішкі орамдық жылу желілерінің гидравликалық сынақтан 100 пайыз өткізілген. Бүгінгі күнге дейін жылу құбырларын ауыстыру толығымен аяқталған.
Қала аумағындағы 1889 көп қабатты тұрғын үйлердің 90 пайыз ішкі жүйелеріне қысқы қысымдау жұмыстары жүргізілген.
Осы цифрлар мен фактілердің өзі қала тұрғындарының қысқы маусымнан қиналмай шығатынына дәлел бола алатын сияқты.
— Қыс мезгілі келгенде кейбір тұрғындардың пәтерлерінде жылу қысым төмендеп, суық болып жатады. Бұл мәселе қалай шешіледі? деген сұрағымызға. Басқарма басшысы Алтай Сембекұлы былай деді: — Кез келген қала тұрғындары бұл мәселе бойынша ауызша да, жазбаша да шағымдана алады. Біз мұндай мәселеге бей-жай қарамаймыз. Тез арада шешімін тауып, тиісті көмек көрсетеміз.
Енді қаладағы айқай-шуы көп қоқыс шығару мәселесі төңірегінде пікір-таластар туындап, көптеген сұрақтар қойылды. Басқарма басшысы Алтай Сембекұлы бұл проблеманы өте жақсы білетін басшы болып шықты. Қоқыс тасмалдаушылар мен қала тұрғындарының арасындағы түсінбеушіліктерді ашық айтып түсіндірді. Көбіне көп қала тұрғындары күл-қоқыстарды орынсыз тастап, жауапсыздық, мәдениетсіздік танытатынын орынды сынады. Әсіресе кейбір тұрғындар қаладағы қоқыс контейнерлеріне құрылыс қалдықтарын тастауды әдетке айналдырғанын да жасырмай айтты.
Қоқыс тасмалдау мәселесін түйіндей келе: «Бұл мәселені жаңа жылға дейін нақты шешеуге тырысамыз. Қазір осы өзекті мәселе бойынша ереже жасалып, жан-жақты талқыланып жатыр. Бұған бәріңіздің де атсалысуға толық мүмкіндіктеріңіз бар. Ұсыныс-пікірлеріңізді айтуға болады. Мәселенің бәрін заңдылықты тұрғыда шешетін боламыз. Тасмалдаушы да, тұрғын да жауапсыздығы үшін заң алдында жауап беретін болады» — деді, Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алтай Сембекұлы.
А.Байтұрсынов көшесіндегі бұзылып алынған аялдамалардың қайда кеткені туралы да сұрадық.
— Бұзылып жатқан аялдамалар қала шетіндегі елді-мекендерге тасмалданып, тұрғындардың игілігіне жаратылуда, — деді басқарма басшысы.
Баспасөз мәслихатында қойылған барлық өткір сұрақтарға басқарма басшысы мен орынбасарлары нақты жауап берді.
Бұл халыққа қызмет ететін салада орын алып жатқан проблемалар кезең-кезеңімен өз деңгейінде шешіліп жатқанын байқадық. Ең бастысы қала тұрғындары биылғы қыс мауысымынан тоңбай шығатынына көзіміз жетті.