ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ КАДРЛАРЫ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ЕМЕС, «ЖЕЙТІН НАНЫН» ОЙЛАП КЕЛДІ МЕ ЕКЕН?
«Елу жылда ел жаңа» деген. Еліміздің болашағы білікті жас кадрлардың қолында десек артық айтқанымыз емес. Түркістан облысының әкімдігіне қарасты біраз басқармалар, соларға бағынатын мемлекеттік мекемелер іскер кадрдың қадірін енді түсіне бастаған секілді. Қолдағы бар алтынның бағасын білмейтін әкімнен құтылғанымыз дұрыс та болған шығар. Шет елде жинаған тәжірибелерін министерлер мен әкімдеріміз туған халқының жағдайын жақсартуға жұмсамаса ол да өкінішті.
Еліміздегі, өңіріміздегі барлық үлкенді-кішілі әкімдікке қарасты басқармалар мен мекемелердің барлығына топырақ шашудан аулақпыз. Бұл мақалада шіренген шенеуніктердің тыныс-тіршілігіне сараптама жасап, ұғынықты ой айтсақ деп отырмыз.
Мемлекеттің қомақты қаржысын өз арнасына бұрып алған облыстағы кейбір басқармалардың бюджетке де, халыққа да пайдасынан зияны көп, бір-бірінің тірлігі мен жоспарын қайталап жүрген бағынысты мекемелер жоқ емес. Бұл туралы қаншама сындар айтылып, жазылып та жатыр.
«Ұлт жоспарының 97 қадамында Президент мемлекеттік функцияларды беру арқылы шағын үкіметке өту керек деген болатын. Яғни, мұнда мемлекеттік органдардың бюджеті мен мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту жайында айтылып отыр. Біз осы мәселе бойынша екі сауал жолдадық. Біз «егер функцияларды берсек, сәйкесінше шенеуніктерге кететін шығындарды да қысқарту керек және босаған шенеунікті жұмыстан шығару керек.
Яғни, бізде 18 миллион халыққа 100 мың шенеуніктен келеді. Ал, Жапонияда 128 миллион халыққа 9 мың шенеуніктен келеді. Жапонияда 14 мың адамға 1 шенеуніктен келсе, Қазақстанда 180 адамға 1 шенеуніктен келеді екен. Яғни, еліміздегі шенеуніктердің саны Жапониямен салыстырғанда 80 есе көп. Бұл не деген сұмдық! Енді, Жапония мен біздің экономикалық дамуымызды қараңыз. Жауап анық қой.» — деген ойын айтқан ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашов. Бұл пікірді ол тектен-тек айтпағаны айдан анық. Елдегі шенеуніктер саны қысқарған сайын, тіпті жер қойнауында шикізаты жоқ мемлекет те байып, дами түседі екен. Бұған бір ғана Жапония мысал. Ал, жер қойнауы бай мемлекет кедейленіп, қарызға белшесінен батып жататын сияқты.
Әсіресе, Түркістан аймағында Өмірзақ Шөкеевтің басқармаларды біріктіріп, қайта құруында бір гәп бар сияқты. «Ауруын жасырған өледі» демекші, шенеуніктер армиясы көбейгенімен халықтың жағдайы жетісіп кетпейтіні біліп, алдағы уақытта бұл жағдайды түзетпек ниеті бар көрінеді.
«Жаманды айтып, жақсыны тақап қой» дегендей, жаңа облыста әкім болған Жансейіт Қансейітұлының кезінде атқарылған «игі» тірліктерге тоқталуды жөн көрдік. «Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі» демекші, тырнақ астынан кір іздеп, Ж.Түймебаевты біржақты жамандаудан аулақпыз. «Жаман адам болмайды, жамандығы жақсылығынан көбейіп кеткен адам болады» депті бір данышпан. Осы әкім тұсында қу құлқынына тосқауыл қоя алмаған кадрлар көбейді. Бұл орын алған жемқорлық келеңсіздігі туралы Елбасымыз Н.Назарбаев «Нұр Отанның» жиынында Ж.Түймебаевқа қатты-қатты батырып сын айтқан. Тіпті, бұл өңірде жұмысқа тұру үшін аула сыпырушыдан да пара алынатыны жайлы ашық айтты.
«… Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі,» – деген болатын Түркістан облысына тұңғыш рет іс-сапармен келген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шынында, әсіресе Президентіміз айтқандай келеңсіз тірліктер елімізде аз емес. Осы көзбояушылық іс-шаралар үшін қаншама қаржы желге ұшты? Оның шығын мен зиянын есептеп жатқан ешкім жоқ.
Ж.Түймебаев жаңа облысқа әкім болған тұста көзбояушылық көрмелер мен іс-шаралар көбейіп, «пиарлар» таусылмады. Мысалы, «қауын фест», «қызанақ фест», «палау фест», «қызғалдақ фест», «қарбыз фесттер» және бір форматта өткен жәрмеңкелер мен көрмелерге халық куә болды. Осы «фесттер» мен көрмелерге жұмсалған миллиондған қаржы мен әуре сарсаңға түскен алтын уақытты есептей беріңіздер. Халықтың: «… «фесттерден» мүйіз шыға ма? Басқа істейтін істерің жоқ па?» деп, айтқан ескертпелерді ешкім құлағына қыстырған жоқ. Көрмеге, «фесттерге» қатысушы облыс шаруалардың да ығыры шығып, тірліктері тоқтап қалғаны рас. Осы көзбояушы «фесттерді», көрме мен жәрмеңкені ұйымдастырушы Түркістан облысының «Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» мен оған бағынышты мекемелер, кәсіпкерлік палатасы сынды басшылығы өз есептерін түгелдеп отырған да сияқты. «Қарқынды жұмыс көрінісін» жетік меңгерген басшылардың жоғарыдағы басқармалармен бірігіп, бюджеттің қаржысын уыстап шашқан болса оған таң қалмаймыз. Көрмелерді, жәрмеңкелерді ұйымдастыруға бюджеттен миллиондаған қаржыны бөлдірткен қаржылардың есебін сыбайлас жемқорлықпен күрес басқармасы, прокуратура т.б тексеруші органдар анықтап бере жатар.
Кеткен әкімнің артынан жақсы-жаман сөздердің ілесуі заңдылық. Елбасымыздың сенімін толықтай ақтамаған Ж.Түймебаевтың шала тірліктері артынан ашылып жатыр. «Фестқұмар» әкімнің тұсында да айтылған, жазылған сындар көп болды. Түймебаевтың үлкен қателіктерінің бірі кадр таңдауынан басталғандай. Түркия елінде көп жылдар елшілікте болған Жансейіт Түймебаевтың жаңа облыс құрылып, топалаңы шығып жатқанда, кадр таңдауда «қолыңнан келсе, қоншыңнан бас» деген тірлік жасап кеткендей. Олардың орынтақтарына айналасына бұрын өзімен қызметтес болған және тәжірибесі жоқ туыс-жақындарына сенім артуы жағымсыз қоғамдық пікірлердің тууына әкеп соққандай. Жалпы, «фестқұмар» әкімннің тек кадр таңдауда ғана емес, облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бетбұрыстар жасай алмағандығы ашық айтылып, сараптамалар да жасалуда.
Ж.Түймебаевтың тұсында айналасындағы «ақылшылары» «түймедейді түйедей етіп» жеткізетін жаман әдет қалыптастырғандай. Өзі таңдаған кадрлары бір-бірінің аяғынан шалып, «соғысып» жүргенін көпшілік гу-гу әңгіме етіп, айтып та жүрді. Мысалы, Ж.Түймебаевтың сол кездегі орынбасары болған Бауыржан Жамаловтың «құлақтар соғысында» құрбан болып, қызметтен кеткені айтылады.
Б.Жамаловтың орнына облыс әкімі орынбасары қызметіне келген Ербол Тасжүрековтың бір жылға жуық уақытта үні де естілмей, сөз етерлік ісін де көрмедік. Ал, кәсіпкерлердің пікірін, өзекті мәселелерін тыңдау үшін ұйымдастырған «Ашық есік» іс-шарасында Е.Тасжүрековтың жүрегі «тас» екенін байқадық. Айтылған сөз, айтылған айтылған жерде қалды. Бұрынғы облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлерге көмектесуге ниеті жоқ екенін байқатып қалды. Жиынға келген кәсіпкерлер алтын уақыттарын тағы да жоғалтты. Кәсіпкерлердің айтылған мұңдары қолдау таппай, жиын айналасында бос сөздер көп болды. «Ашық есік» жиынына келген шаруалар жалған ұрандар мен өздерін мақтау-мадақтауға бейім қамқоршысымақ басшылардың жас баладай тәтті сөздеріне алданып қайтты. Алайда, ашынған кәсіпкерлер Қ.Бәйтөреге және де басқа басшыларға: «… Тоқташы. Сен бізді тыңдауға келдің бе? Әлде, біз сенің жарнамаңды, өтірік әңгімеңді тыңдауға келдік пе? Шаруамызды шеше алмай тұрғанда. Қыстырылмай, уақытымызды зая алмашы.» деп, бетін қайтарып тастады. Жиынға қатысқан «Атамекен», «Ауыл шаруашылық басқармасы», «Оңтүстік» АИО» ЖШС-нің басшыларының «ертегі» істері осылай айтылды. Елдің ертеңін ойлайтын кәсіпкерлердің еңсесі осылай басылды. Соңында, «сырты бүтін, іші түтін» «Оңтүстік» АИО» ЖШС-нің төрағасы Қуаныш Бәйтөре ақылға қонымсыз, жағымсыз жарнамалау тірлігінен осы жиында осылай шаруалардан таяқ жеп, наразылығына тап болды.
Жалпы, Жансейіт Түймебаевтың кейбір бейтаныс кадрлары жергілікті басқармаларға, мекемелерге шахмат тақтасындағы қатардағы қарапайым пешкіден, ірі піл, ладья, ферзь сынды фигураларға айналды. Жоғарғы лауазымдарға еш кедергісіз көтеріліп кеткендігіне қарапайым жұрт таң қалды. Облыстағы білікті кадрлардың кейбірі Ж.Түймебаевтың әділетсіз шешімнен жұмыссыз қалып, саясат сахнасынан шеттетіліп кетті. Мәселен, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Кентау қаласының бұрынғы әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев, Сарыағаш, Төлеби аудандарының бұрынғы әкімі болған Бұхарбай Парманов т.б. қызметтен кетуі себебін қарапайым халық әлі күнге дейін біле алмады. Ж.Түймебаевтың жақын кадрлары «әкім ағаң болса, қонышыңнан бас» дегенді мақсат етіп, менмендік пен тәкапппарлық қылықтар танытып, ешкіммен санаспауды шығарды деген де гу-гу әңгіме естіп жатырмыз. Тіпті, мүлдем басқа саладан келген «пешкі» деңгейіндегі кадры маңызды саланың басшысы болып тағайындалып, айды аспанға шығарғаны да айғақталып жатқандай. «Шаш ал десе, бас алатын» кейбір кадрлары жылы орыннан айырылмау үшін жанталасып жатыр дейді білетін жұрт. Ж.Түймебаев сенім артқан кадрлардың арасында абыройы мен ұяты барлары өз еркімен чемоданын жинастырып жатқан көрінеді.
Түйетаев Балтабек