Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясында түрік этносының Қазақстанда тұрып жатқанына 75 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өткізілді. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Акынжы, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шарада сөз алған Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Акынжы Ахыска түріктерінің сталиндік саясаттың салдарынан Қазақстанға күштеп жер аударылып, зардап шеккеніне тоқталып, қиын-қыстау заманда құшағын аша қарсы алып, бір үзім нанын бөліскен қазақ халқына ризашылығын білдірді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов түрік этно-мәдени бірлестігінің өкілдерін мерекемен құттықтап, Қазақстан тәуелсіздік алғанда ең алғаш Түркия құттықтағанын атап кетті. Және де өңіріміздегі 7300-ге жуық түрік азаматары сыйластықпен, достық қарым-қатынаста өмір сүріп жатқандығын алға тартты.
Салтанатты жиында ел ағалары мен ардагерлерге естелік кәдесыйлар, қаладағы қоғамдық іс-шараларға үлес қосқан этно-мәдени бірлестіктің белсенді мүшелеріне Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатарын табыстады.
Мерекелік жиында көпшілікке түрік халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары кеңінен таныстырылып, жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламамен жалғасты.
Айта кету керек, Қазақстандағы түріктердің дені қазіргі Грузияның оңтүстік-батыс аудандарынан жер аударылып келген. Оларды «Ахыска түріктер» деп айтатыны содан. Сталиннің қатыгез саясатының құрбаны болған түріктер жүзмыңдаған болған. Нақтырақ 5502 мыңдай түріктің 17 мыңға жуығы жолда аштан өлген екен. Бұл кісілер 1-ақ түнде туған жерлерінен күштеп көшірілген еді. Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген түрік халқы жан сақтауды ғана ойлаған кездерін бастан кешірген. Қазақ халқының бауырмалдылығын сезініп, көпшілік түрік бауырлар аман қалған.
(фото Б.Сейітжаппар)