Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың назарына!

Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Аманқұлұлының назарына !

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Оралбайұлының назарына !  

ШЫМКЕНТ БАЗАРЛАРЫНЫҢ БІТПЕЙТІН БЫЛЫҒЫ

Базардағы кәсіпкер көпбалалы аналар мен мүгедек азаматтардың маңдай термен тапқан қаржылары басқа арнаға кетіп жатса өкінішті

Жабайы сауданың көзін құртуға қатаң қадамдарға баруға тура келді.
«Қырғы базардағы» кәсіпкер келіншектер бұйыртса, келекшете заманауи павилиондарда сауда-саттық жасап отырады.

Базарға барып, бағын сынап жүрген халықпыз. Демалыс күндері адамдар ақшаларын арқалап, апталық азығын алуға базар мен супермаркеттерге тіке жол тартады. Жалпы бұл әлемдегі базарларда орын алып жатқан көрініс. Айырмашылық –  халқы бізден көп, экономикасы дамыған елдердің базарлары заманауи үлгіде ыңғайлы салынған. Көрші Өзбекстанның өзінде кәсіпкерлерге деген қамқорлық жоғары деңгейде. Сатушылары қыста жылы, жазда салқын жерінде саудасын жасап жүр. Өзағамыздың кәсіпкерлері өз мемелекетінің жасап жатқан қамқорлығын сезіп жүрген жайлары бар.  Мысалы, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Малайзия мемлекеттері саудагерлерінің жағдайына жетік көңіл бөлген. Тіпті, кез келген жағдайда кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғайтын мемлекеттік мекемелерінде әділдік бар. Егер кәсіпкерлерінің өнімі көрсетілген мемлекеттік талаптарға сай келмесе, заң түрінде оларды қатаң жазалайды. Бұл ретте кәсіпкерлер де, мемлекет те тиімді тәртіптермен ел экономикасына жұмыс жасау үстінде. Сауда-саттық бір жолға қойылған елдерден бүкіл әлемге киім-кешек, техника, көкөніс, т.б. тұтынушылық тауарлар таралып, ел экономикасына миллиардтап кіріс кіруде. Өзағаларымыз жақында 60 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі сауда және инвестициялық келісім-шарттарға қол қойды. Бұл Өзбекстандағы сауда-саттық жұмыстарының дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді. Өзағаларымыз қазіргі таңда біраз мемлекеттерге тонналап көкөністерін өткізіп, ел экономикасына үлкен үлестерін қосып жүргені қуанарлық жағдай.  

Қазақстаннның базарларында болып жатқан «жақсы» жаңалықтарға тоқталмас бұрын өзге елдердің базарларындағы жағдайларға қысқаша тоқтала кетсек. 2018 жылы Сомали елінің саудагерлері үкіметтің салықты көбейтуіне қарсы наразылық шарасын өткізіп, ел астанасы Могадишодағы орталық базарды жауып тастаған болатын. Дүкен иелерінің мұндай қадамға баруына биліктің өткен айда сауда кірісінен алынатын салықты 5 пайызға ұлғайтуы себеп болған. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл онсыз да қазынаға салықты көп төлейтін саудагерлерге ауыр тимек. Ал, үкімет болса мұндай шешімге елдің сыртқы қарызын жеңілдету үшін барып отырғанын айтады. Бірақ кәсіпкерлер әкімшіліктің сыбайлас жемқорлыққа батқанына шағымдануда.

«Базар үкіметтің әрекетіне байланысты жабылып отыр. Біз биліктен жағдайды жіті зерттеп, салықты азайтуын қалаймыз. Егер бұлай жалғаса берсе, саудагерлер үлкен шығынға батады» – дейді, сол елдің саудагерлері.

Ал, «Азаттық радиосы» ақпараттық порталының тілшісі Дилара Исаның «Базардағы саудагер де жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс» атты мақаласында:

«… Түркістан облысында 80 мыңға жуық әйел кәсіппен айналысып келеді. Олардың көбі базарда, дүкенде сауда сатып, ақша табады. Бұл сатушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендері» дейді. Сауда кәсібімен айналысып жүрген әйелдер, жеке кәсіпкер туралы құжаттарың болмаса учаскелік полиция мен жергілікті әкімдік жұмыс істетпейді» деген. (Тіркелмей жүрген кәсіпкер әйелдер қаншама.)

«Мысалы бүгін 20 мың теңгеге сауда саттым. «Бір күнде 80 мың теңге сауда жасап, табыс табады» деп есептеген. Осы есепке сай айына салық пен зейнетақы жарнасына 25 мың теңге төлеуім керек. Оның сыртында сауда орнының ай сайынғы 60 мың теңге жалдау ақысы бар. Бір айда тапқан табысыңның 85 мың теңгесі сыртқа кетеді. Өзіңді асырайсың ба, әлде салықпен әуре боласың ба? Кейде қай шығынды жабатынымызды білмей қаламыз» – дейді, ашынған азық-түлік сатушысы Зәуре Сәлібекова.

Cаудагерлерді жеке кәсіпкер ретінде тіркеу, уақыт көрсеткендей базар басшылығына ғана тиімді болғаны өкінішті. Күнделікті саудасын таңың атуымен бастап, кештің батуымен жүрген кәсіпкер аналарға қамқорлық танытуға биліктегілердің ойы болғанымен, іс жүзінде қамқорлық жасауға асығар емес. Керісінше, базар әкімшілігіне тағы да «талатып» қойдық. Кәсіпкер аналарымыздың адал ақшасын оңай тартып алаудың жолын іздеп жүргендерге жеңілдетіп бердік. Бұлай жалғаса берсе халықтың әл-ауқаты жақын жылдары жақсара қоймасы анық. Базардағы кәсіпкерлердің табысы қазіргі таңда үш арнаға ағылып жатыр. Бірі базар әкімшілігі болса, екінші мемлекет, үшінші кәсіпкерлердің өздері. Біріншілердің өз есептері тураланып, тіпті тамаша жағдайға отыр. Мемлекетіміз салық жүйесін реттей алар емес. Жиі бұзылғыш салық базамыздың жыры бөлек тақырыпқа арқау болмақ. Ал, саудагерлердің төлеп жатқан салығының ұрлануы жайлы мақаланың соңында түсіндіруге тырысып көрдік.    

 БАЗАР ӨРТЕУ «МОДАСЫ»

«Бекжан» базардың өртенуі
Күлі көкке ұшқан Алматы базарларының бірі.

Алматының «Барахолкасы» талай рет өртеніп, тілсіз жау біраз адамдардың жанын қиып кеткен қорқынышты оқиғалар орын алды. Қосымша саудагерлердің миллиардтаған өнімдері қызыл отқа оранды. Астанамыздан бастап барлық ірі қалаларымызда базар өртеу, кәсіпкерлердің өнімін тартып алу қатты өршіп кеткен жылдар қайтып келмесін дейміз. Базар мен жергілікті әкімшілікке кәсіпкерлер сенуден қалған. Адам өмірінің өлшемін дүниемен салыстыратын басшылардан жақсылық күтудің өзі үлкен қателік сияқты. Отқа оранған базарлардағы адамдардың келмеске кеткен өмірін бүкіл әлемдегі триллиондаған қаржыға айырбастай алмаймыз. Адам тағдырымен ойнаудың өзі сөзсіз үлкен күнә.

2016 жылы Алматының «Алматы Тоэрс» сауда орталығы өртеніп, 54 жастағы ер адам мен 5 студент бала мерт болды. Бұған дейін де «Барахолка» базарынан талай өрт шығып, саудагерлердің жанайқайы БАҚ-да жарияланды. Алматыдағы «Көк базардың» саудагерлері де талай өрттің куәсі болды. Базар өртеу  елімізде «модаға» айналып кетті. Сол кездері барлық өнімі жанып кеткен саудагерлер базар басшылығынан бір тиын да ала алмады. Жергілікті әкімшіліктен берілетін көмекақының қаражаты кәсіпкерлердің күлкісі мен ызасын бірдей туғызды. Тауары отқа жанған саудагерлер амалдың жоғынан несие алып, қу тіршіліктерін қайтып бастауларына тура келді. Алматыдағы өрттен зардап шеккен базарлардың құрылысы бітіп, қайта ашылғанда да сауда орындарының ай-сайынғы жалғысын арзандатпады. Қосымша салықты көтеріп, базар басшылығы кәсіпкерлерді қаржылық тығырыққа тығып тастауды жөн көрді. Базар басшылығының саудагерлерден ақшаны көбірек ала берсек деген ашкөздіктері республикалық дертке айналып, әлі тоқтай алмай келеміз.  

2012 жылы саудасы дүркіреп тұрған Шымкенттің «Бекжан» базарының түгі қалмай өртеніп, 5000-нан аса кәсіпкерлердің миллиардтаған өнімі қара күлге айналғаны көпшіліктің есінде. Не сататын өнімі, не қалтасында ақшасы жоқ саудагерлердің сол кездегі көз жасы ұзаққа созылды. Базар әкімшілігі өрттен зардап шеккен саудагерлерге берген тиын-тебендерін жарияға жар салумен болды. Ал, жергілікті әкімшіліктің айтқан қаржылық көмегі жапа шеккен кәсіпкерлердің қолына тимеді. Халықтың басына түскен тауқыметті өз пайдасына асырғысы келген пысықайлар да табылды. Сол кездері ұсталған жеті алаяқ Шымкенттегі «Бекжан» базарында өртеніп кеткен тауар үшін саудагерлердің орнына өтемақы алмақшы болған. Жығылғанға жұдырық болып, жапа шеккен кәсіпкерлердің ақшасына жармасқандар көп болды.

Бәсекелестері саналатын Шымкенттің «Самал» базарын бір жыл бұрын жүрек жұтқандар қасақана өртеп кетеді. «Самалды» самал сақтап қалды ма, базардың көп бөлігі өртене қоймады. Өрт сөндірушілер де дер кезінде келіп сөндіріп, базардың толық жанып кетуге жол бермді. Көп ұзамай «Бекжан» базары өртенеді. «Екі түйе сүйкелсе, арада шыбын өледі» демекші, екі ортада қарапайым саудагерлер қаңғып қалады.     

Бұрынғы «Бекжан» базардың сол кездері 60-70 пайызын қырғыз кәсіпкерлері құрады. Негізі, қырғыз ағайындар еліміздегі барлық ірі қалалардың орталық базарларында жемісті жұмыс жасап жүргені белгілі. Базарлардың берекесін келтіретін қырғыз кәсіпкерлері. Қазақтар: «қырғыз бар жерде сауда бар» дейді. Елімізде заңды түрде саудамен айналысып жүрген көрші елдің саудагерлеріне қуанбасақ, кет деп жатқан ешкім жоқ.

2012 жылға дейін «Бекжан» базарда Қырғыстаннан асып келген кәсіпкерлер саудамен айналысып жүрді. Базарға жан-жақтан адамдар ағылып келе бастады. Қырғыз кәсіпкерлері бұйырған саудасын қанағат тұтты. Ал, базар әкімшілігі табыс көп келе бастағанда бастары айналып, келген бақты қашырып, қуып шықты деуге болады. Саудагерінен саудасын қызғанған «Бекжан» базардың басшылығы өз кәсіпкерлеріне қысым жасай бастады. Бірінші болып момын қырғыздардың басына шығып, айтқандарына көндіріп, көп ұзамай қазақтарды да өз айдауларына қоспақ болды.

«Бекжан» басшылығы саудагерлерден ақшаны (күнде, ай-сайынғысы, өрт сөндіруге, қоқыс тазалауға, тоқсан сайын, алты ай-сайын деп бөліп) қорқытып-үркітіп алуды жөн көрді. Тоқтамай өсіп жатқан базардың заңсыз «салықтары» аздық етіп, базар әкімшілігіндегі басшылардың туған күндеріне 500 АҚШ доллардан, туысқанының тойына «тойанасын» кемі 100 АҚШ доллардан жинайтынды шығарды. Базардың салығын жинайтын қарапайым қызметкері қызын ұзатқанда саудагерлерден 150 доллардан жинаған екен. Адамда қанағат болуышы еді ма? «Семіздікті қой ғана көтере алады» демекші, ағылып түсіп жатқан ақшаларды бекжандық бассыздар қанағат тұтпады. «Бекжан» базардың байыған басшылары күзетшілеріне саудагерлерін ұрғызуға, ерегіскен кәсіпкерлерді соққыға жығып, қорқытуға да барған екен. Шаш ал десе, бас алатын күзетшілері де күшейіп кеткен. Кәсіпкерлерге жетпегені осы еді…

«Бекжан» базардың құрылтайшысы Әмірхан Шүменов (кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтың әкесі): «Мен осынша халықты шулатып қоймайын деп өзімнің шамам келгенше, өз қаражатымнан, бүгін екінші күн болды… кеше 92 миллион теңге, бүгін 74 миллион теңге таратып жатырмыз. Ертең де солай етеміз. Әрі қарай жалғасатын болады» деп, сұхбат берген. Бұл көкеміз өрттен екі аптадан кейін «америкадан» салбырап түсіп, өз ақшамнан беріп жатырмын деп, жомарттық танытқан түрі еді.

Сол маңайдың тұрғындарының айтуы бойынша, өрт болатын түні базардың ішінен оншақты «Камаз» таңға дейін тоқтамай кіріп-шығып жатқан. 7000нан астам кәсіпкерлердің миллиондаған бағалы өнімдері келмеске кетіп, біреулердің қоймасына жиналып жатты. 

« … Маған талон берді 2218-ші нөмір деген. Ал, қазір 200 адаммен тоқтады, дұрыс па? Маған қашан келеді? Келмейді! Бір аптадан соң мына халық тарқайды. Сонымен, «Бекжан» базары мынаны да бермейді!» деп, Лейлә Әлімбетова сияқты көптеген кәсіпкерлер сол кезде зар жылады. Ал, жетім мен шын жәбірленушінің көз жазы жәбірлеушіге өте ауыр зардаптар алып келеді. Алла олардың қарғысын қабыл ететінін бәріміз білеміз.

Мысалы, «мәрт» ағамыздың ақшасын жапа шеккен кәсіпкерлерге шаққанда түк те болмайды. 92 миллион теңгені 5000 адамға шаққанда – 18 800 теңгеден тиеді. Жарайды, оған тағы 74 миллионын қосайық. 166 миллион теңгеңізден – 33 200 теңгеден тиеді. Күлкілі сияқты.  Мақұл, екі есе етіп көрейік. 322 миллион теңгені бөлгенде, 5000 саудегерге (ресми түрде 7000 кәсіпкер жапа шеккен) – 66 400 теңгеден тиеді. 

«Бекжан» базардың «көріпкел» басшылығы уақытынан бұрын, өрт болатын түннен бір күн бұрын саудагерлерден толық ақшаны (ай-сайынғысын, бір жылғыны, тіпті келесі жылдың да салығын сұраған) жинап алады. Бір жыл бұрын құрған жоспарларының уақыты келген түні, базардан өрт шығып 7000 кәсіпкер далада қаңғырып қалады. Сәйкестік пе, әлде біреулердің қатыгездік жоспары іске асып кеткені ме, әлі күнге дейін белгісіз.

1980 жылы туылған қырғыз азаматы «Бекжандағы» өртте қайтыс болды. Полиция қызметкерлері «кісі мүлкін қасақана жою» бабы бойынша қылмыстық іс қозғайды. Тергеу тобына басқарма бастығы Нұриддин Дәулібаев жетекшілік етеді. Комиссия құрамында 56 тергеуші, 11 криминалист-сарапшы тергеу жұмыстарымен айналысады. Тергеуші­лер оқиға болған күні күзетте болған 15 күзетшіден жауап алады. Тергеу қорытын­дысы он күннен кейін жарялануы керек болатын. Облыстық Ішкі Істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованың айтуынша, 7-ші тамыз­ға дейін өрттен жапа шеккен кәсіп­керлерден 1331 арыз түскен екен. Ал, Шымкент қалалық ішкі істер бөліміне сол кезде әлі де арыздардың түсуі тоқтамаған.  

Қазіргі таңда, шырайлы Шаһардың азық-түлік базарлары мен маркеттерінің «сырты бүтін, іші түтін» деуге тура келеді. Базардың ішіндегі кәсіпкерлердің жағдайы жақсы деп, толық айта алмай отырмыз. Кәсіпкерлерімізге шын ниетпен қамқорлық танытуға мемлекеттің де, базар әкімшілігінің де «желаниясы» жоқ. Елдегі барлық саланың басында отырғандарға сана берсін дейміз.

ШАҺАР БАЗАРЛАРЫНЫҢ КҮЙБЕЛЕҢ ТІРШІЛІГІ

Миллионнан аса халқы бар Шымқалада оннан аса (көлік, құрылыс базарларынан бөлек) базарлар бар. Азық-түлік, киім-кешек сататын ірі базарларына «Самал», «Авто-Нұр», «Алаш», «Бекжан», «Айна», «Қырғы базарды» т.б. жатқызуға болады. Орташа базарлары – «Жабық базар», «Отырар», «Колос», «Акбар», «Евразия» «Жаңа шаһар». Қаланың барлық аудандарында орналасқан кіші базарлары да бар. Шымкент қаласының азық-түлік сататын ірі сауда орталықтары: «Магнум», «Метро», «Фиркан» т.б.. Заман талабына сай бұл үлкен маркеттерде де тұтынушылар таусылмайды. Бірақ қара халық демалыс күндері азық-түлігін «Қырғы базар», «Алаш» пен «Айнадан» арқалап кеткенді жөн санайды.

«Айна» базар
«Қырғы базардың» үйреншікті көлік кептелісі.
«Қырғы базардың» төменгі көлік тұрағы. Бұл беттен азық-түлік алып кету тым алыс. Жоғары қарай шығу үшін биік баспалдақтар қинайды. Жастардың өзі шаршап жатады.
«Қырғы базардың» келешектегі көрінісі. Базарларымыздың келбеті осындай болса екен.

