31 мамыр күні мың айданда қадірлі саналатын қасиетті қадір түні түлкібастық Демешовтер отбасында қуанышты жағдай орын алды.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен және республикалық «Харекет» қорының қолдауымен Түлкібас ауданы, Түлкібас кентінде пәтер жалдап тұратын Демешовтер отбасы Шымкент қаласындағы орталық мешітте жаңа үйдің кілтін қолына алып, қуанышқа бөленді.
Бақыткүл Ақназарованың 1979 жылы туылған жолдасы Ғалымжан Демешов бірінші топтағы мүгедек. Мүгедектік арбаға таңылған отағасының жұмысқа жарамайтыны белгілі. Отбасындағы 3 қыз, 2 ұлдың сабаққа дайындалуларының өзі бір мұң болатын. Себебі тұрғылықты пәтері болмағандықтан олар жылына 2-3 рет қоныстарын өзгертіп, пәтерден пәтерге көшіп жүретін.
Қиналған отбасы аудан әкімшілігіне жүгініп баспана мәселесін көтерген болатын. Аудан әкімшілігі тарапынан 18 жасқа дейінгі баларларға жәрдемақы, «Өрлеу» бағдарламасы арқылы қаржы, шартты атаулы әлеуметтік көмек және 2015-2019 жылдар аралығында шартсыз атаулы әлеуметтік көмектер көрсетіліп келген.
Енді міне ақ түйенің қарны жарылып жаңа баспанаға ие болып отырған көп балалы ананың аудан әкімшілігі мен «Харекет» қорына алғысы шексіз.