Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысында іс-сапармен келіп кету кезінде облыс орталығынан бой көтеретін халықаралық әуежайдың іргетасын қалап кетті, деп хабарлады q-content.kz тілшісі.
Жаңадан салынғалы тұрған Түркістан әуежайының іргетасын қалауға ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және БАҚ өкілдері келді.
Үкімет басшымыз Асқар Мамин халықаралақ әуежайдың халықаралық маңызды нысандардың бірі екенін айтып, құрылыс жұмыстарын қысқа уақытта аяқтау керектігін алға тартты.
Әуежайдың басшысы Арслан Хусейн Үкімет басшысына терминалдың халықаралық және ішкі рейстерде сағатына 250 адам қабылдауға қауқарлы екендігін жеткізді.
– Біздің компания Қазақстанда 18 жылдан бері әріптестік бағытта жұмыс атқарып келе жатыр. Осыған дейін Ақтау қаласындағы әуежайды салдық. Біздер осынау тарихи сәтте ата-бабаларымыздың шыққан түп қазығы, тарихи отаны – Қазақстанда қызмет етіп жатқанымызды қуанышты түрде айтамын. Бұл нысан барлық халықаралық талапқа сай салынатын болады. Алла бұйытса енді 1,5 жылдай уақыт ішінде мына жерде адам танымастай ғажап нысанды көретін боласыздар, – деді Арслан Хусейн.
Түркістан қаласындағы жаңа әуежайдың құрылысын түркиялық инвесторлар жүргізеді. Салатын мердігер мекеме туркиялық «ИДА ИНШААТ САНАЙИ ВЕ ТИДЖАРЕТ АНОНИМ ШИРКЕТИ» (YDA INŞAAT SANAYI VE TICARET ANONIM ŞIRKETI). Халықаралық әуежай Түркістан қаласынан 16 км қашықтықта орналасқан. 900 гектар аумақта терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салу жоспарланып отыр. Халықаралық әуежай 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.