86 жыл бұрын адамзат тарихында осыған дейін тіркелмеген сұмдық зұлмат болды. 1932-дегі қазақтың 3-4 миллион адамын жалмаған ашаршылықты айтқалы отырмыз.
Бұрын-соңды деген теңеуді бекер алып отырғанымыз жоқ. Расымен, әлем тарихында, айналдырғаны бір-ақ қана жылдың ішінде бір ұлт өзінің 70 пайыз адамынан айырылғаны жоқ. Ал, қазақ осындай сұмдықты бастан өткерді. Негізі, мұндай геноцидтен кейін қазақ ұлт ретінде жойылуы керек еді. Бірақ, Құдайдың бізге байланысты бір жоспары бар шығар, жоғалмадық, көбейіп келеміз…
Халықтың астығы мен малын «тегін алу»
Ашаршылыққа не себеп болды? Большевиктер ССРО-ны мешеу, аграрлы мемлекеттен индустриясы дамыған, танкі-ұшақты өзі шығара алатын елге айналдырғысы келді. Бірақ соңғы 10 жыл азаматтық соғыстан көз ашпаған елдің қоржынында, соқыр тиын жоқ еді. Шет мемлекеттер Совет Одағына кредит бермеді. Жаһан жұрты ол кезде орыстан тек қана азық-түлік сатып алып тұрды. Коммунистер енді көбірек ақша табу үшін көбірек азық-түлікті сыртқа сату керектігін ұқты! Бірақ, өкіметке тиесілі ас-ауқат жоқ. Ал шаруалардан сатып алуға, ақшасы және жоқ. Не істейді? Коммунистер өз халқының қолындағы етті, астықты тегін алудың жолын ойластырды. Сөйтті де, «колхоз», «совхоз» деген өмірде болмаған резервация-ауылдарды пайда қылды.
Колхоз, аты айтып тұрғандай, көпшілік қолындағы мал-мүлкін ортаға салады. Жұрт болып, соны бағады, баптайды. Ұсақ-ұсақ ауылдарды осылай біріктіру зор табысқа әкеледі деп сендірді. Былай қарап тұрсаң, дұрыс идея сияқты. Біреуде трактор бар, енді біреуде жер бар. Тағы біреудің қолында диірмен бар. Бұлар біріксе, расымен де шаруа дөңгелеуі керек. Бірақ, олай болмай шықты. Жұрт малын ортаға салған кезде ол мүлкі бірден мемлекеттің заты саналып, Үкімет оны алып қоюға, сатып жіберуге құқылы болды. Әуелгідегі колхоздарды құрудағы мақсат – халықтың малын, егінін алдап тартып алу, тегін алу емес пе еді?!
Не керек, 1928-1931 жылдары Қазақстандағы ауылдардың дені колхоздастырылып болды. Енді сол колхоздың қорасына қамалған 40 миллион қой-ешкі, жылқыны тегін алу керек болды. Бірден тартып алса, бүлік басталуы мүмкін. Сондықтан үкімет әуелі ет өткізіңдер деген желеумен ауылдарға тапсырма берді. Бірінші кезде қолдағы төрт түліктің 30 пайызы тартып алынды. Кейін ол 50 пайызға дейін көтерілді… Тегін алынған мал сойылып, еті Еуропа, АҚШ-қа сатылымға шығарылды. Түскен ақшаға Сталин зауыт-фабрикаға керекті құрал-жабдықтар сатып алып жатты.
1932 жылдың күзінде құрғақшылық болып, егін аз шығып, мал басы азайып кеткеніне қарамастан, Мәскеу колхоздарға астық пен етті бұрынғыдан 3 есе көбірек тапсыруды сұрады. Қазақстан ғана емес, күллі одақтағы елдердің халық комиссарлары бұл тапсырманы орындау мүмкін еместігін айтумен болды. Бірақ, Голощекин секілді ұрда-жықтардан құралған коммунистік билік «мүсәпір болып ойнауды доғарыңдар, шартты орындаңдар» деп тіке кетті.
«Киргизские чабаны хочет удушить советское правительство костлявой рукой голода. Мы покажем им, что такое голод».
Ф.И. Голощекин. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан тартып алам деген үкімет тапсырманы орындамаған украин деревняларының бүкіл бидайын тонап алды. Еш болмаса, көктемгі егістікке бір түйір қалдырмады. Ал, қазақтардың ауылында мал қалмады. Ол ол ма, үйдегі сүрлеулі ет, қапшықтағы арпа-сұлысын да бермесіне қоймады.
Сорақысы, бұл тартып алынған астықтың біразы қоймаларда шіріп, бүлінді. Парадокс. Халық ашығып жатты, ал үкіметтің қамбаларында тонаумен табылған азық-түлік бүлініп жатты. Тартып алған мал, шөп-су ішпегендіктен көтерем боп, өліп жатты. Жезқазған жақта үйілген малдың етін өртегенде ол жыл бойы бықсып жанып жатты деген деректі айтады мұрағатшы Табыл Құлыяс.
Тігерге тұяқ, ішерге ас қалмай, бүкіл мүлкінен айырылған ауылдар ашаршылыққа ұрынды. 1932-33 жылдары Совет үкіметі шетелге 3.41 миллион астық, 47 мың тонна ет өнімін өте төмен бағада экспорттапты. Дүниежүзілік сауда ұйымы Совет мемлекетінің азық-түлік бағасын осыншама төмен бағада сатуын демпинг деп санап, қарсылық келтіріпті…
Халқының жеп отырған нанын аузынан тартып ап, шетелге сату не жақсылық әкелсін? Совет мемлекетінде 30 миллион адам ашаршылыққа душар болды. Станислав Кульчицкийдің дерегінше, Украина елінде сол жылдары 3 миллион 238 мың адам түк таппай, аштан өліпті. Бұл есепке елден кеткендер мен ауыр жолда қаза болған босқындардың статистикасы қосылмапты.
Ал сол кезде адам саны 8-9 миллионға жете-ғабыл Қазақстанда 1932-ші жылғы ашаршылықтан соң, 2 миллионнан сәл асатын қазақ қалды. Нақты қанша миллион жұртымыз ашығып өлді? Дерек жоқ. Украина елінде әр деревняда қанша бала туды, қанша адам өлді деген деректерді шіркеу тіркеп отырған екен. Аштықтың кесірінен 3 миллион 238 мың адамын жоғалтқанын, ғалымдар осы шіркеудің прихожандар туралы қағазынан шығарып отыр ғой. Ал, қазақтарда мешіт «туу мен өлімді» тіркеген жоқ. Алайда, кімнің атасында қанша бала болды, қаншауы аштан өлді деген сұрақтарға шежіре көмектесе алатыны анық. Егер күллі қазақ еліне шежіреңді түгендеңдер деп, бастама көтерсек, ашаршылық қанша азаматымызды алып кеткенін біле алар ек, санын шығарар едік.
Қалай дегенде де, Совет Одағының қолдан ұйымдастырған ашаршылығында, басқа халықтардан қарағанда, қазақ ұлтының жоғалтқаны тым көп екендігі даусыз! Мысалға, Ресей Федереациясында осы зұлмат кезінде 400 мың кісі өлген. Неге басқа жұртпен салыстырғанда аз? Себебі, қызылдар украин мен қазақтың аузындағысын тартып алып жатқанда орыс мұжығының картошкасы мен пиязына тиіспепті.
Осы ашаршылықтың кезінде Алматы қаласында болған Италия консулы Римге мынадай деректер жіберген екен: «Каждую ночь в горде собирают по 250 трупов умерших от голода. Замечено, что большое число из них не имеют печени, из которой готовят пирожки и торгуют ими на рынке».
Аш-жалаңаш халық өліп қалмасы үшін колхоздың орылып қойған егістік алқабынан жерде жатқан бидайды теріп, солай жан сақтап жүрді. Бірақ, 1932 жылы 7 тамызда «Социалистік мүлікті ұрлаған, талан-тараж еткендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту» туралы заң шықты да, осы баппен одақ көлемінде 125 мың адам масақ тергені үшін, жүк көліктерінен кішігірім төгіліп қалған бидайды жинағаны үшін түрмеге қамалып, оның 5400-і атылды. Осы бидай масағын терем деп, түрмеге түсіп, атылып кеткендердің дені – қазақ әйелдері еді…
«Қалаға кіргізбеңдер!»
Қорадағы бүкіл малын Совет үкіметі тартып алған соң, ауылдағы ағайын қалаларға ағылды. Колхоздар қаңырап қалып жатқаны – әлбетте үкіметтің қате саясаттың кесірі. Бірақ, мұны большевиктер мойындағысы келмеді, шаруаларды сол ауылдан шығармауға күш салды. 1933 жылы 22 қаңтарда Молотов пен Сталиннің қолы қойылған жаңа жарғы шықты.
Ол құжатта: «Массовый исход крестьян организован врагами советской власти, контрреволюционерами… запретить всеми возможными средствами массовое передвижение крестьянства Украины и Казахстана в города» деген құпия тапсырма болды.
Колхоздан адамдар шығып кетпесі үшін әскер ауылдарды айнала қоршап тұрды. Ішерге асы жоқ халық қалайда қоршауды бұзып шығуға тырысты. ОГПУ қалдырған мәліметтерге сенсек, Қазақстан мен Украинның аштық жайлаған аудандарынан кетіп қалуға тырысқан 219 мың адам ұсталыпты. Тағы да түрме, тағы да ату жазасы…
«Қаланың кіреберістеріне әскери қарауылдар қойылғанымен, қазақтар бәрібір Ташкент, Алматы, Қарағанды секілді қалаларға кіріп жатты. Аштықтан бұратылған бұл адамдар, қоқыстарда, дәретханаларда нәжіс жеп күнелтті. Өліп жатқандары да көп. Аштықтан қимылдай алмай қалғандарды қала басшылығы вагондарға салып, далаға апарып, тастап жатыр». Бұл дерек тағы да италиялық дипломаттың естеліктерінен алынып отыр.
Ең сорақысы, Солженицынның естеліктеріне сенсек, босып кеткен халық ГУЛАГ секілді лагерлерге келіп, мелшиіп тұрады екен. Жаны ашыған тұтқындар оларға нан лақтырып, ауқаттандырып тұрыпты.
«Совет Одағында ешқандай ашаршылық жоқ»
Совет Одағында болып жатқан алапат ашаршылық қалай ғана әлем назарына ілінбеді? Себебі, ол туралы айтатын, жеткізетін ешкім болмады. 1922 жылғы ашаршылықты жаһан елдеріне Міржақып Дулатұлы сияқты ұлт қайраткерлері хат жазып естіртсе, Ілияс Жансүгірұлы секілді ақын-жазушылар аштық туралы өлең-романдар жазып, дүниежүзінің интеллигенттерін зұлмат жайынан құлағдар етті. Тек әлемдік ақпарат құралдарына зауалды жеткізіп қоймай, өздері малды аудандардан жылу жинауға кірісті. Іле-шала шет мемлекеттің зиялы қауымы да дереу іске кірісіп, Совет Одағының ашыққан аудандарына гумантиралық көмек ұйымдастырғаны бар.
Ал, мынау екінші ашаршылық туралы неге ешкім үндемеді? Себебі коммунистер «ауылдарды ұжымдастыру» науқанын бастамас бұрын, 1928 жылдары ұлт азаматтарын қамап, түрмеге тоғытып тастады. Сондағы айыбы: Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы 22-дегі аштықты пайдаланып, халық ішіне барып, совет үкіметіне қарсы астыртын әрекет жасапты. Осы жаламен ұсталды. Соңыра атылды. Бітті! Ұлт жанашырларынан айырылған сәтте қырғынға ұшырады.
Десе де, түрлі қаңқу сөз, алып-қашпа ақпарат бәрібір Батыс елдеріне жетті. 1933 жылы тамыз айында New York Herald Tribune газеті Ральф Барнс дейтін журналистің ашаршылық туралы мақаласын басты. Ол «Советтер елінде 1 миллион адам аштықтан өлді» деген дерек жазады. Америка қоғамы бұл цифрді тым әсірелеп жіберген деп санап, сеніңкіремеді. Мәскеуге де керегі осы еді. Шетел журналистері қате апқарат таратуда дегенді желеу етіп, есікті тарс жапты, мәлімет беруден бас тартты.
Сталин елдегі ауыр жағдайдың сыртқа шығып кетпесі үшін қолынан келгенді жасап бақты. Ақпараттық дефициттен бөлек, шетелдің атақты жазушы-ақындарын Мәскеуге шақырып, пікірін сатып алуды да ойластырды. Мұрттың көсемнің құрығына Бернард Шоу шалынып қалды. Ол Совет еліне келіп, большевиктер ұйымдастырған пресс-турға қатысты. Әлбетте оның көргені – дастархан толы ас-ауқат, мәз-мейрам шаруалар. Ақын осыдан кейін Лондонға қайтып келіп, күллі батыс журналистеріне ССРО-да ашаршылық жоқ екенін мәлімдейді.
Сталиннің «мойындауы»…
ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқталған сәтте ағылшын премьер-министрі Черчил алапат адам шығынын көрген Совет басшысы Сталинге қайғырып көңіл айтады. Сол кезде мұртты көсем: «Колхоздастыру кезіндегі шығынымыз бұдан көп болмаса аз емес еді. Бірақ, жаман да болса, соншама адамды құрбандыққа шалуымыз тиіс болды» деп айтыпты.
Сталиннің бұл сөзі шындыққа жақын келеді. Себебі 1937 жылы бүкіл одақтық халық санағы жүріп, 8 миллион кісінің ел үшін мәңгіге жоғалғаны мәлім болады. Бұл зерттеуді Мәскеу шпиондардың елді дүрліктіру үшін ойлап тапқан, қасақана тірлігі санап, құжатқа аса құпия мөрін басып, есеп жүргізгендердің түгелін атып тастайды.
Көзі қарауытқандар кісі жеді
Ашаршылық кезінде адам тек тәни тұрғыдан азып қоймайды екен. Оның жан-дүниесі де азып, азғындап кетеді екен ғой. Коммунистердің қолдан жасаған сойқанында адамдар тірі қалу үшін өлік жеген деректері бар. Мүрдені азық еткендер былай тұрсын, адамды ұрлап кетіп, мал секілді бауыздап жегендер де көп болған. Ашаршылықты көзімен көргендердің естеліктерін келтірсек.
«Детдомдамыз. Шикі быламық жеп, өліп жатқан балаларда есеп жоқ. Өлгендерін жерге 2-3 бел күрек қазып, бір шұңқырға бірге көме салатынбыз».
«Бір шал қайтыс болған екен, бұрын бай болған, жерлегеннен кейінгі түні екі жігіт қазып алып жеген».
«Ақадыр жақта елі жағынан туысымыз болған. Сол кісінің екі ұлы болатын. Бірі – 3-те, екіншісі – 6-да. Туысымыздың көршісі: «Жейтін тамақ жоқ, балаларыңа не бересің? Олар сені өлтіреді, не аштан өзің өлесің. Одан да біреуін сойып жейік» деп азғырған. Содан екеуі үлкен ұлын сойып жепті. Қанша дегенмен ет таусылып, екінші ұлын да сойып жеген екен».
«Кейбіреулер баласын бесігімен тастап кетті. Өз қолдарымен балаларын суға лақтырғандар болды. Тышқан, құрбақаны қолы жеткен адам жейтін. Адам жегендер де болды. Тек екі табан, екі алақан, екі беттің ұшы ащы болғандықтан жемейді екен. Қалғанын жеп қояды. Орман деген байдың баласы киіз үйдің ішінде өліп қалса, біреулер үйдің уығын сындырып, әлгінің санын жеп кетіпті. Жүсіпбек деген шал аштан өлген баласын пісіріп жеген».
«Жұмыс істегендерге күніне 500 грамм бидай берді. Ал колхоздың жұмысына шығатын адамы жоқ үйлерге ештеңе берілмеді. Аштықтан өлгендерді жерлеуге шамамыз келмегендіктен, үйлерінің тіреу ағаштарын өгізбен сүйретіп, құлатып, өз үйлерін молаларға айналдырдық».
«Еркектердің көбісі тамақ үшін қатындарын қырғыздарға сатқан. Ел атқұлақ, шырмауық, жаужұмыр, желкек, қояншөп деген шөптерді қорек қылды. Байдың қыз-келіншектері алтын-күмісті кебекке айырбастайтын».
«Есек жедік. Ұстасақ, тасбақа, қарғаның балапанын жедік. Киіз, арқан, көң пісіріп жейміз. Тапсақ тасбақа жейміз. Ол құр шандыр болады екен».
«Мен мектепте оқитынмын. Өзім толық болдым. Молдағұл ағам «біреулер сойып жеп қояды» деп мені мектепке жібермей қойды».
«Сол кезде адам сыйлау деген жойылған болатын. Бір туысымыз отбасын алып бажасына барса, бажасы жақтырмай, тек балдызын алып қалып, күйеуін жас баласымен кіргізбепті. Ол кісі баласын көтеріп, зираттың қасынан өтіп бара жатып, ашық тұрған бейітке баласын тастап кеткен де, өзі қаңғып жүріп өлген».
Адам етін жеу фактілерін тіркеп, статистиканы бұзбасы үшін большевиктер каннибализмге барғандарды ұстаған жерде, сотсыз, тергеусіз атып тастап отырған. Бірақ бұл айуандықты жасыру мүмкін емес еді. 1933 жылы ашаршылық тоқтады. Жоқ, оны үкімет ашыққандарға мал беріп, көмек беріп тоқтатқаны жоқ. Аш-жалаңаштар түгелдейі өліп, ашаршылық солай тоқтады. Ал қалаларда әлі де болса, өріп-босып жүргендерді үкімет ит аулағандай, қырған…
«Қарасу деген жерде 1932 жылы күзде көп қазаққа қазан асылды. Өзбекстан басшысы Файзулла Ходжаевтың бұйрығымен көже пісіріліп, аш балаларға тамақ берілді. Көжені ішкен балалар өліп қалды. Сөйтсе, қаланы аштардан тазалау мақсатымен көжеге у қосылған екен».
Айтпақшы, алапат аштық, адамның хайуан болып, бір-бірін жеуге дейін баруы – есі бар жұрттың ашу-ызасын тудырды. Қазақстан көлемінде 31-33 жылдары 372 көтеріліс болыпты. Аз ба, көп пе? Мұндай баскөтерулер тек біздің елде емес, күллі одаққа мүше мемлекеттерде көрініс таба бастады! Волга бойы бұлқынды. Украин ұлтшылдары бас көтеріп жатты.
Айтпақшы, осындай көтерілістердің алды басталып келе жатқан 1932 жылдың жаз айында Сталин жұрт алдына шығуды мүлдем доғарыпты. Сочидегі дачасында, тығылып жатып алған. Қорықты дейді! Шаруаның қолындағы малын тегін алсам деген аферасы неге алып келгенін, жұрттың ашу-ызасының қандай деңгейде екенін сезінген, содан шошыған ғой. Бірақ, күллі елді шарпып кетуі мүмкін аштардың көтерілісі, сол күйі болмай қалды.
Сталиннің «құлақкесті құл дайындау» технологиясы
Сталин бекер қорыққан жоқ. Жоғарыда жаздық. Совет мемлекеті ондаған жыл азаматтық соғыстан көз ашпады деп. Тиісінше, бұл жаңадан құрылған мемлекетте соғыса алатын тұрғынның саны көп болды. Ал, жаңа үкіметке қызметке тұрған кадрлардың дені – далалы жерде, қала ішінде ұрыс жүргізуді, партизандық тәсілдерді өте жақсы білетін. Мұртты көсемнің «ұжымдастыру» аферасының быт-шыты шығып, 30 миллион жұрт ашаршылыққа душар болды. Сол ашыққан, бүкіл астық-малынан айырылғандар, билікке қарсы көтеріліске шықса, коммунистерді талқандап тастайтыны анық еді. Қай жағы күшті, соған өтіп кете салатын бұрынғы ардагер, қазіргі мемлекеттік кадрлар сенім ұялатпайтын.
Марк Солонин атты сталинтанушы ғалым айтады, көсем және оның айналасындағылар байларды тап ретінде жойған соң, ондаған миллион халықты аштықпен қырған соң ғана Ресейді емін-еркін билеуге мүмкіндік алды дейді. Ал, ауылдарды бір жерге топырлатып жинап, колхоз құрған, шаруаның бүкіл малын үкіметке тартып әперген «белсенділер» болса, содан кейін Сталиннің тұтқынына айналды да қалды. Себебі, халықты ашаршылыққа ұрындырған олар, енді сол халыққа қайтып бара алмайтын еді. Амал жоқ, ол белсенділер партияның әмірімен ғана жүріп-тұратын қуыршаққа айналуға көнді. Басқа таңдауы жоқ еді.
«1932-1933 жылғы сұмдықтан өткен, шыдап берген кадрлар – нағыз болат-темір! Меніңше, партия не бұйырса да, еш ойланбастан іске кірісіп кететін мұндай қызметшілермен тарихта бұрын-соңды болмаған мемлекетті құруға болады». 1934 жылы қаңтар айында Орджоникидзе қанды көйлек жолдасы Кировке осылай деп хат жазыпты.
Қандай дәл айтылған сөз десеңші! Расымен, адамзат тарихы мұндайды бұрын көрмеген еді. Енді ше, күн сайын, аштықтан бұратылып жатқан, ісініп кеткен адамдарды вагондарға тиеп-салып, еш шіміркпестен қу далаға өлуге апарып тастай алатын кадрлар ежелгі тарихта болды ма? Әй, таба алмайсыз ғой!
Коммунистер өздерінің құлақкесті құлдарын «талонмен» сатып алу дейтін тәсілді ойлап тапты. 1932 жылы 8 ақпанда, жауапты қызметте жүрген коммунистерге жыл сайын 2700 рубль сыйақы төленсін деген политбюроның құпия жарлығы шықты. Қарапайым халық аштан қырылып жатыр. Ал белсенділерге қызыл өкімет ақша беріп, азық-түлікпен қамтып жатыр. Міне, осы ашаршылықтың кезінен бастап, Сталин жұртты режимге ыңғайлы, ыңғайсыз деп екіге бөлді. Әуелгілеріне небір артықшылықтар, мансаптық биіктеулерді маңдайына жазып қойды. Бұл артықшылық ұрпақтарына да беріліп отырды. Сол ашаршылық кезінде аса белсенді болып, үкіметтің сойылын соққандардың бала-шағасы кейінірек Мәскеу, Ленинградта оқып кеп, әке жолын жалғастырды. ССРО құлағанға дейін шолақбелсенділердің ұрпақтары билеп-төстеп тұрды.
Мысалға, 1932 жылдың күзінде ашаршылық ең шырқау шегіне көтеріліп жатқан тұста Алматыда тұратын коммунист-шенеунікке ай сайын 4 келі ет, 4 келі колбаса және бір келіге жуық уылдырық жіберіліп тұрған.
Ең сорақысы, сол күз айында, Ленинградта өткелі отырған ЦК пленумына қатысатын делегаттарды тамақтандыру үшін Орталық одақ елдерінен 10 тонна ет, 4 тонна балық, 600 келі ірімшік, 300 келі уылдырық, қысқасы ас-ауқаттың 93 түріне тапсырыс беріпті.
Сол пленумда сөз сөйлеуі тиіс болған жазушы Александр Адвеенко «пир Мәскеуге дейін-ақ басталып кетіп еді» деп естелік қалдырған. Мәтінді аудармай беріп отырмыз:
«С той минуты, как мы сели в поезд и стали гостями чекистов, для нас наступил коммунизм. Ни за что не платим. Копченые колбасы. Сыры. Икра. Фрукты. Вина. Коньяк. Ем, пью, и вспоминаю, как добирался до Москвы. Всюду вдоль полотна стояли оборванные босые дети, старики. Кожа да кости. Все тянут руки к проходящим вагонам. У всех на губах одно слово: хлеб, хлеб, хлеб».
Ал, Мәскеуге барғанда аста-төк тамақты көріп, есінен танғанын жазыпты. Бифштекс, қуырылған балапан еті, шашлық, янтарь майымен шыланған шпрот, шабдалы дейсіз бе, енді жаныңа керектінің бәрін көрген ғой.
ЦК пленумында аштық жайлаған аудандарда қызмет істейтін райком қызметшілеріне аса құпия тапсырмалар берілген. Төменде, сол бұйрықтың жазбаша үлгісін келтіріп отырмыз: «Вы должны научиться есть, даже если все кругом будут умирать от голода. Иначе некому будет вернуть урожай стране. Не поддавайтесь чувствам, и думайте только о себе».
Ашыққан халықты аяп, үкімет тарапынан өзіне ай сайын беріп отырған ас-ауқатынан бірдеме бөліп берген басшы болса, бітті! Бірер күннен соң, қызметінен қуылады, өмірден де жоғалады. Мысалға, 1931-1932 жылдары Шет ауданын басқарған М. Байбоқышев, аш халыққа кішігірім азық таратып бергені үшін қамауға алынады. Ұрып-соғу әдеттегі іс қой. Бірақ, бет-албатты өлтіре салуға болмайды. Статистика бұзылады. Сондықтан НКВД жендеттеріне, кінәлі азаматтың өз аузымен «өзінің қылмысын» жайып салуы керек еді. Біраз әурлесе де, Байбоқышев берілмейді. Алайда, тергеушілер түрмеге 16 жасар қызын әкеліп, көзінше кезек-кезек зорлайтынын айтқанда қағазға қол қойыпты. Жасөспірім қыз пойыз астына түсіп өлді деген дерек бар.
Не керек, жұрт аштан қырылып жатса да, тамағын былқ етпестен жеп отыратын кадр осы зұлматтың кезінде даярланды. Партияға берілген осындай 55 мың қызметшіге талон арқылы азық-түліктің 20 түрі жіберіліп тұрды. Мұны тарихшылар «Микоянның паегі» деп атайды.
Осыдан кейін стратегиялық мекемелердің жұмысшылары, әскерилер және билікті жанын салып мақтайтын интеллигенттер үкіметтен үнемі талон алып тұрды. Бұлардың паегі, әрине, біріншілерден қарағанда қарапайымдау болды. Бірақ, жұртпен салыстырғанда бұл нағыз бақыт еді!
Қалалық жұрт талоннан қағылды, бірақ айлығы болды, дүкеннен керегін сатып ішуге шамасы жетті. Қоғамның ең төменгі бөлігіне әбден тоналған, үнемі кедейліктің шегінде өмір сүруге мәжбүр ауылдағы шаруалар мен түрме тұтқындары кірді.
Ашаршылық Сталинге, өзінің құлақкесті құлдарын даярлауға мүмкіндік берген науқан болды. Үкіметке жақсы жағынан көрінуге барын салған белсенділер шаруаның жеп отырған нанын, сауып ішіп отырған жалғыз малын тартып алып, бұл озбырлық ашаршылықты тудырды. Осыдан кейін олар халыққа мүлдем қайта алмайтын, бөлек сословияға айналды. Биліктен дәмесі болса, партияның әмірін ойланбастан орындай беруі тиіс еді. Солай болды да. Ашаршылықтың тағы бір залалы – билік пен халықтың арасы ашылып кетті. Билікке қарапайым халықтың ішінен өсіп шыққандар баруы өте-мөте қиындады. Ресей, Украин, Қазақстандағы үкіметтің қызметшілері Сталинге жаққан шолақ белсенділерден тұрды. Әрі 70 жыл бойына солардың ұрпағы билеп-төстеп келді.
Геонцид деп мойындауға келе ме?
2006 жылдың қараша айында Украинаның Жоғарғы Радасы 1932-дегі зобалаңды украин халқына қарсы жасалған геноцид деп ресми мойындады. Геноцид деп тануға себепкер болған фактіні украин ғалымдары 1930 жылы 22-ші қаңтарда басылған «Пролетарская правда» газетінен тауыпты. Ол жорналда мынадай мәлімдемеле жазылған еді: «Уничтожение социальной базы украинского национализма – индивидуальных крестьянских хозяйств – было одной из основных задач коллективизации на Украине».
Алайда, тарихшылардың бір парасы «украин геноциді деген сөз – тым ұшқары, ешкім ол кезде украин жұртын украин болғаны үшін қырған жоқ. Бұл тоталитарлық жүйенің өз халқына жасаған хайуандығы» дейді. Сталиннің кезінде болған зұлматқа, ғылыми атау әлі табылмаған секілді.
Жә, Қазақстанда болған 1931-1933 жылғы ашаршылықты геноцид деп тану не береді? Ең әуелі «балық аулауды білмеген бе?» деп аруақтарды мазақ қылатындарға тоқтам болушы еді. Колхоздастыру қыстың қақағын суығында жүрді. Бұл бір! Екіншіден, қорадағы мал, етке деп тартып алынды. Тірерге тұяқ қалдырмады! Үшіншіден, аш халықты колхоздан шығармай, әскерилер қоршап тұрды. Төртіншіден, қазақтарды қалаға кіргізбеу үшін кент-шаһардың сыртында пулемет ұяшықтары қойылды. Бесіншіден, қалаға кіріп кеткен қазақтарды аңша аулады, улы тамақ беріп өлтірді. Қысқасы, ашаршылық кезінде геноцид аталатын саяси қылмыстың барлық белгілері бар. Әлемдік тарихты қарасаңыз гераро, нама деген тайпаларға жасалған геноцид жайлы да мәлімет табасыз, бірінің 65 мың, бірінің 10 мың адамы қырылған. Ал, бір-ақ жылдың ішінде 4 миллионан астам адамы өлген қазаққа қатысты ақпарат жоқ!
Бұл тақырып бізге біреуден кек алу үшін керек емес. Бұл – біздің ұлт, қоғам ретіндегі ұйысып, бірігуіміздің нышаны. Бұл – біздің ұрпақтық, адами, адамгершілік борышымыз. Зұлматта көз жұмған әрбір қазақты айтпай, түгендемей, жерлемей біз оңған ел бола алмаймыз. Өлі риза болмай, тірі байымайды.
Нұрбек Бекбау