ЖЕТІ ҚАЗЫНА

Бұл әңгіме 2016 жылы болған еді.Бір досым мені шілдеханаға шақырды. Барсам, үй толы адам. Дастархан басында 40 шақты қонақ жағалай отыр. Төрге жайғасқан бірнеше қарияның әңгімесі жақсы екен: арыдағы көне түркі тарихын, орта ғасырдағы Шыңғыс хан дәуірін, Алтын Орданың өркендеуін, берідегі 30-жылдары атылып кеткен зиялылар туралы толғап шықты. Біраздан кейін асығыстау екі-үш қарт ерте қоштасып, шығып кеткен соң төрде отырған қария мені қасына шақырып, босаған орынға отырғызды. Ет желініп болғасын үй иесі: «Сәке, құран оқып, дұға етіп жіберсеңізші», – деп өтінді. Құран оқып, дұға қайырған соң бір сәттік үзілісті пайдаланып, мен де әруақтарға Құран бағыштау дәстүрінің шығу тегі туралы қиссаларды айта бастадым. Қария елең етіп, ұйып тыңдай қалды. Екеуміз сол жерде шүйіркелесе кеттік.

Қарияның көкірегі қазынаға толы екен. Сұрақтарды жаудырды.

– Тағы қандай қисса білесің, айта бер. Мына әңгімең шырын екен. Жасым сексенге тақаса да, тап мынадай қызық қиссаларды бірінші рет естіп отырмын, – деп айызы қанып отыр. Ақсақал СССР кезінде партияның адамы болған. Бірақ қызығы – Совет Одағы құлағанда ешқандай психологиялық соққы алып, дипрессияға түспеген. Дастархан басында мағыналы әңгіме айтып, елді жақсылыққа ұйытып отыратын қасиетінен танбапты. Сұрай келе білдік. Қария кішкентайынан ауылындағы ата-әжелердің аңыз-әңгімесін құлағына құйып өскен екен. Фундаментінде ауыз әдебиеті тұр. СССР құлаған соң партияның өтірігін тастап, баяғы классикалық әңгімеге қайта оралған. Оның бұрынғы партия өкілі екенінен киім үлгісі ғана хабар береді. Ақылды кісі. Денсаулығын да мықтап күткен. Ақыл-есі тұп-тұнық. Өзі бір джентельмен болса керек, зайыбы жетпістен асса да сыны кетпеген салиқалы әйел.

«Тыңдаушы ықыласты болса, айтушы шешен келеді» демекші, мен де көсіліп отырмын. Бір кезде ол:

– Осы сен жеті қазынаға не жатады, соны білесің бе? – деп сұрады. Мен қапелімде сасып қалдым.

– Ой, оның нұсқасы көп қой. Біреулер ананы жатқызады. Біреулер мынаны айтады. Мысалы, «қыран, тазы, жүйрік жылқы, сұлу әйел» деп те жатады.

– Меніңше, соның бәрі қате. Көңіліме еш қонбайды осы айтқандарың.

– Неге? Нақты не ұнамайды сонда?

– Балам, өзің ойлап қарашы. Жеті қазына деген Адам ата мен Хауа ана жерге түскенде тірі қалып, өмірін жеңілдікпен сүру үшін берілген ең қат, ең керек, ең зәру заттар болуы керек қой. Сұлу әйелді қазынаға жатқызсаң, әйел адам еркектің меншікті заты сияқты боп қалмай ма? Сондықтан бұл дұрыс емес. Ер мен әйел тең. Екеуі отау құрып, жұптасқанда ғана дүниеге жаңа бала келіп, адам өмірі жалғасын табады. Сондықтан әйелді қазынаға жатқызуды ақылым қабыл алған емес, – деді.

– Ал жүйрік ат пен қыран бүркіт ше? Олар неге көңіліңізге жақпады?

– Бұл былай. Екеуі де Құдай жаратқан жақсы мақұлық. Қазақтың өмірін оларсыз елестету мүмкін емес. Бірақ жеті қазына дегеннің философиясы өте терең болуы керек. Яғни «Адам ата, Хауа анадан тарадық» деп айтар болсақ, жеті қазына да жалпы адамзатқа бірдей ортақ болуы керек. Ал жүйрік жылқы мен қыран бүркіт қазақтың ғана өмір салтына сән беріп тұрған жануарлар. Бұл екеуі болмаса, адам тіршілігі тоқтап қалады дей алмаймыз. Қыран бүркіт адамды аштан алып қалатын қазынадан гөрі, сауық-сайран салтанатына көбірек ұқсайды. Ал жылқыны Латын америкасындағы үндістер конкистадорлар мініп барғанда бірінші рет көріп таңғалған. Сол сияқты, қыран бүркітті де асырап, аңға салмай-ақ өмір сүріп жатқан елдер қаншама, – деп бір тоқтады.

– Сонда, сіздіңше, жеті қазынаға не жатуы керек?– Меніңше, жеті қазына деген ертеде маңызды боғанмен, осы күні қажетін жоғалтатын нәрсе болмауы керек. Егер ол керектен қалып, қолданыстан шығар болса, оларды «Жеті қазына» деп киелендірудің не қажеті бар?

– Мына логикаңыз маған ұнай бастады. Тарқата түсіңіз.

– Мысалы, сен Робинзон сияқты аралда қалып қойдың делік. Ендігі жерде сен аштыққа, қатерге ұшырамай, тіршілікті ары қарай жалғастырып әкетуге тиіссің. Яғни қолыңда нағыз қазына болуы керек.

– Сонда сіз жеті қазынаны ақылыңызбен елеп-екшеп, өзіңізше іріктеп шықтыңыз ба?

-Жоқ. Оны маған дейінгі ақылды қазақтар іріктеп қойған. Бертіндегі өтірік фольклор жинағыштар ғой, ақылдың сүзгісінен өткізбестен, не болса соны қазынаға қоса берген. Қай жылы екені есімде жоқ, бірде көлікте келе жатып, Қазақ радиосынан хабар тыңдадым. Сонда бір кісі жеті қазынаны осылай логикаға салып, санап шықты. Аты-жөнін жаттап қала алмадым. Есіл-дертім жеті қазынада болды. Сол айтқан нұсқасы керемет ұнап қалды.

– Иә, ол жеті қазынаға нені кіргізді?

– Ең бірінші – шақпақ! От шығаратын зат. Отсыз күнің жоқ – солай ғой? Жылыну керек, тамақты да тек отқа пісіресің. Түнде жағып, жыртқыш аңнан қорғануға да болады. Шақпақ болмаса, тіршіліктің тоқтауы әбден мүмкін. Енді мына жағына назар аудар. Қазір де ас үйде шақпақ тұрады. Үйіңде оттық таусылып қалды делік. Балаңды шақпаққа жұмсамай қашанға дейін отыра аласың? Оттықсыз өміріңді елестете аласың ба?

– Жоқ. Расымен оттықсыз күніміз жоқ. Үйде сіріңке таусылса, мазаң қашады.

– Әне, көрдің бе? Не дейсің енді?!

– Сосын?

– Екінші – садақ! Садақ жасамай ел болған бір де бір ежелгі тайпаны таба алмайсың. Соғыс құралынан бөлек, аңды қашықтан атып құлататын жалғыз құрал – садақ! Аштан өлмеудің кепілі. Әлбетте, кейін отты қару шыққан соң оның орнын мылтық басты. Мылтық дами келе автоматты қаруға айналды. Солай кете береді. Бірақ сонда да түпкі принцип сақталып қалған. Яғни оқ адырнадан ұшса да, оқпаннан ұшса да, алыстағы аңды атып құлатып, адамға азық тауып береді. Қазір де қарусыз ел бола ма? Ішкі-сыртқы әскерің қару асынбай жүре ала ма? Мылтықтың күшінсіз полицияң тәртіп орната ала ма? Сонымен, садақ заманға орай мылтыққа айналды. Келісесің ғой?

– Келісем!

– Ары қарай кеттік. Үшінші – арқан! Иә, кәдімгі арқан. Құдай біледі дейін, арқанды ең бірінші болып шырмауықтан болса да, Адам атаның өзі ескен шығар. Онсыз қора-қопсысын қалай тұрғызады? Ол кезде металл сым жоқ. Бәрін арқанмен байлаған. Төрт түлік малдың бәрі қазір де арқанмен байланады. Ең аяғы, Хауа ана кір жумады деймісің? Жуылған киім-кешегін арқан тартып, жіпке жайған шығар. Қазір де солай емес пе?! – деді.

– Иә, рас, – дедім мен. Ойлап қарасам, расымен де солай. Қорада мал ұстамасам да, далаға кір жайғанда жіп тартады екем. Қалай дегенмен, арқанның жіңішке түрі ғой. Малмен отырған халықтың тұрмысын арқансыз көзге елестету тіптен мүмкін емес. – Ары қарай, – дедім қызығып.

– Төртінші – кездік! Кәдімгі пышақ. Ең алғашқы тастан жасалған кездіктен бастап, қазіргі тот баспайтын мықты пышақтардың арасында анау айтқандай айырмашылық жоқ. Рас қой? Кездіктің де міндеті өзгерместен, сол күйі қалды. Күнделікті тұрмыс-тіршілігіңді пышақсыз елестете аласың ба? Малды компьютермен бауыздап, етті қолыңдағы мына телефонмен боршаламайтын шығарсың, – деді әзілдеп. Бәрі тегіс күліп жіберді. «Шынында да, бұрын неге ойланбағам?» деп мен отырмын. «Компьютер, телефонсыз күн жоқ» деп қоямыз. Қарап тұрсам, кездіксіз күніміз жоқ екен-ау деп қалдым.

– Енді не қалды?

– Бесінші – Ит! Бұл енді елдің бәрі білетін ақиқат. Итті кім жақсы көрмейді? Ит таралмаған аймақ бар ма өзі? Адамның тұрмысына ит сияқты тығыз араласқан бір де бір жануар жоқ. Адамның нағыз айнымас серігі. Әліге дейін қауіпсіздік органдары итті арнайы асырайды. Бомба мен есірткіні де солар іздеп табады. Міне, нағыз қазына! Адам атаның кіндігінен жаралғалы бері кәдемізге жарап келеді. Сондықтан итпен қоштасуға әлі ерте. – Алтыншыға нені аламыз?

– Алтыншы – қазан! Қазансыз күнің жоқ! Көрмейсің бе, археологтар көне Қытайды қазған кезде көбіне қазан тауып алады. Осыған қарап-ақ қазанның өте көнеден келе жатқан қасиетті құрал екенін білеміз. Тамақ пісіретін ыдыссыз күніңді елестетіп көрші. Адамзат өркениеті басталғалы неше мың жыл өтті. Содан бері ас-ауқат пен тағам-тамақтың қаншама түрі шықты. Кулинария – өз алдына бөлек ғылым! Өзгермеген – қара қазан ғана. Соғыста солдаттарға ыңғайлы болсын деп кішкене котелек береді. Бірақ принципі бір: ішіне тамақ сақтау және жылытып жеу. Егер қазан соншалық маңызды болмаса, солдатқа котелекты жүк етіп артпас еді, – деді.

– Соңғысы қалды.

– Меніңше, соңғысы – балта! Біреулер оның орнына қақпан деген екен. Оны онша қабыл көрмедім. Себебі, арқанмен де тұзақ құрып, аң аулауға болады. Қазіргі өмірді алып қарасаң да адамдар қақпансыз-ақ тіршілігін сүре береді. Ал балтасыз қаланың да, даланың да өмірін елестете алмадым. Археологтардың қазбасын қарап отырсаң, тас пен ағаштан жасап алған балтаның талай түрі табылады. Сен ана Оци деген мүрдені білетін шығарсың. Соны адамдар Альпі тауынан 5500 жылдан кейін тауып алды. Асынған садағы мен беліндегі балтасы және кішкентай тас кездігі сол күйі сақталған. Қазір Оцидің мәйіті құрал-сайманымен бірге Италияда музейде тұр. Ол өлген кезде Мысырдағы пирамадының өзі тұрмақ, орны да сызылмаған. Қарап тұрсам, балта да содан бері еш өзгеріске ұшыраған жоқ. Балта – сол балта күйінде қалды. Семсер, қылыш, қанжар – соғыста серік. Ал балтамен отын шапсаң да, жауыңды шапсаң да, пайдаңа асады. Адам ата ең бірінші үйі мен қора-қопсысын ағаштан соққанында қалың бұтақтарды кездікпен жонып құлатпаған шығар? Дұрыс па менің ойым? Қазір де адамдар балтадан бас тартып, тіршілік кеше ала ма? Отын-суыңды айтпағанда, соғымға сойылған ірі қараның жіліктерін пышақпен шаппайсың ғой. Бәрі балтамен тынатын іс, – деп тоқтады да, – қалай, балам, көңіліннен шықты ма? – деді.

– Шықты, – дедім. Мен үшін бұл зор жаңалық болды. «Осыған дейін мына қариядай терең логикамен қалай ойланбағам?!» деп таңғалдым. Содан, не керек, қонақтық тарқап, үйімізге қайттық. Қызық әлі алда екен. Ауылға келген соң өзімнен алты жас үлкен ағамның үйіне соғып, болған әңгімені айтып бердім. Ол құтқарушы болып жұмыс істейді. Екі күннің бірінде тауда жоғалған, сел мен желдің астында қалған бейбақтарды құтқарумен түзде жүреді. Тыңдап болып, ағам менен бетер таңғалды. Ол:

– Ойпырмай, қалай рас айтқан ана кісі! Бұрын неге ойламағанбыз?! Мына біздер, профессионал құтқарушылар, арнайы базада тәуліктеп жатамыз. Базада әрбір құтқарушының жеке жәшігі болады. Ол жәшікте жеке рюкзагымыз сақталады. Құтқарушы тауда, я орман-тоғайда өзі де адасып, қиындыққа тап болса, оның рюкзагында тірі қалуға ең керекті заттар сақадай сай тұруы керек. «Адам жоғалды!» деп дабыл қаққанда құтқарушы ойланбастан сол рюкзакты іліп алып, шығып кетеді. Оның ішінде мына сен санап шыққан жеті қазынаның қарудан басқасы түгел бар. Сіріңке су өтпес үшін целлофанға оралып тұрады. Котелекта НЗ тамақ. Пышақ бар. Маған ең қызығы – арқан болды. Заң бойынша, ең кемі 30 метр арқан міндетті түрде болуы керек. Бізді комиссия жиі тексереді. Рюкзак ішінде осылардың біреуі кем болса, айғай-шу басталады. Сол үшін жалақыңды қырқады. Негізі, біз ғана емес, мына тауға серуендеп шыққан жай адамдар да солай жүруге тиіс. Өткенде ақпанның басындағы қақаған аязда тауда бір жігіт жоғалды. Үш күн іздеп, зорға таптық. Марқұм кешке үйіне қайтарында таудың төбесімен емес, тәуекел етіп, сайдың табанымен кеткен. Төте жолмен асфальтқа тура шықпақшы болған. 27 жасар ірі денелі жігіт қалың қарды кешіп келе жатқанында жапырылып құлап жатқан ағаштың арасына бір аяғы қыстырылып қалыпты. Қанша арпалысса да, аяғын шығара алмаған күйі суықта үсіп өлген. Арқасында рюкзагі бар. Ашсақ, іші бос! Не тамақ, не шақпақ алмаған. Егер сіріңкесі болғанда қолы жеткен жерден шөп-жаңқа жинап, я бұталарды отқа жағып жылынар еді, қарды ерітіп, аяғын да суырып алуға шансы болар еді. Денесін қазып жатып, өзіміз де суықта қатып қалдық. Қайта-қайта от жағып, денемізді жылытып, мұзды ерітіп, сірескен мәйітті әзер дегенде босатып алдық. Салмағы 90 кг тартатын ауыр мүрдені арқанға байлап, шатқалдан тартып шығардық. Кедергі келтірген бұтақтарды балатамен шауып жол аштық. Қарнымыз ашып, өліп қала жаздадық. Котолектағы тамақты ысытып, сол жерде соғып алдық. Ондай жерде жаныңды сақтап қалатын ең керек заттар

– Адам ата қолданған сол баяғы қарабайыр құралдар. Таудың сайында телефон мен компьютерден қайран жоқ. Тауда антенна ұстамайды, сондықтан ешкімді телефонмен көмекке шақыра алмаған. Болмаса, қалтасындағы телефоны істеп тұр. Ана қария рас айтқан. Ондай кезде жылқы мен бүркіттен де пайда жоқ. Оданда қасында иті болса үрер ме еді, кім білсін?! Қазір де құтқару ісінде бізбен бірге жаттығатын жалғыз мақұлық – ит. Оларды Еуропадан қымбатқа сатып алады. Қардың астында қалған адамдарды иіскеп табатын – сол. Жер сілкініп, апат болғанда да иттер алға түседі. Қазына десе, қазына ғой, шіркін! Адам ата, Хауа анадан бері неше мың жыл өтті. Содан бері жеті қазына сол өзгермеген күйі қалыпты, – деді.

Sanjar Kerimbay

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған