Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн режимде тұрғындарды кезекті рет жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 8 тұрғын жазылған. Олар негізінен баспана, әлеуметтік көмек, инфрақұрылыммен қамту және жер мәселелері бойынша шағымдарын жеткізді.

Абай ауданы Самал-3 шағынауданы Алпамыс батыр көшесінің тұрғыны Набат Аталықова көшені жарықтандыру, аяқ жол мәселесін көтерді.
Қала әкімі жарықтандыру жүйелерін желтоқсан айында іске қосу жоспарланғанын мәлімдеді. Жұмыстар қазан-қараша айында атқарылады.
Іс-шара жоспарына сәйкес, Алпамыс батыр көшесінің жалғасы аяқжолмен қоса жоспарға сәйкес, 2022 жылға енгізілген.

Еңбекші ауданы Қарабастау елдімекенінің тұрғындары атынан Гүлнұр Балабасова жарық, су, газ және жол мәселелерін шешіп беруді өтінді.
Қала әкімінің айтуынша, жарықтандыру жүйелерінің құрылысы 2021 жылдың қазан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Мердігер мекеме «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС құрылысты өз мерзімінде аяқтауды жоспарлауда.
Табиғи газ мәселесі бойынша 2022 жылы жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Қарабастау тұрғын алабы көшелерін асфальттау жұмыстары жер асты коммуналдық жүйелері толық жүргізіліп аяқталған соң қарастырылатын болады.

Онлайн қабылдауда қаланың бірқатар тұрғындары баспана мәселесін көтерді. Атап айтқанда, Қаратау ауданы Қайтпас-2 шағынауданының тұрғыны Айнұр Сырлыбай, Қайтпас-1 шағынауданының тұрғыны Нағима Өтенова, Нұрсәт шағынауданы тұрғыны Нәзира Бекжанова және Еңбекші ауданы 16 шағынаудан тұрғыны Гаухар Саудабаева тұрғын үй беруді сұрады. Бәрі де тұрғын үй кезегіне тіркелген.
Қала әкімі азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы берілетінін жан-жақты түсіндіріп өтті.

Биыл көпбалалы отбасыларға 378 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде 176 пәтер пайдалануға тапсырылды. Қалған пәтерлер құрылыс басқармасы тарапынан пайдалануға тапсырылуына қарай азаматтарға беріледі.

Шаһар басшысы кезекті қабылдауда тұрғындар мәселесін шешу үшін басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.