ҰСТАЗ ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР

Менің журналист болам, қолыма қалам алып жазу-сызумен айналысамын деген ойым да, арманым да жоқ еді. Әйтсе де, өмір мені болашағыма бағдар жасап, мамандық таңдауыма көмектесті. Ойда жоқ жерден ұстазыммен кездестірді. Ия, өмірлік өнеге көрсетіп, ертеңіме сенім артқан жанмен жолықтырды.

Ең алғаш журналистика саласына қолымнан жетелеп алып келген, қасына өз баласындай ертіп жүріп, білгенін үйреткен сол алғашқы ұстазым – Саржанов Тұрсынхан Құдайқұлұлы болды.

Қолыма қалам алып, әрнәрсені ермекке шимақтап жүргенімде мәтін (текст) жазудан бастап кіммен қалай сөйлесу керектігін, толыққанды материал жасаудың жолдарын, сұрақты дұрыс қоюды, тіпті, микрафонды қалай ұстап, суретке қалай түсіру керектігіне дейін үйретіп, қателерімді талай түзеген еді сол кісі. Кейде жазған материалдарымды бір қарап шығып, қайтарып беретін. «Қай жері дұрыс емес?» десем, «Өзің ойлан, басыңды істет. Бас адамға көтеріп жүру үшін ғана емес, ойланып жұмыс істеуге, өз қатесін өзі тауып түзетуге берілген» деуші еді.

Жалғыз маған ғана емес бүгінде республикалық, облыстық арналарда, редакцияларда еңбек етіп жүрген, Мырзашөл топырағынан түлеп ұшқан көптеген орта және жас буын журналистерінің ұстазы болған Тұрсынхан Құдайқұлұлының тағы бір жиі айтатын сөзі «Өмір өз дегенін істетеді. Ертелі-кеш біздің орнымызға сендер келесіңдер, сендердің орындарыңды жастар басады. Сол кезде көзің тірі болса кімге не үйреткеніңді, қалай үйреткеніңді көресің. Жақсы немесе жаман ұстаз болғаныңа халық бағасын береді. Сол кезде ұятқа қалмауға әрекет жасау керек» дейтін.

Ол кісінің тағы бір қасиеті – сырттан жақсы баға алып жатсақ та шәкірттерін мақтамаушы еді. Сондағысы, еңбегімнің бағасын ел берсін дегені екен ғой.

Аллаға шүкір, Тұрсынхан ағамыздың мықтылығы мен талапшылдығының нәтижесінде тәрбиесін көрген бәріміз де бүгінде журналистика саласында еңбек етіп, нәпақымызды тауып отбасымызды асырап отырмыз.

Алғаш ұжымның не екенін, командалық жұмыстың қалай жасалатынынан бейхабар шәкірттерін балапанын баулыған қыран құстай кейде қиядан төмен тастап та алатын, яғни, енді-енді жазу-сызуды үйреніп жүрген сәттерімізде арыз-шағым, дау-жанжалдарға бірге ертіп апарып көріп-білгенімізді қағазға түсіртетін. Балалықпен жұмыстан кешіккен немесе келмей қалған сәттерімізде әкеміздей ұрысып та алатын. Сол кездерде іштей ренжіген кездеріміз талай болды. Енді ойлап қарасам, бізді жаман болсын деп емес, маман болсын деп ұрысқан екен ғой. «Ұрысты» деп емес, «Тәрбиеледі» дегенім дұрыс болар.

Кейде қиналғанда алдына барып ағалық, әкелік ақылын сұрағымыз келеді, жұмысымыздың барысын айтып мақтанып, жоспарларымызбен бөліскіміз келеді. Бірақ, өкінішке орай олай жасай алмаймыз. Өйткені, бәрімізге білгенін үретіп, өмірге, журналистикаға тәрбиелеп, еңбегінің жемісін көрер сәтте өмірден озды. Алланың ісіне қарсы келер қауқар жоқ бізде.Осы жерде мына бір ұсынысты, ойымды ортаға салғым келеді. Тек Мырзашөл даласының ғана емес күллі оңтүстік өңірінің журналистикасына еңбегі сіңген, өзіндік қолтаңбасы бар, соңғы демі біткенше туған өлкесінің жақсы жаңалықтарын республика көлемінде паш етіп өткен Саржанов Тұрсынхан Құдайқұлұлының есімін, еңбектерін, өмір жолын өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдерінің қолдауымен, демеушілігімен арнайы жүлде тағайындалса біз де шетте қол қусырып қарап қалмас едік. Жыл сайын аудан, облыс журналистері арасында байқау, турнирлер өткізіп «Баспасөз қызметкерлері күні» мерекесінде марапаттаса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, қазіргі қос ауданның әкімі де кезінде Тұрсынхан Саржановпен қызметтес болды емес пе? Еңбегі естен шыға қоймаған шығар?

Сөз соңын І.Жансүгіровтың сөзімен тәмамдағым келіп отыр: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?»

P.S. Менің бұл ұсынысым Мырзашөл жұртшылығынан да, жергілікті биліктен де қолдау табады деген ниеттемін

Бауыржан Найманов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған