МҰСЫЛМАННЫҢ ҚАРУЫ

Алланың мейірімі!

Алла Тағаланың кереметтерін айтып тауысу мүмкін емес. Сонда да болса, өзімнің басымнан өткізген төмендегі оқиғаларды Сіздерге баяндайын.   

Жаз кезі. Ойда-жоқта Алланың қалауымен бір танысымды кездестірдім. Оның айтуы бойынша «қаладағы іргелі жоғарғы оқу орнында магистратураға емтихан қабылдап жатыр екен. Бірінші жылы шет елде, екінші жылы өз мемлекетімізде оқуды жалғастыруға мүмкіндік беріледі дейді. Соған сен де құжаттарыңды тапсырсаңшы. Ендігі кезде білім талаптары да күшейуде. Құдай саған сондай мүмкіндік беріп тұрғанда неге пайдаланбайсың»? – деп, ұсыныс жасады. Мен оған табан астынан не дейін:  

– Ойланайын, ақыл таразысына салайын, – деп қоя салдым. Үйге келген соң, көп ойландым. Құдайдың пендесі болған соң, ойыма неше түрлі ойлар келді. «Мына заманда ақшасыз ешнәрсе бітпейді, сенің білімің кімге қажет?» – деген шайтани ойлар да санамды сан-саққа жүгіртті. Енді бір ойым: – Сен жас емес балалы-шағалы адамсың, не бар саған итжеккенде? – дейді… Сонымен не керек, «өтпей қалсам, тонымды ешкім шешіп алмайды ғой» деп, қанша жерден тартыншақтасам да бір Аллаға сиынып, қажетті құжатарды тура мерзімі аяқталатын күні өткіздім. Себебі, «Алла өзіне тәуекел етушілерді жақсы көреді» – деген жазуды мешітте оқығаным бар еді.        

Емтихандардың бәрін ойдағыдай тапсырдым. Ендігісі нәтижені күту ғана қалды. Ақырын Аллаға салып, өз жұмыстарымды істеп жүре бердім. Тамыз айының соңғы бір күнінде таңертең телефон шылдырлайды. МашАлла, сөйлесіп тұрған хатшы қыз мені ертесінде болатын конкурстық әңгімелесуге шақырып тұр. Енді мен шындап сасайын дедім. Өйткені әлі ешнәрсеге дайын емеспін ғой.      

Қысқасы, мен конкурстан өтіп, 11 қыркүйекке ұшаққа билет алдым. Аз ғана күннің ішінде медициналық тексеруден де өтіп, отбасымды бір Аллаға тапсырып, тәуекел етіп, Жаңасібір (Новосибирск) қайдасың деп тартып кеттім.

 Емтиханнан өту.

Барғаннан кейінгі барлық жағдайларға тоқталмай-ақ, негізгі тақырыпқа қажеттілерін айтайын. Мен оқитын «Жаңасібір мемлекеттік университеті» орналасқан Академиялық қалашық өте көрікті, ауасы таза, ықшамды, бірақ мешіті жоқ  қала екен. Біз барғаннан кейін келген Құрбан айт мерекесін атап өттік. Тобымызда әр ұлттың өкілдірі бар. Әсіресе, тәжік ұлтының ұл-қыздары көп болды. Олардың ішіндегі Даврон деген жігіт, туған інімдей болып кетті. Ол академиядағы сабақтар оңай емес екен. Парақорлық мүлдем жоқ. Білім деңгейі де салыстырмалы түрде алғанда, аспан мен жердей. «Экономикалық талдаулар мен есептеулер» пәнінен сабақ беретін апайымыз қатал-ақ. Лекциясында жазып үлгерсең үлгердің, үлгермесең өз обалың өзіңе. Сессия кезінде сол  емтиханан құлап жатқан бір адам. Шынын айту керек,  өзім оқытушы болсам да «өте жақсы баға» алу қиын болды. Сонымен емтихан сұрақтарын алып, түнімен дайындаламыз.  Алла жар болып, мен емтиханнан жақсы баға алдым. Басқа көптеген магистранттар құлап қалды. Олардың ішінде Даврон да бар еді. Қатты қиналған ол менен «не істесем болады?» – деп кеңес сұрады. Мен  оған: «Сен намаз оқы, әрбір намаздың сонында дұға қыл, сонда сұраған тілегіңді Алла береді», – деп ақылымды айттым. Ол айтқанымды істеп, бес уақыт намаз оқи бастады. Үш бас үтір уәжіп намазынан кейін «құныт дұғасын» жаттаумен қатар, емтихан сұрақтарына да дайындалып, дұға жасап отырды.  Алла жар болып, басқалардан бір өзі емтиханнан өтті. Содан бері намазын қаза қылмай, ИншаАлла толық тілімен де, тәнімен де нағыз мүмін мұсылман болды.

Мұсылманның қаруы – дұға

9-Мамыр Жеңіс күніне орай «шахматтан жарыс болады» дегеннен кейін, жарысқа қатысып, жеңімпаз болсам деген ой келді. Кітапханаға барып, қажетті кітаптарды алып дайындала бастадым. Ол туралы мұсылман жамағатымыздың басшысы Айнуддин бауырыма айттым. Олар бұл ойымды құп көріп, жамағат болып оқыған әр намазымыздың соңынан дұға қылып отырдық. Көптен күткен күн де келіп жетті-ау.  Жаңасібір қаласында өтетін «Аура» кубогі үшін ашық жарысқа қатысушылар көп жиналыпты. Академқалашықтағы көптеген талапкерлерді іріктеп, мықты ойнайтындарын ғана жарысқа жіберетін болып ұйғарды. Мен бұл іріктеуден қиналмай өттім.                

Жарысқа қатысушылардың көбісі спорт шеберлері, халықаралық шеберлер, 1 гроссмейстер болды. Ал мен болсам, бары-жоғы спорт шеберлігіне кандидатпын. Жан-жағыма қарасам, арамызда менен басқа бір мұсылман жоқ. Барлық ойыншылардың қастарында жанашыр адамдары бар. Қажет болса ішетін суын әкеліп, бәйек болып жүреді. Ал менің қасымда, сиынған Алламнан басқа ешкім жоқ. Сонымен не керек, бір күн үзіліссіз болған жарыста ақтық сынға гроссмейстермен шығып чемпион атанып, Аллаға үш мәрте «Аллах Акбар» айттым. Осы жарыстың қорытындысында менің «спорт шебері» нормасын орындағаным жарияланды. Жарыс біткеннен кейін жатақханаға келсем, жауапкершілікті енді сезгендей аяқ-қолдарым дір-дір етіп дірілдейді. Мұсылман бауырларым жүр қуанып. «Сонша орыстың арасынан 1-орынды алу оңай ма» – дейді тәжік бауырларым. Міне, дұғаның қасиеті, әйтпесе мен кәсіпқой шахматшы да емеспін ғой.

Ребекканың Рабиға атануы…

Дәріс алу барысында ағылшын тіліне деген қажеттілік болды. Сол мақсатта осында оқуға келген америкалық биолог-ғалым Ребекка Бирден атты қызбен таныстым. Оның да «қазақ тілін үйренсем» деген ниеті бар екен. Содан ол менің бөлмеме келіп, Даврон үшеуміз ағылшын тілін үйрене бастадық. Намаз уақыты болғанда сұранып, намаз оқуға кірісемін де, Ребекка ноутбукпен қалады. Сөйтіп, Құдайдың  күндері жылжып өтіп жатты. Арада 2-3 ай өтті. Мамыр айы басталып, елге қайтамыз деп жүргенбіз. Бір күні «памдатты» оқығалы жатқанымда, бөлмеме Ребекка келді. Ой, Алла-ай! Бет-аузын, әуреттерін жауып, орамал тартып алған. Таңданғанымнан: 

– Are you crazy? ( Сенің есің ауысқан ба?) деппін ғой. Ребекка болса беймарал күйде:  

 – Сіз неге олай дейсіз? Менің Исламды қабылдағаным жөн емес пе? – деп, таза қазақ тілінде жауап қатты. Мен абдырап, аузыма сөз түспей кешірім сұрай бердім. Айып етпеңіздер, мен Ребекканы әзілдеп, ойнап жүр екен деп ұғыппын.  Содан азан шақырып, кәлима шахаддат айтып, атын РАБИҒА деп ауыстырдық.    

Міне, Раббәнә Кәримнің кереметтері. Қаншама рет өз қандастарымызға арақ-шарап, зина – азғындықтың, шайтанның жолы, харамға жоламаңдар, намаз оқыңдар деп айтқанменен, Алла тағала иман бермесе қиын екен. Ал осы айдаладағы Американың Техас штатынан келген Рабиға қарындасымыздың иман тапқанына мен және басқа да мұсылман бауырлар жүрегіміз жарылардай қатты қуандық. Елге қайтарда Рәбиға қарындасыммен қимай-қимай қоштасып, ұшаққа мініп кете бардым. Аллаға тапсырдым сені қарындасым Рәбиға. Қай жерде жүрсең де Алла Тағала сені қолдап, қорғап жүрсін.   Әмин! 

Бұдан мынандай қорытынды жасадым, Алла Тағала кімге иман берсе сол байлық екен, бірақ оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Әйтпесе жүр ғой қаншама бірге туған бауырларымыз намаз оқымай. Барлық жағдай жасалса да, ыстық су, джакузи болса да оқымағаны оқымаған, және керісінше, иманы күшейген адам ғана Сібір тұрмақ, басқа алыс жерлерде болса да Алла Тағалының жаратқан пенделеріне бұйырған парыздарын орындайды екен.  Алла Тағала баршаңызға иман беріп, екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін.  Әмин!

Р. S. Арада бірер жыл өткенде хабарласқан Рабиға қарындасым, өзінің Катар елінің азаматы, мұсылман жігітіне тұрмысқа шыққанын айтты.

«Ылайым Алла тағала Сендерді өсіп-өніп, перзенттеріңмен мақтануды нәсіп етсін!»   Әмин!

Яхияев Әбдіқадыр,

Шымкент қаласы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған