Елімізде көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға айтарлықтай қамқорлық жасалынып жатқаны белгілі. Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың тоғыз айында атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген 22,3 млрд. теңгенің 14,6 млрд. теңгесі немесе 65,5 пайызы игерілген. Шымкент қаласында 2019 жылдың өзінде 65 500 отбасыға (324 877 адам) 44,9 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты.
Қала әкімінің орынбасары Ербол Әбілхайырұлы сонымен қатар әлеуметтік алушылардың қатарында табысын жасырған 7596 отбасы болғанын қынжылыспен айтты. 2 529 отбасыға 1,530 млн. теңге тағайындалған төлемдер толық тоқтатылған. Оның 70,6 млн. теңгесі бюджетке қайтарылған. Бүгінгі таңда, 271 отбасыға хабарландырулар таратылып, оның ішінде 3 отбасы 828,4 мың теңге өз еркімен бюджетке қайтарған.
Қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр «Ең бастысы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда масылдыққа жол бермеуміз қажет. Халықты еңбек етуге дағдыландыруымыз керек,» — деп нақты кесіп айтты. Өте орынды пікір. Атаулы әлеуметтік көмек алғысы келгендер арасында «алма піс, аузыма түс» деп оңай жерден олжа алуға әрекеттенген. Табысын жасырғандардың арасында астына мініп жүрген қымбат «джиптері» және көпқабатты зәулім сарайлары бар пысықтар да кездесіпті. Осы қаржыны алу үшін кейбір отбасылар өз шаңырағын шайқалтуға, ажырасуға дейін барған.
Мұндай кемшіліктердің орын алуына бір күнде осы атаулы көмекті алуға 1000-2000 дейін отбасылар өтініш беріп, әуре-сарсаңға салынған. Мұндай нөпірді бақылау мен қадағалау азғантай қызметкері бар басқармалардың шамасы да келмеген. Бұл жерде алаяқтық фактілері жиі орын алған. Табыс пен жылжымайтын мүліктерді жасыру етек алып кеткен. Бұл алған олқылықтар реттеліп келеді.
Біріншісі – көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірліген жәрдемақыны ұсыну, бұл ретте көпбалалы отбасы – аз қамтылған отбасы деген қағида алынып тасталынды. Сонымен қатар, бұл көпбалалы аналардың материалдық және әлеуметтік дәрежесіне қарамай авторитетін мойындау болып табылады және елімізде бала туу көрсеткішін жоғарлатады.
Сондықтан көпбалалы отбасылар үшін республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы еңгізіледі.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды және барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп кәмілеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленеді.
Бұл төлемнің мөлшері отбасыдағы бала санына байланысты дифференциалды болады, орта есеппен әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды. 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған жәрдемақыдан 4-7 есе артық болады, — деп қала әкімінің орынбасары көпбалалы отбасыларға қосымша қолдау болатынын айта кетті.
Аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Одан соң барлық атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы балаларға заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакет ұсынылады.
Баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Ербол Әбілхайырұлы барлық сұрақтарға нақты, тиянақты жауап берді. Бұл әлеуметтік саланы өте жетік білетінін байқатты. Президентіміз Қ.Тоқаевтың атқарушы биліктегілердің халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуін, олардың қал-жағдайын, мұқтажын жақыннан біліп отыруды да баса айтқан болатын. Баспасөз мәслихатында осы мәселені көтеріп, осында отырған әлеуметтік салаға жауапты басшылар Дархан Беласаров пен әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқарма басшысы Ғалымжан Балтаевқа тікелей осы сұрақты қойдық. Бұл сұраққа нақты жауапты Ербол Садыр мырза айтып бере алды.
Ол кезінде «Өрлеу» бағдарламасы аясында осы атаулы әлеуметтік көмектермен тікелей айналысыпты. Сол кезде қазіргі көкейкесті мәселемен бетпе-бет жиі кездесіпті.
«Мысалы, тігінші әйелдің осы бір кішігірім атаулы көмекпен аяғында тік тұрғанын өз көзіммен көрдім. Сайрам ауданында 800 мың теңге алған дәнекерлеуші бір емес екі жылыжай салып табысқа кенелгенін ұшыраттым. Аз ғана атаулы көмекпен тауық алып, жұмыртқа сатып бөдене мен түйеқұстарын көбейтіп біраз адамды жұмыспен қамтыған азаматтарды кездестірдім. Сондықтан масылдықтан құтылып, еңбек еткендердің еңбегі жемісті болмақ. Әрине біз халықпен қоян-қолтық араласып, олардың мұң-мұқтажын тыңдауға әрдайым жағдайын білуге ынталымыз,» — деді халық қызметшісі болып жүрген Ербол Әбілхайырұлы.
Алдағы уақытта да бұл әлеуметтік мәселе күн тәртібінен түспейтін болды.