Биыл Түркістан облысы Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толып отыр. Ал аудан орталығының Абай селосынан Шардара қаласына көшірілгеніне 50 жыл толыпты. «Елу жылда ел жаңа» деп бекер айтпаса керек, бүгінде шағалалы Шардараны әлем таниды. Қалай танымасын, қазіргі таңда Шардараның балығын Еуропа мен әлемнің бірқатар елдері кеңінен тұтынып жүр. Ал спорты ше? Даңқты атлет Арман Қарсыбаев негізін қалаған армрестлинг спорты әлемдік аренада жоғары орынды иеленіп келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Шардаралық қол күресшілердің арасынан бүгінгі таңға дейін 34 әлем чемпионы шыққан болса, кеше ғана Румыния мемлекетінде өткен әлем чемпионатынан тағы да 14 алтын медальды иеленіп, аудандағы әлем чемпиондарының саны 48-ге жетіп отыр! Басқа да спорт түрлерін қосқанда 56 шардаралық спортшы әлем чемпионы атағына ие.

Рас, жарты ғасырлық тарихында Шардараның мақтанышына айналған тұлғалы азаматтардың қатары да арта түсуде. Атап айтар болсақ, Кеңес Одағының батырлары Сейітқасым Әшіров пен Абылай Әлімбетов, Социалистік Еңбек Ері Қадырбек Маханов, Оңтүстіктен шыққан жалғыз Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаев, күріш өсірудің майталмандары болған Сырбек Кәтттабеков, Нартай Сапаров, «Даңқ» орденінің толық иегері Перуза Өтемісова есімді аға буын өкілдері ауданның ғана емес республиканың мақтаныштарына айнала білді. Ауданның тұңғыш басшысы – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Тілеуберген Тумышевтен бастап, әр жылдары ауданға басшылық жасаған Қауысбек Тұрысбеков, Әштар Жолдасов, Лесбек Бекжанов, Орынбай Рахманбердиев, Құлбек Қадырбаев, Өтеғұл Түгелбаев, Өстемір Тілегенов, Зәуірбек Салықбаев, Кенжехан Төлебаев, Байділдә Жылқышиев, Әуелхан Тұрғымбеков, Әлішер Есіркепов, Абдулла Ахметов, Серік Ибадуллаев, Марғұлан Марайым, Қамытбек Айтөреев, Арман Абдуллаев, Болатбек Қыстауов сынды Шардараның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан азаматтарды жұртшылық әр уақытта да құрмет тұтады. Аға буын ардагерлердің салып кеткен сара жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Қазіргі таңда Шардара қаласы мен 10 ауылдық округтерінде 23 ұлттан құралған 80 мыңға жуық халық тату-тәтті тіршілік құруда.

Шардара туралы сөз қозғағанда аймақтың рухани-мәдени өміріне ерекше тоқталуға болады. Бұл ретте шағалалы өңірдің атын облыс пен республика көлеміне танытып жүрген мәдениет және спорт саласының майталмандары аз емес. «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен айдай әлемге танылған, марқұм Лесбек Аманов, кезінде мұхиттың арғы жағындағы Куба еліне гастрольдік сапармен барып, Шардараның атын асқақтатып қайтқан күміс көмей, жезтаңдай әнші Бейсембек Бибосыновтай өнерпаз ұлдарын аудан халқы мәңгі ұмытпайды. 2006 жылы өткен Шәмші әндерінің Халықаралық байқауының гран-при иегері Айнұр Керімбекова, Американың Голливуд қаласында өткен байқауда бес бірдей алтын медальді жеңіп алған бұлбұл дауысты Мөлдір Бақытжанқызы секілді ән әлемінің жарық жұлдыздарын шардаралықтар орынды мақтаныш санайды. Шардарадан шығып, шартарапқа танылған таланттарымыз аз емес. Дарынды ақын, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса, өмірден ерте кеткен дарынды ақын, мәдениеттанушы, ойшыл Әмірхан Балқыбек, елімізге танымал ақын Бауыржан Қарабеков, Түркістан облыстық жазушылар одағының төрағасы, талантты ақын Әлібек Шегебай, Нұрғали Ыбырайым, Сәбит Лаханов, Әділ Әбдіраманов, Ұлмекен Лесбек, жыршы-термешілер Тәшман Шекеров, Әбдіғаппар Айдаров, Абылай Төлепов, Аманғали Ниязов, әнші-сазгерлер Нұрлан Адамбеков, Тұрлан Әшімов, Құрманғазы Ибрагимов, Мұрат Қоңырбаев, Асқар Мәуленов, Болдығыз Мырзағұлова, Фарида Батырқұлова, Эльмира Шонаева, Бақберген Омаров есімді өнер иелерін жерлестері ерекше құрмет тұтады.

Шарадара ауданының 55 жылдығын лайықты атап өту үшін аудан әкімі Қайрат Жолдыбай арнайы іс-шара бекітіпті. Іс-шара жоспарына сәйкес 55 жылдықтың құрметіне орай ауданда 55 игілікті іс-шара жоспары жасалынып, ол шаралар толығымен жүзеге асты.

Ал, жалпы тойға ойыссақ, Шардараданың 55 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде өтті. Тойға келген қонақтар ең алдымен Абай алаңындағы «Шежіре» ауылын және ретрокөліктер мен тарихи жәдігер бұйымдар көрмесін тамашалап, «Алтын күз» жәрмеңкесін» аралап көрді. Ұлттық киім киген 55 келін мерекеге келген ел ағаларына иіліп сәлем салып, ізет көрсетті. Мектеп оқушылар флешмоб ұйымдастырып, аудандық Мәдениет сарайында Шардара тарихынан сыр шертетін сурет көрмесі көпшілік назарын аударды.

Аудандық Мәдениет сарайында тойға жиналған қауымды аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, ақын, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса өңір тұрғындары мен қонақтарды мерейлі мерекелерімен құттықтап, тарту-таралғыларын ұсынды.

Аудан мерейтойы жоғары дәрежеде өтіп, бұл күні концерт те болды – онда еліміздің өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Сенбек Жұмағалиев, Жалғас Кеңесов, Мәдина Сәдуақасова ән шырқап, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады, марапат та болды – ауданның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлеріне, көптеген ауыл азаматтарына, құрметті қонақтарға сый-сияпат жасалып, мерекелік медальдар табыс етілді.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.