Көшелеріміз букмекерлік кеңселерге толды

Барлық қалаларымызды «Олимп» деген «көгергір» қаптап, көзіміздің күйігіне айналып, жастарымыздың уақыты «ұрланып» жатқаны жасырын емес. Алматы, Астана, Шымкент пен Түркісан қалаларының орталық көшелерінде букмекерлік кеңселердің түр-түрін көруге болады. Аудан орталықтары мен ауылдарымызда да бір-екеуден ашылып, жастарымызды «кең құшағына» букмекерлер баурап алған. Жастарымыз күндіз-түні бос уақыттарын «олимпте» өткізуде.

Көшелерден бөлек кеңселер адамдарға ұялы телефоны арқылы да «ставка» тігуге жағдай жасап берді. Уақытын кетіріп, ақашасын беруге қиналмасын дегендері ғой. Санасын жоғалтқан «ставщиктер» айлап күткен жалақыларын букмекерлік кеңсеге жетпей, «карточкасына» түсе сала тігуіне ығайлы етіп берді. Кеңселер осылай адамдардың жалақысын тартып алудың оңай жолын тапты. Үйінде күтіп отырған бала-шағаларына жетпей, құрдымға кетіп жатқан айлықтар-ай. Ресейлік кеңселер миллиондаған қазақтардың миллиардтаған ақшасына байып отыр. Өзіміз ес жинамасақ, өзге елдіктер бізге жандары аши қоймас.

Қазіргі қоғамда қазақтың ұл-қыздарының санасын улап қана қоймай уақытын, ақшасын ұрлауға бағытталған «механизмдер» көп пайда бола бастады. Жаңбырдан соң шығатын саңырауқұлақтар секілді көбейіп бара жатқан кеңселер де сол «механизмнің» қатарына жатқызуға болады.

«Олимп» кеңсесі қысқа уақыттың ішінде «ставка» жасаушы жастарға барлық жағдайлар жасап беріп, тез баурап алды. «Оңай» жолмен ақша «табудың» жолын көрсетіп, жастардың санасына сіңдіріп алды. Абай атамыздың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген өсиетін жастар ұмытып та барады. Және де «еңбекесіз тапқан мал, есепсіз кететінін» жастарымыз білсе екен. Кеңседен келген табыс исламда харам екенін барлығымыз білеміз. Алайда, біле тұра тоқтай алмай жатқан жастар көп. Хараммен келетін ұтысты игілігіңе пайдалы етіп те жұмсай алмайсын. Жеңіл ақшаң қалай келді, солай кетеді. Оған күмән болмасын. «Олимптен» бір рет ұтқан миллиондарың (он милион беріп қоясың) игілікке жұмсайлмай, керісінше он миллиондап сол кеңсеге қайтып кетіп жатады.

ХҚКО, салық басқармаларымыз, банктеріміз, ауруханаларымыз т.б. қоғамдық, әлеуметтік мекемелеріміз «олимптің» адамдарға жасаған жағдайына жете алмауда. Өкінішті жағдай әрине. Букмекерлік кеңселер қымбат компьютерлермен, соңғы үлгідегі үлкен телевизорларлар мен мықты құрал-жабдықтармен жүз пайыз қамтылған. Кеңсенің іші қыста жылы, жазда салқын. Ішінде өз кафесі де жұмыс жасайды. Клиент «А» десе аузында су, «Б» десе басына жастық бірден пайда болады. Оларға жасыңыз маңызды емес. Қалтаңыздың қалыңдығы маңызды. Ал, «VIP» деген атауы бар букмекерлік кеңселерде өзіңізді білдей бастық сезіне аласыз. Сізге телефонымен жеке кабинет беріп қояды. Ол жерде көзіңізден ұғып, саусағыңыздан шыққан дыбыстан қызметкерлер жағдайыңызды жасауға 24 сағат дайын. Массаж жасап, диванда ұйықтап, асханасында тамақ жеп т.б. керектеріңізді жасап жүре берсеңіз болады. «Ставка» тігу – 20 000-50 000 теңгеден басталып, 2 миллионға дейін барады.  (Арзан букмекерлерде – 500-1000 теңгеден.) Сол, букмекерлерге кетіп жатқан миллиардтарының арасында – халықтың, бала-шағасының аузынан жырылған, туған-туысынан қарызға алынған ақшалар тігіліп жатыр.

