Еліміздегі күрделі операциялар тақырыбы қозғалғанда, Шымкенттің трансплантологиядағы алатын орны ерекше.
Әлемде жүрек және қан тамырлары аурулары жасарған тұста, 2001 жылы Шымкент қаласында алғашқылардың бірі болып кардиологиялық орталық құрылған болатын. Күрделі қалыптасу кезеңінен өткен орталық алғаш жұмысын бастаған кезде 2 электрокардиограф пен 1 дефибриллятор ғана болған. Материалдық-техникалық жабдықтардың жетіспеушілігіне қарамастан өңірдің жетекші кардиолог-дәрігерлері орталық жұмысын жандандыру үшін барын салып, 2002 жылдан бастап жүректе ишемиялық ауруы бар науқастарды инвазивсіз зерттеу әдістерін енгізсе, 2005 жылы дәл осы ауру түріне миокард реваскуляризациясының инвазивті әдістері тиімсіз болған кезде экстракорпоралдық кардиологиялық екпінді-толқынды терапияны (ЭКУВТ) қолдануды бастаған.
Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен келген ишемиялық жүрек ауруы бар науқастар Шымкентте ем қабылдапты.
2004 жылы ангиографиялық қондырғы алынып, жүрек қан тамырлары ауруы деректерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік туған. Дәл осы жылы алғаш рет коронография жасалып, кардиостимуляторды имплантациялау жүргізілген.
2021 жылы түрлі қиындықтағы 3000-нан аса ота жасап, жүрек ауруына шалдыққан жандарға үміт сыйлап жүрген орталық 2021 жылдың сәуірінен бастап «Шымкент жүрек орталығы» болып қайта құрылды.
Шымкент қаласындағы «Жүрек» орталығында жылдан жылға жоғары технологиялық оталар саны артып келеді. Былтыр емдеу орталығында 555 науқастың жүрегіне ашық түрде ота жасалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 100 адамға артық.
Сондай-ақ былтыр тамыз айында кардиология бағыты бойынша медициналық ұйымда ахуалдық орталық ашылған. Орталық кардиология саласындағы мамандандырылған қызметтердің жұмысына жедел мониторинг жүргізіп, емдеу жұмыстарын жақсартуға мүмкіндік берді.
Қазір кезде 44 амбулатория мен 3 ауруханада кардиологиялық кабинеттер ашылды.
Осыған дейін мұнда созылмалы жүрек аурына шалдыққан 8 науқасқа LVAC аппаратын орнату операциясы жасалған болатын. Ал бұрын мұндай операциялар Астана қаласында жасалатын.