Өздеріңіз білетіндей, жақында ақпараттарда «олимп» кеңсесінің жабылуы туралы видеолар тарады. Осы ақпараттарға сенсек, кеңсенің салықтан жалтарып жүргені анықталды деп айтылуда. Тәртіп сақшылардың Алматыдағы кеңселердің біріне күштеп кірген видеосы да тарады. Видеоны көрген көпшілік бір қуанып та қалды. «Олимп» – деген мұз – қимылдады» деп. Қазіргі таңда қаладағы мектеп, спорт кешендер мен кітіпханадан көп «олимптің» жабылғаны жақсы жаңалықтардың бірі.

«Олимп» букмекерлік кеңсесі мен «Only bet» ЖШС мен «Alpha bet» ЖШС берген лицензиялар 2019 жылдың 29 қарашасында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен қайта қаралу нәтижесінде: «салықтан жалтара отырып, интернет арқылы ойын бизнесін заңсыз жүргізгені үшін» алты ай мерзімге күшін жою үкімі шығарылған екен. Букмекерлік кеңсенің қазірге бұдан басқа да заңсыз тірліктері тексеріліп жатыр.

Елімізде «олимпр» өз жұмысын 2007 жылы бастап, жүргізуге 10 жылға лицензия алып алған екен. Яғни, 2017 жылы лицензияның мерзімі аяқталған. Кейіннен лицензиясын создыруға кеңсе басшылығы нәтижелі әрекеттер жасап көрген сияқты. Әзірге нақты ақпарат жоқ.

Әзіл ретінде әлеуметтік желілерде «КНБ» мен «олимптің» жеңісіне «ставка» да тігіліп жатқан суреттер тарап кетті. Суретте«олимптің» жеңісіне көп беріліп жатыр (3,61). Яғни, кеңсе бұл «жекпе-жекте» жеңілуі мүмкін деген сөз. Қысқаша айтқанда «фаворит» – «КНБ». Жеңіс коэффициенті аздау. Тең нәтижеге де көп берілген – 3,74.

Ресми құжаттарда «Olimp kz» букмекерлік конторасы» ЖШС-нің құрылтайшылары ретінде Жауыровтар отбасы көрсетілген. Анарбек Орақұлы Жауыров (1972 ж.т.), Жәнібек Орақұлы Жауыров (1975 ж.т.) және Ғалия Әбдіназарқызы (1974 ж.т.). Ал, негізі контораның басында – Олег Григораш есімді өзге ұлттың адамы тұр.

Дина Нұрпейісова атындағы Атырау академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері және белгілі күйші Орақ Жауыровтың келіні мен балалары «олимп» кеңсесінің еліміздегі құрылтайшылары. Жәнібек пен Ғалияның иелігіне – «Olimp kz» букмекерлік кеңсесі, «Олимп» букмекерлік конторасы», «Олимп» букмекерлік орталығы» кіреді.

Қазіргі таңда, Алматы қаласында 120-дан астам «Олимп» кеңсесінің нүктелері бар. Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында да осы шамалас букмекерлік кеңселер етегін жайған. Миллиардтаған ақшалар осы жүздеген кеңселерде құмға сіңген судай жоқ болуда. Жастарымыз жабылып жүріп жоғарыдағы көкеліріміздің қалталарын кеңсе арқылы толтыруда.

Букмекерлік кеңселерге байланғандардың басым көпішілі өзіміздің қара домалақ жастарымыз. Студенттің степендиясы мен жанұясы бар жастың да жалақысы «ставка» болып харамға тігіліп кетуде. Жалпы, құмар ойындар елімізде өзекті мәселеге айналып отыр.

Еліміздің заңында әр көшеде «олимп» кеңсесі кемі бесеуден болу керек деген жазылмаған шығар. Өзіміз кеңселерді тым еркінсіндіріп жіберген сияқтымыз. Қазір жүз метр жерде бес букмекерлік кеңсе тізіліп тұр. Сыртына киімі жоқ қыздардың жарнамасын іліп қоятындары бар арасында. Ата-анасымен өтіп бара жатқан ұл-қыздарымыздың тәрбиесі не болды? Сұраныс бар жерде, ұсыныс та бар. Жеңіл ақша тапқысы келетіндер көбейіп жатыр. Еңбекке құштар жастарымызды өзіміз ақылы аз кезде осылай құртып алып отырмыз-ау. «Екбексіз келген мал, есепсіз кететінін» біле тұра, құмар ойындарға құмарлығымызды күшейтіп жатқанымыз өкінішті.

Құдай сақтасын, әрине! Тәртіп сақшыларымыздың кешегі іс-әрекеттері көзбояушылықтың айналасында қалып жатса, жақын жылдары Қазақстанның әр қаласында «олимптің» мыңдаған нүктелерін көретін боламыз. Енді тамыр ала бастаған букмекерлік кеңселердің ертерек жабылғанын қаласақ, болашағымыз дұрыс болмақ.

Болашақта кеңселерді мемлекетіміз түп тамырымен жоқ етіп тастай ала ма? Қазіргі қоғамда көпшілікті осы мәселе қатты мазалай бастады.

Асылбек Түйетаев

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.