Құмар ойынға салынған баланың анасы: «… Машинамыз бен пәтерімізді саттық. Қазір тұрып жатқан пәтеріміз ғана қалды. Ұлым өте ақылды, гимназияда оқыды. Ақымақ бала емес. Зор үміт күттік. Айналысында оған қолдау білдіретін адамдар көп болды. Букмекерлік кеңсеге қалай қосылғанын білмеймін. Бәрі компьютер ойындарынан, ойын автоматтарынан басталды. Содан кейін бәс тігуге көшті. Букмекерлік кеңселердің оқушылардан бәс қабылдағаны мені таң қалдырады. Ол жерде 21 жастан басталады емес пе?» – деп, ашынып отыр Мущанова.

«Бұрынғы мен білетін, жақсы көретін балам жоқ. Ол не десе де өтірікті байқаймын. Қазір ешкім оған қарыз бермейді. Оның қандай екенін туыстары да, достары да, бәрі жақсы біледі. Сол себепті осындай жағдайдан кейін ақша табу үшін қылмысқа бара ма деп қорқамын. Балам «Ренессанста» емделіп жатыр. Ақшаны туыстарымызбен бірге төлейміз. Сол жерде емделіп шығып, бұрынғы қалпына келеді деген үмітіміз бар», – дейді, баласына қатты ренжіген ана.

Банкте жұмыс жасайтын 23 жасар алматылық жас жігіт, кеңсеге 15 млн. теңге ұтылып, қашып кеткені жайыл жаңалықтарда да жарияланды. Жұмысында клиенттері «несиемді төлей салшы» деп берген ақшаларын тігіп, кассадағы ақшаларды ұтылған болып шықты. Ақылы бар, лицеде оқыған, бес тіл білетін жас жігіттің де осындай жағдайға түсіп қалып, жұмыстан абыройсыз кеткенін өз көзіммен көрдім. Әріптестерімен көз көрісуге бет жоқ.

«Тайота орталығының» 22 жастағы қызметкері клиентке су жаңа көлікті кезексіз алып беруге уәде беріп, 15 000 АҚШ долларын алады. «Ставщик» болып шыққан жас қызметкер, ақшаны толық ұтылып қалады. Клиент уәделі уақытта көлігін ала алмайды. Кейін ашынған клиент үш ай бойы сол жігітті іздеумен болған екен. Ақры табылған жас жігітті соққыға алып, сотқа да беріп, әке-шешесінен сол қаржыны өндіріп алды. Сатушы баланың басқа да қарыздары артында көп екені мәлім болды.

Шымкент қаласында қоғамдық автобус айдайтын жүргізушілері, жұмыс уақытында «олимптің» алдына тоқтап, ақша тігіп жүргенін көріп жүрміз. Айта берсек оқиға көп. Букмекерден ұтысым көп деп жүргендер, ұтылған ақшаларын айтпайтыны анық. «Ауруын жасырған өлді» демекші, алдамшы жағдайдан шығу да қиын болады.

Мысалы Алматы, Астана, Шымкент пен Түркістан т.б. қалалардың орталық көшелері, 24 сағат бойы жұмыс жасайтын букмекерлік кеңселерге бай. Яғни, сұраныс көп жерде, ұсыныс та артып отырады. Жыл өткен сайын кеңселерде жастарымыздың қатары азайып жатқан жоқ. Жастарымыздың арасында қылмыстың саны да азаймайды. Былай тұрсын, қылмыскерлер (магазин, ломбард тонаушылар) көбейіп жатыр. Кеңсеге ұтылғандарға қалай да ақша керек, артын жабуыға.

Кеңселердің көгілдір экраннан, ғаламторлардан жарнамалары тоқтамай жүріп тұрады. Кеңселерді жарнамалауды да азайту керек. «Қазспорт», «Сетанта» т.б. секілді арналардағы жүргізушілер, үзіліс кезде «ставка» тігуге шақырып отырады. Жеткен жеріміз осы.

Жоғарыда отырған шенеуніктеріміз «олимпті» жабуға асықпақ түгілі, аузындарын неге аша алмай отырғаны түсініксіз. Министірлеріміз, депутаттарымыз ай қарап отырғаны дұрыс болмай тұр. Кеңселерден шықпайтын «ставщик» депутат, әкімдеріміз де бар. Олардың «мажор» ұлдары мен қыздары да сол кеңсенің, казиноның «қорасына» қамалып, шыға алмай отырғандары бар. «Азартымыздың» қанбай жатқаны да, ұлтымыздың рухани түзелуіне тікелей кедергі болып тұр. бұлай жалғаса берсе, «Рухани жаңғыруымыз» жастар арасында тек жаңалық болып қала бермек.

Кеңселердің қожайындарының табысы колубиялық «наркобарон» Пабло Эскобардың миллиардтарына жетіп қалатын сияқты. Кеңселік көкелеріміз сол «наркобаронның» өмірінің соңында кешкен жағдайынан-ақ сабақ алса екен. Барлығына Алланың уақыты төреші.

Елімізде жұмыссыздықты жоямыз деп мемлекетіміз қолынан келгенше шырылдап жатыр. Жастарды рухани, материалдық жағынан да қамтамасыз етуге тырысып-бағуда. Енді, өз-өзімізге ор қазып, жастарды тонайтын, қылмысқа итермелейтін кеңселерді көбейтіп тастамайтын  шығармыз? «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, М.Әуезов атамыз дұрыс айтқан, шіркін. Қазіргі таңда, маңызды мәселелердің бірі болып саналатын бала тәрбиесіне терең мән беруіміз керек. Балаларымызға рухани тәрбие беруде әлі де көп ағаттық кетіп жатқаны жасырын емес. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дұрыс тәрбие көрген, еңбекқор, айбынды жастарымыз да жоқ емес. Солардың қатарын көбейтпейміз бе, енді? Тақиямызға тар келмейді ғой. «Олимп» құрғырдан шыға алмай, жастарға өнеге бола алмай жүрген үлкендерімізді де үгіттеуіміз керек.

«Олимптердің» табалдырығын тоздырып «ставка» тігіп жүрген ағаларымызды, алпыстан асқан ақсақалдарымызды көріп жүрміз. Сол кісілерге де ұят бармай жатыр. Сондан кейін, жастардың беті қалай қызарсын. Ақыл айтатын ағаларымыз, аталарымыздың өзі осылай жүргенде жастарымыз алысқа кете алмайды. Қазақ сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық қой. Осындай ақсақалдарымызды көзбен көріп жүрген жастарымыз да дұрыс сапар шекпей жатыр. «Үлкеннен – ұлағат, кішіден – ілтипат» тайып тұр.  

Өз-өзіңді алдап 100-200, 1000-2000 теңге тіксеңіз де, сіз де «ставщиктердің» қатарындасыз. Досыммен көруге келдім, карта ойнамаймын, «ставка» тікпеймін деген адам да солардың қатарында. Аз болса да, көп боса да сен «ставка» тігіп жүрсің. Басқалардан асып кете алмайсың. «Менде азарт жоқ, уақытша тігіп жүрмін, ақша керек еді» деген, бос сөздерді жинастырайық жастар.

Мысалы, терминал арқылы букмекерлік кеңселерге ақша салып «ставка» тіге бересің. Шіркін, терминалдар «олимп» шотыңызға салған ақшаңыздан пайыз да ұстамайды ғой. «Жомарттығы» тасып тұрған кеңселеріміз терминалдың пайызын өзі төлеп береді. Ұялы байланысыңызға бірлік, комуналдық қарыздарға ақша төлесеңіз пайыз ұстағанды терминалдар сол кезде көрсетеді. Айтайын дегенім, терминалдардан кеңселерге ақша салуды болдырмау керек. Адамдардың ақшалары оңай тігіліп кетуі осындан да азаятын болады.

