Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Естайұлы жұмыс сапарымен Созақ ауданына барып қайтқан болатын. Онда бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып шықты.
Ө.Шөкеев алдымен Шолаққорған ауылындағы «Ғажап» шаруа қожалығына аялдадуды жөн санады. Мал бордақылаумен айналысатын қожалық 2004 жылы құрылған екен. Қазіргі таңда онда мүйізді ірі қара, жылқы, қой мен түйе өсіріліп келеді. Тіпті, таза қанды ағылшын жылқылары да бапталады екен. Қожалықтың меншігінде 200 гектар жайылым жері бар.
Сондай-ақ, Өмірзақ Естай- ұлы аудандағы индустриалды аймақта болып, ондағы бірқатар өндіріс орындарын аралап көрді. Аудандағы индустриалды аймақта 4 жоба жүзеге асырылған. Жалпы, жер көлемі 50 гектарды құрайды. Ондағы жобалардың бірі – «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты» ЖШС. Аталған мекеме 2017 жылы жұмысын бастаған. Техникалық майларға арналған темір бөшке шығарумен айналысатын жобаның жалпы құны 337 млн. теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 120 мың дана бөшке шығаруға қауқарлы. Онда 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
«Дархан-АС» өндірістік кооперативінің «Ас тұзын өңдеу зауыты» да индустриалды аймақтың аумағында жұмыс істеп келеді. Аталған зауыт 2015 жылы іске қосылған. Жобаның инвестициялық құны – 210 млн. теңге.
3 гектар аумақта орналасқан мекеме жылына 9600 тонна ас тұзын өндіреді.
Сонымен қатар, Өмірзақ Естайұлы Шолаққорған ауылындағы «Тәуелсіздік» саябағын аралап көрді. Бұл нысан ел игілігіне 2017 жылы берілген. Сапар барысында өңір басшысы «Alma resort» серіктестігінің алма бауында болды. Бұл жобаға мемлекеттік бағдарлама арқылы 7,5 млн. теңге жұмсалған. Мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімі ауданға жасаған іссапарын «Мыңжылқы» мәдениет сарайында қорытындылады. Онда аудан әкімі Салыхан Полатов ауданның экономикалық-әлеуметтік салаларда атқарған жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ, «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жастар орталығы, жол құрылысы мен ауданның абаттандырылуы сынды жобалар туралы баяндады. Жиынды қорытқан Өмірзақ Естайұлы тарихқа бай Созақ өңірінде туризм саласын дамытуды да қолға алу қажеттігін айтты. Ол үшін Қызылкөл аймағын жаңғыртып, демалыс аймағы ретінде дамыту қажеттігін ерекше атап көрсетті.