«РЕЙТИНГ» – «ҮРКЕР» ҰЛТТЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ

Ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған ең мәртебелі сыйлықты белгілі медиаменеджер Арманжан Байтасовтың қолынан «Рейтинг» газеті атынан осы басылымның абыройын асқақтатуға айрықша тер төккен Жандар Көшенов қабылдап алды. Газет «Үздік аймақтық басылым» номинациясының жеңімпазы болып танылды.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғанға ғана берілетін сыйлық иегері атанған «Рейтинг» газетінің ұжымы аймақтан шығып жатқан басылым бола тұра бүкіл республикаға танылуына, мықтылығын мойындатуға аз тер төккен жоқ. «Рейтингтің» рейтингісі өссе ауызбіршілігі айрандай ұйып қаншама жылдан бері бірлігінің бекемдігін даусыз дәлелдеп келе жатқан ұйымшыл ұжымға көлденеңнен келген көк аттылар емес кілең сен тұр мен атайын дейтін кәсіби журналистер жиналуы басты себеп деп білеміз.

Содан бері 3 жыл өтіпті. Бүгін, 2020 жылдың 13 қарашасында «Үркер» сыйлығының марапаттау рәсімі өтетін тұста осы толқынысты сәт ойға оралып отыр. Санаулы сәттерден соң биылғы жеңімпаз атанғалы отырған Әріптестерімді шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін. Дегенмен тарихта «Рейтинг» сияқты «Үркер» сыйлығының тұңғыш жеңімпазы атанудың ғажабы да, ләззаты да ерекше ғой!

Рейтингтеріңіз жоғары болсын құрметті Әріптестер!

Ғалымжан Елшібай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған