ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әлтаев пен Түркістан облысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы директорының орынбасары Нәлібай Дәрібаев Шардараға арнайы іссапармен келген болатын.

Келген қонақтармен бірге аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ең бірінші кезекте Жаушықұм ауылдық округіндегі «Иіржар агро» ЖШС-іне ат басын бұрып барды. Жыл сайын бітік өнімге қол жеткізетін бұл шаруашылық биылғы жылы 195 гектар алқапқа шит септі. Оның 160 гектарын тамшылатып суару әдісімен еккен шаруалар одан өзге 43 гектарға бидай, 52 гектарға жоңышқа, 10 гектарға пияз, 3 гектарға жүгері дақылдарын егілді.

Диқан қауыммен тілдескен Мәжіліс депутаты олардың қырмандарына береке тіледі. Егіс басында Нұржан Бауыржанұлы аудан әкімі Қайрат Жолдыбаймен бірге Жаушықұм алқабын суландыру жайлы әңгіме қозғады.

Шардараға іссапармен келген халық қалаулысы «Хамит» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмыс барысымен де танысты. Балық өңдеумен айналысатын іргелі кәсіпорында бүгінгі таңда 250 жергілікті тұрғын жұмыс жасайды. Өнімдері Латвия, Литва, Франция, Германия, Қытай елдерге экспортқа шығарылып отырған бұл зауытта былтырғы жылы 2331 тонна балық өндірілген. Балықты тазалаудан бастап, мұздатылған және ысталған дайын өнім болғанға дейінгі жұмыс процесімен танысқан Нұржан Әлтаев зауыт қызметкерлерімен сөйлесіп, қанша жалақы алатындарын сұрады. 80 мың теңге көлемінде айлық жалақы алатынын айтқан жұмысшылар мұнда өздеріне ыңғайлы барлық жағдайлар жасалынып отырғанын жеткізді.

Мұнан кейін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында тұрғындармен кездесу өтті. Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай:

– Қазақстан Республикасы – қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет.Елбасының «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» тағы басқа ел дамуындағы маңызды бағдарламалары арқылы елде көптеген оңды өзгерістер орын алды. Бүгінде әлеуметтік қолдау шараларын күшейту арқылы еліміздің одан әрі дамуына жол ашылды. Әр мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму жолына қажетті мәселелер заңдармен реттеліп, бекітілуі керек. Осы бағытта еліміздің Парламенті халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып заңдар қабылдап, өзгерістер енгізуде. Бүкіл қазақстандықтардың игілігін көздейтін осындай өте күрделі және аса маңызды заң шығару жұмысына Нұржан Бауыржанұлының тікелей қатысып жүргенін ерекше атап өткен жөн, — деді.

Тұрғындар алдында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты өзінің туып-өскен жері Шардара өңіріне әрқашан да ерекше сезіммен қарайтынын жеткізді.

–Осындай күннің күйіп тұрғанына қарамастан кездесуге келгендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Аудан тізгінін кеше ғана қолға алған Қайрат Жолдыбайдың шардаралық азамат екеніне қуаныштымын. Қазіргі таңда Парламент депутаттары жазғы каникулға шығып, ел-елді аралап жүргенінен баршаңыз құлағдарсыздар. Бүгінгі келудегі мақсатымыз өздеріңізбен емен-жарқын сұхбаттасып, өзекті деген мәселелерді өз ауыздарыңыздан есту. Сондықтан да кез келген мәселе болса ашық айта беріңіздер, — деді Нұржан Бауыржанұлы.

Тұрғындар арасынан алғаш болып сөзге шыққан еңбек ардагері Үсен Құралбаев мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайлы айтты. Сол сияқты, аудандық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Байдулла Рахматуллаев Қызылқұм каналынан мал өтетін көпір салынса деген мәселе көтерсе, жас кәсіпкер Мақсат Желдібаев кәсіпкерлікпен шұғылданатын жастардың практикалық білім алуы үшін аз мерзімге шетелге жіберілсе деген ұсыныс білдірді. Ал, аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының басшысы Базарбай Тілеуімбетов шаруалар игілігі үшін біздің ауданда қаржы институттарының ішінде жалғыз «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілі ғана жұмыс жасайтынына қынжылыс білдірді. Сонымен бірге, кәсіпкер құқықтарының қорғалуы мен оларға жасалынар жағдайды жақсарту жөнінде бірнеше ойларын ортаға салды.

Әрбір тұрғынның айтқан ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев оларға тиісті жауаптар қайтарды.
–Қаржылай несие беру ұйымдарының жетіспеуі барлық ауданға ортақ проблема. Мен бұл бойынша шұғылданайын. Кез келген бизнес жобаларға жәрдем беруге дайынмын. Мана аудан әкімі алдағы уақытта қолға алынатын бірнеше жобаларын айтып өтті. Депутат ретінде Қайрат Жолдыбайұлының бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға атсалысатын боламын, — деді халық қалаулысы.
Жиын соңында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай шардаралықтардың өтініш-тілектерін тыңдап, олардың оң шешілуі үшін жұмыс жасайтынын айтқан Нұржан Бауыржанұлына аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.