Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Жақсылық Мәуленов мәлімдеді.

Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Шымкент қаласында эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады. Науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жалпы қаламызда короновируспен күрес бойынша ем алу шараларын жүргізуге 3264 медицина қызметкері жұмылдырылған.

– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, эпидемиологиялық жағдайды ретке келтіру және коронавирустық инфекцияның кең таралуын болдырмау мақсатында науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жалпы инфекциялық ауруханаларда 650 төсек-орын бар. Онда 366 науқас ем қабылдауда. Бұл дегеніміз, жағдайдың тұрақталып келе жатқанын көрсетеді. Яғни, қалада кәсіпкерлік нысандардың, сондай-ақ азаматтардың карантин талаптарын сақтауы оң нәтижесін беруде. Сонымен қатар, жеңіл орта дәрежедегі правизорлық орталықтарда емделіп жатқан науқастар да бар. Өздеріңізге белгілі, 3210 правизорлық орталықтар болып саналады, яғни 26 мекеме. Бұл жерде 1832 науқас емделуде. Жалпы өткен тәулікте жедел жәрдемге 1707 шақырылым болған. Оның ішінде ЖРВИ бойынша 22 науқас болса, жалпы пневмониямен – 98 адам.

Айта кетерлігі, Шымкентте медициналық көмекке жүгінетін азаматтар санының азаюына байланысты жеңіл атлетика спорт кешеніндегі 360 орындық күндізгі стационар жабылды. Бұл стационарда алғашқы бірнеше күнде 500-ден 700-ге дейін тұрғын емделді. Соңғы бес күн ішінде стационарға келушілердің саны күніне 25 адамға дейін азайды, яғни күнделікті стационарға әр емханадан екі-үш емделуші келді. Ол жердегі қызметкерлер өз емханаларына барып жұмыстарын атқарып жатыр, – деді Ж. Мәуленов.Оның айтуынша, қалада 14 емхананың күндізгі бөлімінде ЖРВИ және пневмониямен ауыратын науқастар барып, дәрігерге қаралып, тегін дәрілерді ала алады.

Бұл ретте, соңғы 7 күнде Үкімет тарапынан бөлінген екі ұшақпен және бес жүк көлігімен Үндістан, Ресей мен Украина елінен қажетті дәрілер қаламызға жеткізілді. Олар ең алдымен қаладағы медициналық ұйымдарға, сосын дәріханаларға таратылуда. Дәрілік қор жеткілікті.

– Өздеріңізге белгілі, күні кеше Шымкентке Ресейден бір топ дәрігер келіп, коронавирустық инфекциямен күрес бойынша тәжірибе алмасуда. Ол дәрігерлер 3-4 топқа бөлініп, белгілі бір ауруханаға бекітілген. Екіжақты жұмыстардың нәтижесін алдағы уақытта жариялап отыратын боламыз, – деді Денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Айта кетсек, бүгінгі күнге дейін қалада коронавирус індетін жұқтырған 4251 адам тіркелген, қауіпті індеттен 2499 азамат жазылып шыққан.Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.