Шымкенттегі көкөністі көтерме бағамен сататын «Карл Маркс» (Қазыбек базары) базарының түнгі саудасы қызып тұрады. Қаланың қақ ортасынан өтетін Бәйдібек би көшесінде орналасқан бұл базардың «час-пигі» таңғы 04:00-08:-00-ге дейін тоқтамайды. Жүк көліктері осы уақытта тізбектеліп, көше бойында кептеліс туғызып, тар базарға сыймай сыртта тұрады. Шығыны көп көкөніс саудасымен айналысып, жетісіп жүрген ешкімді көрмейсің. Үйдегі бала-шағасын асырау үшін қақ-қап көкөністерді иыққа салып, сегіз сағат зыр жүгіріп жүру күнделікті тіршіліктеріне айналған.

«Қазыбек» базардың көліктері.
«Қазыбек» базардың «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» саудегер әйелдері.

Шымқаланың «Карл Марк»Қазыбек«) базарын жақында көшіреді деген сыбыс та шығып жатыр. Егер, есте болса 2015 жылы да көшіреміз деген сыбыс шыққан. 2017 жылы Ж.Түймебаев та базарға арнайы келіп, «Қазыбек» базарын көшіруге тырсып көрген еді. Әзірге, базар өз орнынада. Қала басшылығы базарды көшіріп берсе қала тұрғындарына да, базардың саудагерлеріне де сауап жасап беретін еді. Себебі, көптеген қала тұрғындары жұмысқа барар-қайтар жолда базар орналасқан көшемен жүруіне тура келеді. Көтерме базарға келген үлкен-үлкен жүк көліктерінің көптігінен кептеліс пайда болып, жиі соқтығыстар да орын алып жатады. Сондай-ақ, бұл базарда саудагерлер үшін де, сатып алушылар үшінде ешқандай жағдайлар жасалмаған. Жабайы базарларымыздың біріне айналған. Саудагерлер жазғы аптап ыстықта да, жауын-шашын мен қарда ашық аспанның астында сауда жасай береді. Мұндайда диқандардың өнімдері тез бұзылатыны, базар ішінің лай-балшық болып, жағымсыз иіс жайлады. Шашылып жатқан көкөніс қалдықтар, онсыз да сәні келмей тұрған базардың «сұлу» сұрқын одан сайын бұзатыны бар. Шіріген көкөністердің сасық ауасын жұтып, шыбын-шіркейіне таланып тұрған саудагерлердің еттері үйреніп те кеткен. Бір әншінің айтқандай: «Жетісіп жүрген ешкім жоқ». Аумағы тар бұл базардың қоқыс тастайтын жәшіктері де жетпей тұрады. Қыста тоңып, жазда күнге күйіп жүрген «Қазыбек» базарының саудагерлеріне жақсы жағдай жасайтын уақыт та, өз уақытынан асып кетті.

Жабайы саудамен күрес.

Бұл базарды кезінде бұрынғы  облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен  бұрынғы  қала әкімі Нұрлан Сауранбаев та аралап, көшіріледі деп шешіп, жұртты құрғақ сөзбен алдап кетті. «Қазыбек» базардың кәсіпкерлері де құрғақ сөздерге тойды.

Берекелі «Қырғы базардың» да өзіндік ерекшелігі көп. Өмірзақ Шөкеевтің тұсында бұл базар бір жабылып, 2015 жылы қайтып ашылды. «Қырғы базардан» төменде орналасқан «Көл» базары бар болатын. Ө.Шөкеев кезінде «бардак» базарды әдемі паркке айналдырып жіберді. Енді, 2019 жылы «Қырғы базарды» үлкен өзгеріс күтіп тұр. Шымкент қаласының басшысы Ғабидолла Әбдірахымов бұл базарды кәсіпкерлерге заманауи үлгіде өзгертіп бермек. «Қырғы базардың» жаңа жобасы жасалып қойған. Заманауи базардың жобасы көзді қуантып отыр.

Шымкент қаласының  орталығында орналасқан «Қырғы базарға» адамдар жан-жақтан қажетін алуға ағылады. Төлеби, Сайрам, Түлкібас аудандарының халқы жиі келетін базарлардың бірі. Аудандардан келгендер киім-кешек пен азық-түлігін алып кетіп жүр. Ал, көлік тұрағының мәселесі бұл базарда әлі шешімін тапқан жоқ. Жұмыс күндері тұрақтан орын табуға ғана мүмкіндік бар. Ал, сенбі-жексенбі күні базардаң төрт көшесі көліктермен қоршалып, «Қырғы базарды» қырық рет айналып, тар тұрақтан әрең орын табуға болады. Қоғамдық көлікпен келген қарапайым халықтың өзі базардың ішіне адамдар кептелісінен біраз уақыттарын жоғалтып алады.

Базардың айналасындағы жабайы сауданың мәселесі өткен жылы шешімін тапты. Қала әкімшілігі кәсіпкерлердің арыз-шағымдарын қарап, өтініштерін ескеріп, жабайы сауданы ретке келтіріп қойды. Қазіргі таңда, «Қырғы базардың» сыртындағы заңсыз жабайы сауданың қарқыны азайған. Енді жаяу адамның базар ішіне еркін кіруіне мүмкіндігі бар. «Қырғы базардың» басты мәселесі –  демалыс күндері көлікпен келген халықты көлік тұрағымен қамтамасыз ету. Базардың төрт жағындағы көшелеріндегі көліктердің кептелісін ретке келтіру керек.

Шымкент қаласының Жібек жолы мен Ж.Аймауытов көшелерінің бойында орналасқан «Айна» базардың да келушілері көп. Автотұрағынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Қарағанды, Қостанай, т.б. қалаларымызға шығатын автобустары қатынайды. Түркістан облысына жататын Ақсукент, Түлкібас, Қарабұлақ, Сайрам аудандарына баратын қоғамдық көліктеріне де тұрақтар қарастырған. Базарға келушілердің көліктеріне арналған тұрақтары да жеткілікті. «Айна» базар басшылығы сенбі-жексенбі күндері көлікпен келген байларды жайғастыруға толық мүмкіндік жасай алған. «Айна» базарға ақшасы көптер барады деген жергілікті адамдардың «статистикасы» бар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев:«Қазақстанда жүз мыңдаған ұйымдастырылмаған базарларда антисанитарлы жағдайлар көп. Онда тәртіпсіздіктерді жою керекпіз. Жабық сауда орталықтарын салу қажет. Әкімдер бұл үшін жер бөліп, еркін экономикалық аймақта объектілерді қоса, салықтарсыз және елдегі барлық ұйымдастырылмаған базарларды жабуы керек» деген болатын. Елбасының ескертпелері мен талаптарын жергілікті жердегі әкімдер орындағысы келмей енжарлық танытып жүр.

«АВТОНҰР» ӘКІМШІЛІГІНІҢ АЙЛАГЕРЛІГІ МА? КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ АҢҚАУЛЫҒЫ МА?

Шымкенттің «Автонұр»  базарының жанынан өтетін Темірлан тасжолындағы көлік кептелісі, жергілікті халықтың жүйкесін тоздырды. Адамдардың да жолдың арғы бетіне өтуі үлкен проблемаға айналды. «Автонұр» базары 2013 жылы жабылуы тиіс болатын. Кейін 2015 жылы да осы мәселе көтеріліді. «Крышаларын» тапқан базардың башылығы базарын аман алып қалды. Шымкент қаласының стратегиялық дамуына кедерігі болып тұрған «Автонұрдың» неге көшпей қалғаны түсініксіз.

2013ж. «Автонұрға» өрт сөндіруші көлігінің кіру сәті.
«Автонұр» базарының өрт сөндіргіш көлігі кептелістен шығып үлгермейтін сияқты.

2013 жылы «Автонұр» базарында бірінші рет өрт шығады. Келесі жылы «Автонұр» мен «Алаш» базарлары бірдей тілсіз жауға тағы тап болады. Екі жағдайда да адам өлімі орын алмағаны жұбатады. Тексерулердің нәтижесінде екі базардың да өрт сөндіру сертификатының мерзімі үш жыл бұрын өтіп кеткені анықталады. Қазіргі таңда да екі базардың да әкімшілігі өртке қарсы қауіпсіздік шарасын мүлдем ұмытқан. Өртке қажетті құрал-жабдықтар «Автонұр» базарында ескіріп кеткен. Құдай сақтасын. Егер, өрт шыққан жағдайда мерзімі өтіп кеткен көпірік шашатын құралдарынан пайда жоқ. Үлкен «Автонұр» базардың бір өрт сөндіргіш мәшинесі де көмектесе алмайтын сияқты. Жүрмейтін өрт сөндіргіш көліктің өрт шыққан жағдайда «гаражынан» шығуы да қиындау. Жалпы жүріп жатса, кептелісіп тұратын көліктерден базарға кіруге мүмкіндігі де жоқ.

«Автонұр» базарының басшылық тарапынан кәсіпкерлерді алдау, басыну, қорқыту қатты жүріп жатқан көрінеді. Жоғарыда айтылған «Бекжан» базардың ескі жолы «Автонұрда» жаңа жолға қойылып, кәсіпкерлерді тонау саясаты басталған көрінеді. Базар әкімшілігі сауда орындарының бағасын әр жыл сайын көтеріп тұр.  Бар-жоғы 3 шаршы метрге 18 000 + жеке кәсіпкерге 10 000 (2019 жылы – 14 000 теңге) теңге. Оны базардың «Автонұр» базардың ішінде орналасқан салық басқармасының кассасына төлеп жүргендер бар. Базар басшылығымен сұхбаттасу барысында 800-ден астам кәсіпкер қазіргі таңда базардың кассасына салық төлеп жүр. Мүмкін базар кассасына төлеп жүрген кәсіпкерердің саны көп те болуы мүмкін. Оны құзырлы органдар анықтай жатар. Салығын төлеген кәсіпкерге «төленді» деген қағаз да берілмей келген болып шықты. Бірінші сәйкестікте, «кассалық аппаратты ертең қойдырып жатырмыз» деп базар әкімшілігі ақталғандай көрінді. Біраз жылдан бері ай қарап, мал санап жүр ма?  Егер де саудагерлері салықты «Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер комитетіне» барып төлейтін болса, «базаға түспей қалу қауіпі бар» деп, кәсіпкерлеріне «қамқорлық» жасап жүр екен. Базардың «салық» базасы мықты мемлекетіміздікінен де болып тұр ғой. Ғажап!

Базар кәсіпкері: «… Салықтарың кешігіп түспей қалса әкімшіліктен кісілер және салық басқармасының адамдары орындарыңды құлыппен жауып тастайды» деп, шындығын айтқандай болды. Екінші сәйкестік, базарға келген күні базардың салық жинаушысы жұмыстан шығып жатыр екен. Жұмысынан кетіп жатқан салықшы ағамыздың салыққа биылдан жиналмақ болған 14000 теңгеге түк қатысым жоқ деп, ат тонын ала қашты. Базардың кәсіпкерлеріне «қамқорлық» танытып жүрген салықшы ағамыз біз келген күні осылай аяқ астынан жұмыстан кетіп жатыр екен. Бізге сыпайы болып көрінгісі келген бұл кісінің, кәсіпкерлермен қалай «жылы» сөйлесіп жүргені белгілі болды. Салығын кешіктірген саудагерлерді салықшы көкеміз ауыр сөздермен жерге кіргізіп тастайды екен.

Кәсіпкерлердің айтуынша «Автонұрда» «пожарныйға» деп бір орынға 2500 теңге алынады. Қыркүйек-тамыз айында жылдық жалғы ақысына деп, 18000 теңге төлетеді. Яғни, 3 шаршы метрге 18 000 (аренда) + 14 000 (ЖК «ИП») теңге. Тағы да 18000+2500 жылына бір реттен. Кәсіпкерлердің 52 500 теңгеден төлейтін кездері қыркүек-тамыз айлары. Себебі, сауданың табысты кезі осы екі айға келеді.

«Автонұрда» қырғыз кәсіпкерлерден ай сайын 20 000 базар жарнасына + 14 000 теңге жеке кәсіпкер салығын алып отыр. Бұларға да қырқүйек-тамыз айларындағы қосымшаларды қосыңыз.  Сұрағандарын кешіктірген қырғыз кәсіпкерлердің де жағдай қиындайды.

Егер базардағы кәсіпкерлердің төлеп жүрген салықтарын есептейтін болсаңыз, қаламыздың бюджетіне түсетін қаражаттың көлемі қомақты деуге болады. Мысалы қаламыздың 10 000 кәсіпкері базар кассасына  14 000 теңгеден салық төлейтін болса, 140 000 000 теңге. Бір жылда 1 680 000 000 теңге жиналады екен. Бұл тек 10 000 саудагердің салыққа төлеген ақшалары. Бұл салықтардың Шымкент қаласының кіріс басқармасының шотына толық түсіп жатыр ма? Базардағы саудагерлердің 2015 жылдан бергі зейнетақы қорын тексеріп, оп-оңай білуге болады. Мемлекеттің салығы базардың «салық» базасына төленіп жатқаны көп мәселенің бетін ашып тұрған сияқты.  

Сотты болған Шымкенттің «сыра королі» Тоқтар Төлешов соңғы жылдарын салықшылармен ауыз жаласып, 1 млрд. 300 млн. теңгеге жуық қаржыны салық ретінде төлемегені белгілі болған еді. Төлешов салықтарын 6 жыл жасырып келген.

Айыптау қорытындысы бойынша зауыттан түсер кірісті қадағалауы тиіс салықшылардың ауыздары майланып, сыра зауытының былығына көз жұмып келген. Прокурордың айтуынша, Тоқтар Төлешов қарамағындағы есепшілері арқылы салықшыларға «!!» мың АҚШ долларынан бастап, 5 миллион теңгеге дейін пара беріп келгені анықталған болатын. Төлешовпен ауыз жаласқан салықшылар да темір торға қамалған болатын. Сотты болған Шымкент қаласының Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлері – бөлім басшысы Гүлжан Бексейітова пара алған және лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланған, бөлім басшысының орынбасары Самат Алдабергенов, бас мамандар Нұржан Қарақожаев және Мадияр Мұсаев пара алғандарын мойындап, адвокаттары судьядан екі жылын қысқартуға рақымшылық сұраған еді.

Әлемде салықтан жалтарудың түрлі айла-тәсілдері жыл сайын пайда болып жатыр. Еуропада табыс салығы 40-60 пайызға дейін барады. Месси, Неймар мен Роналдудың т.б. секілді футбол жұлдыздары да салықтан жалтарғандары үшін айыпталып жатады. Әрине, спортшылар көбіне қол астындағы қызметкерлерінің алаяқтығынан жапа шегетіні түсінікті. Спортшылардың сенген адамдарына алданып, соттың шешімімен кейін миллиондап айыппұл төлегендері БАҚ-да белгілі болады. Базардағы саудагерлердің арасында әлі де базар «жанашырларына» сеніп жүргендер көп. Көзі ашық саудагерлеріміз саны аз.

Базардағы кәсіпкерлерді айтуынша «Самал», «Айна», «Қырғы базарларда» айына  10 000+8500 жеке кәсіпкер салығын құрайды. «Алашта» – 12500(базар арендасы)+9500 (ЖК) теңге. Екі базарда да кәсіпкерлерге арналған орындардың шаршы метрі үлкендеу және ыңғайлы жасалған. Жалпы, қаламыздағы барлық базарлардағы саудагерлердің жеке кәсіпкер салығын «Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаментіне» толық төлеп жүргендігіне тексеруге жүргізу керек сияқты.

Шымкенттің ортасында орналасқан «Автонұр» базарына адамдардың келе бастағанына алты жылдан енді асты. Қанағатын жоғалтып алған «Автонұр» базарының басшылығы мемлекетке тиісті салықты өз қалталарына салып жүргенін шындық болса, тойымсыздарды ертерек тоқтату керек. Біріншіден, бұл миллиондар базардағы саудагерлер ертең зейнетке шықса, зейнетақы қордан тиын алатындарын білмейді. Қағазбен бастарын ауыртқысы келмейтін базаршыларымыз ертең бармақтарын тістеп қалмақ. Көздерін жеткізуге өзерінің қорқақтығы кедергі болуда. Мысалы, жеке кәсіпкер мен патентті ажырата алмаған адамды алдау оп-оңай. Көзі ашық кәсіпкерердің өзін де алдап жүрген базар ақылдылары, астарындағы «Джиптерін», «айфондарын» ауыстырып үлгере алмай жүре бермек. 2015 жылы базардағы саудагерлерге жеке кәсіпкер болыңыздар деп міндеттеп алып, енді барлық бақылауды базарға беріп қоймайтын шығармыз. Қатаң бақылау керек.

Кезінде «Автонұр» базар басшылығы кәсіпкерлердің аяқтарына жығыла жаздап жүргендерін ұмыта бастаған сияқты. «Бекжан» базардың өртінен келген қырғыз кәсіпкерлердің қорлығы «Автонұр» басшылығы қайтып көрсетіп жатқандай көрінеді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген осы шығар.

«Заманына қарай заңы, тойғанына қарай сайы» деген бар. Барлық базарларымыздағы кәсіпкерлерден алынып жатқан салықтың ақшасын толық бақылауға алатын уақыт келді. Базардың «салық базасына» құйылып жатқан миллиардтарды мемлекетіміздің салық қорымызға толық бұра аламыз ба? Әлде, ауызжаласуды жалғастырып, кәсіпкерлерімізді тонап жүре береміз бе? Осы мәселені шешіп алуымыз керек.

«Автонұр» әкімшілігінің «нұрын» қазақ кәсіпкерлері де көріп жатқаны шамалы. Момын қырғыз кәсіпкерлеріне жасап жатқан бассыздық іс-әрекеттері, өз қазағының басына да туып отырғандай.
Базарларда есебі түгел кәсіпкерлер де жоқ емес. Әрине, оларға сақ құлақтан, тыш құлақ дұрыстау. «Бекжан» басшыларының қателіктерінен сабақ алмаған «Автонұр» базарының басшылығы «кәшәлөк» кәсіпкерлерді алдарында «жорғалатуы» шақ тұр. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осы әділетсіздікті тікелей өз бақылауына алып жатса, оңды тірлік болып та қалар еді. Базардағы кәсіпкерлердің шыдам-шектері де таусылып барады. Шыдамның да шегі бар.

А.Түйетаев

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.