Миллиондаған «ақылды» ағаларымыз өз отбасының ризығын букмекерлік кеңсеге тастып кетуі көбейіп кетті. Қазақ отбасыларының шырқы бұзыла бастауына кеңселер себеп болды. Бұрынғы қазақтың иманды, ибалы отбасын кездестіру қиын. Ұлтымызды түп тамырымыздан бұзып жатқан букмекерлерді, казиноларды түбімен елден құртуға барлығымыз ат салысуымыз керек. Миллиардтаған ақшамыз Ресей асып, осы кеңселер арқылы кетіп жатқаны да жеткілікті. Қазақстандағы кеңселер – Ресей, Украина, Англия т.б. елдердің жобалары.

Ірі соммада «ставкалар» қабылдауда үлкен қаржы жатқаны түсінікті. «Джип» мінгендерді – «VIP»-деп бөлектеп, сарыптап алғандары кеңселерге тиімді болды. Жоғарғы орындара отырғандар мен бизнестері бар байларды букмекерлер байлап, тоқтамай қаржысын «сорып» жүр. Букмекерлік кеңселердің ҚР Конституция заңдарына «түкіріп» қойғаны бар екен. Заң бойынша елімізде 21 жасқа толмағандардан «ставқа» қабылдау былай тұрсын, кеңсенің табалдырығын аттатуға тыйм салынған. Алайда, жеке құжатын сұрап, басын ауыртып жатқан олар жоқ. Мектеп бітірмеген жасөспірімдерден де «ставқа» қабылдай береді. Бұған дәлел де, оқиғалар да жеткілікті. Букмекерлік кеңселеріміз ұтысқа кенелген адамдардың қаржысын төлей алмай қалатын кездері де көп. Ойыншылардың оларға тек ұтылу керек екенін осыдан жағдайдан байқауға болады.

Жастардың арасында қылмыстың көбейюіне, қалаларымыздағы букмекерлік кеңселердің кең етек алуы тікелей қатысты бар. Соны көре тұра көз жұма қарауымыз түбімізге жетпек. Кеңсеге «кіріп» кеткен тепсе темір үзетін ер жігіттер көлігін, баспанасын ұтылып, отбасын тастап кетіп жатқандығы ашынарлық жағдай. Күндіз-түні жастарымыз сабақтарына тастап, оқуының ақшасын «ставкаға ұрып» жүр. Кеңсенің есігін тоздырып жүрген қара домалақтарымыз тығырыққа тіреліп қалды. Арақты сатқанның да, құйған мен ішкеннің де ертең сұралуы бір. Кеңселерді ашып, жүргізіп, ойнап жүргендерге Алла сана берсін.

Сыздауықтың ұрғашысы сияқты «олимп» бір жерде жабылса, басқа адірестен екеуі ашылып жатыр. Жаңа букмекерлер (zenit, profit, 1хbet, parimatch т.б.) қалаларымызға келіп, өз кеңселерін ашып тастады. Кеңселер қаланың ортасындағы зәулім ғимараттарды жалға алып алады. Адамдардың миллиондап тастап кеткен ақшалардың арқасында, кеңсенің «аренданы» үш-төрт есеге көтеріп төлеуге шамасы келеді. Пайдасы жоқ кеңсеге беріліп жатқан қаншама бизнес объектілер десеңізші. Осы ғимараттарда кітапханаға, оқу орындарын, халал кафе, асхана мен жастарға арналған білім орталықтар ашып тиімді пайдалансақ болады ғой. Жалға алатын ғимарат таппай жүрген кәсіпкерлерді ойлайтын жағдайымыз.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші. Сөзбен емес, іспен көшетін кез келді. Басты бұға берсек, бұл «өлімптен» жастарға келер залал көп. Келешекте кеңселерді түп тамырымен жоя алсақ, жастарымыздың рухани білімі көтеріліп, орта жастағы азаматтарымыз отбасын тастап кетуі азайып, материалдық жағының жақсаруына кәміл сенемін. «Жастар жылы» жастарымызды қорғаудан, қолдаудан және осы кеңселерді жабудан бастаған жөн.

Асылбек Түйетаев

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.