СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРҒА БИЫЛ 204 МЫҢНАН БЕРІЛЕДІ

Оңтүстік өңірінің тұрғындарын солтүстікке қоныстандыру мәселелерімен Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «SHANYRAQ» орталығына Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының мамандары келді.

Әлеуметтік сала қызметкерлері мен қоғам белсенділерінің ұйымдастыруымен қаламыздың барлық аудандарында тұрғындармен кездесулер өткізілді.

Мамандардың айтуынша, биылғы жылы оңтүстіктен қоныс аударған әр отбасы мүшесіне бір реттік 204 мың теңге қаражат көшіп жайғасу үшін беріледі. Мысалы 4 баласы бар отбасы қоныс аударса – 1 млн 225 мың теңге бірден беріледі. Оған қоса бір жыл бойы үй жалдауға және коммуналдық шығындарға әр отбасыға ауылдық жерлерде 61 мың теңге, қалада 87 мың теңге ай сайын бөлінеді. Ал, егер дипломы бар мұғалім, дәрігер мамандар көшсе, «дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы оларға баспаналар 0,01 пайызбен ұсынылады.

«Павлодарда қоныс аударушыларға арналып 307 пәтер салынған. Қазір 200 пәтер өз иесін күтуде. Грант алып, өз кәсібін бастағысы келетіндерге гранттар ешқандай оқусыз, бірден ұсынылады. Жеке үй саламын, бау-бақша егемін деушілерге ешқандай кезексіз 25 соттық жер алу мүмкіндігі бар. «Серпін» бағдарламасымен солтүстікке барып білім аламын деуші жастарға да тегін оқу гранттары ұсынылады. Тегін жатақхана, жылына екі рет үйіне барып келуге жол қаражаты, 2 мезгіл тамақ, тіпті қыстық киімге дейін беріледі – деді Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева.

Жиынға Шымкент және Алматы қаласынан отбасымен бірге қоныс аударған екі азамат та қатысты. Солардың бірі Дильбар Медетбекова 4 баланың анасы. Өзі Арыс қаласының тумасы. Шымкент қаласында 13 жыл пәтер жалдап жүрген. Қоныс аудару бағдарламасымен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған. Өз мамандығы бойынша мектепке мұғалім қызметіне орналасқанын, жұбайы грант арқылы жеке кәсібін жүргізіп отырғанын баяндады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 4 миллионнан аса қаржыны төмен пайызға алып, отбасына қолайлы үй алғанын да айтты. Осы қаржыға төлейтін үстеме пайызы 4 мың теңге ғана екен. Суы мөлдір, табиғаты әсем өңір екенін де айтып, азық-түлік бағасында да айтарлықтай айырмашылық жоқ дейді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған