ҚАУІПТІ ІНДЕТ «КЕТКЕН» ЖОҚ…

Бүгінгі өткен Үкімет отырысында коронавирус инфекциясының қаупі сейілмегені, барынша сақтық шараларын сақтау жайы айтылды.

Елімізде жалпы 170 098 адам вирус жұқтырған. Оның ішінде Шымкент қаласында 5733 COVID-19 вирусын жұқтыру жағдайы тіркелген. 5347 адам емделіп шыққан, 305-і емделу үстінде, өкінішке орай 81-і қайтыс болған.

Өткен тәулікте вирус жұқтырған 7 азамат анықталып (симптомды- 4, симптомсыз-3), өсім 0,2% құрап отыр.

Қаладағы инфекциялық стационарларда 1060 төсек-орын бар. Оның бүгінде 846-сы бос (80 пайыз).

Бүгінгі таңда медициналық мекемелерде 615 ӨЖЖ аппараты, 21 КТ, 30 рентген аппараты бар. 174 оттегі концентраторы, демеушілік көмекпен қосымша 98 оттегі концентратер жеткізілді. Бүгінде қажеттілік жоқ.

Сондай – ақ, «А», «В», «С» жоспары бойынша реанимациялық төсектерді жабдықтау үшін қосымша 314 функционалдық кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғы сатып алынған.

Сонымен қатар, 2 айлық дәрі-дәрмек қоры дайындалды. Дәріханалардағы бөлшек сауда бағаларының, дәрі-дәрмектер қорының сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Десек те, шымкенттік дәрігерлер инфекция таралуын болдырмау мақсатында қарапайым сақтық шараларын сақтауға шақырады.

  • әлеуметтік ара қашықтық сақтаңыз
  • маска киіңіз
  • бөлмелерді жиі желдетіңіз
  • адам көп жиналатын жерлерге бармаңыз
  • қолыңызды сабынмен жуыңыз және жөтелгенде немесе түшкіргенде мұрын мен ауызды -шынтақпен немесе майлықпен жабыңыз.

ШЫМКЕНТКЕ 1-КЕЗЕҢДЕ МЫҢ ДАНА КВИ-ГЕ ҚАРСЫ ВАКЦИНА ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Осыған орай Мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакцинацияны жеделдетіп бастау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою жоспарлануда.

Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады.

Осы жылғы 1 ақпанда егуге жататын халық топтарын КВИ-ға қарсы вакцинациялауды бастау көзделген. Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатындығын айтты.

Осы орайда, Шымкент қаласына бірінші кезеңде 1 ақпан күні Ресей Федерациясынан мың дана вакцина жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Оны алғашқы болып инфекциялық ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем және емханалардағы мобильді топтың қызметкерлеріне салынатын болады. Жалпы осы жылдың бірінші жарты жылдығында 100 мың дана вакцина жеткізіліп, кезең-кезеңімен қала тұрғындарына салынады.

Бұл ретте контингенттер мынадай түрде бөлінген:

I кезең – инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері жатады – 100 000 адам, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап;

II кезең – жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының, жоғары оқу орындарының педагогтары, ведомстволық медициналық қызметінің медицина қызметкерлері – 150 мың адам, биылғы наурыздан бастап;

III кезең – мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам, биылғы сәуірден бастап;

IV кезең – Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам, биылғы мамырдан бастап;

V кезең – медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам, биылғы маусымнан бастап;

VI кезең – тәуекел тобындағы қалған контингент – 600 мың адам, биылғы шілде айынан желтоқсанға дейін.

Осылайша, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина егу жоспарланған. Өндірушіден медициналық ұйымдарға дейінгі барлық жолында вакцинаның сапасын қамтамасыз ету мақсатында GDP стандарты «салқын тізбектің» әрбір кезеңінде жауапты адамдардың болуын көздейді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған