Halyk Homebank қосымшасы арқылы неке қию өтінімін беруге болады.
Қызметтің бұл түрі 2023 жылдың ақпан айынан бастап іске қосылды.
Ол үшін үйден шықпай-ақ Halyk Homebank мобильдік қосымшасына кіріп, «Мемлекеттік қызметтер» бөліміндегі өтінішті толтырасыз. Мұнан кейін мемлекеттік баж (1 АЕК – 3 450 теңге) төлемі төленіп, 48 сағаттың ішінде жұбайы осы өтінімді растауы қажет. Неке қиюды АХАТ мекемесі 15 күннен кейін жас жұбайлардың қатысуымен тіркейді.
АХАТ саласындағы мұндай жаңашылдық азаматтардың уақытын үнемдеуге, қаржы шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Шымкенттің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының АХАТ бөлімі тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 8 түрін көрсетеді. Олар бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерді жазбаларына өзгерістер мен толықтырулар, түзетулер енгізу, неке қиюды тіркеу, неке бұзуды тіркеу, әке болуды анықтау, бала асырап алуды, қайтыс болуды тіркеу, акт жазбаларын қалпына келтіру, акт жазбаларын жою, қайталама куәліктер мен анықтамалар беру және тегін, атын, әкесінің атын өзгерту.
Айта кетейік, 2022 жылғы статистика бойынша 49 674 азаматтық хал актілері тіркеліп, мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Азаматтар мемлекеттік қызметтің барлық түрін электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы ХҚКО-да немесе үйден шықпай-ақ электрондық үкіметтің веб порталынан ала алады.