Түркістан қаласында әскери кәсіп пен әскери қызметтің қоғамда беделін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.

Взвод сержанты – жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушы (взвод командирінің орынбасары) бейбіт және соғыс уақытында: взводтың қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының жауынгерлік әзірлігі, жауынгерлік және дене дайындығы жай-күйіне; қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының әскери тәрбиесіне және тәртібіне; взводтағы жарғылық ішкі тәртіпке; бағыныстылардың дұрыс қызмет өткеруіне; взводтың қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының сыртқы келбетіне; сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдуға жауап береді.

Ол взвод командиріне бағынады. Взвод командирі болмаған кезде оның міндеттерін орындайды және взводтың қатардағы жауынгерлері мен сержанттарының тікелей бастығы болып табылады.

Взвод сержанты – жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушы (взвод командирінің орынбасары) взводтың қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамын оқытып-үйретуге, тәрбиелеуге, олармен сабақтар өткізуге, қатардағы жауынгерлер құрамын жеке даярлауды жүзеге асыруға, бөлімшелер командирлерінің қатардағы жауынгерлер құрамын дұрыс оқытып-үйретуін, белгіленген құжаттаманы уақтылы және сапалы жүргізуін бақылауға, бөлімшелер командирлеріне қатардағы жауынгерлер құрамының жеке кәсіби қасиеттерін дамыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша консультациялар беруге; взвод жеке құрамымен жеке әңгімелесулер өткізуге, взводтың жеке құрамымен сабақтарды және оқ ату, саптық, дене дайындығы, жалпыәскери жарғылар, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау және әскери топография бойынша тренажерларды жеке өзі өткізуге, взводтағы жауынгерлік даярлықтың есебін жүргізуге міндетті.

Взводтың қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамымен спорттық жұмысты ұйымдастыруға және жүргізуге, әрбір бағыныстының тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, жеке қасиеттерін, әскери қызметке дейін айналысқан қызмет түрін, отбасы жағдайын, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен кемшіліктерін білуге, өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы және басқа да заңнамалық актілерінің талаптарын орындауды қамтамасыз етуге, бағыныстыларға қамқорлық жасауға және олардың мұқтаждықтары мен сұраныстарын жете түсінуге, оларға барлық тиесілі жабдықталым нормаларын жеткізуге қол жеткізуге, бөлімшелер командирлері мен взвод қатардағы жауынгерлері құрамының әскери тәртіпті сақтауына және қызмет өткеруіне бақылауды жүзеге асыруға, үй-жайдың тазалығы туралы қамдануға, бөлімшелер арасында оны жинаудың кезектілігін белгілеуге; взводтағы жеке және қоғамдық гигиенаның сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, взводта бар қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, пайдалану қағидаларын білуге; оларды ақаусыз ұстауға, олардың бар болуы мен дұрыс пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

Әрбір сабаққа (оқу-жаттығуға) шығар алдында қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының бар болуын, олардың сыртқы келбетін, керек-жарақты шақтап пішуді тексеруге, сондай-ақ қаруды, оқ-дәрілер мен арнайы құралдарды қарап тексеруді жүргізуге, сабақтар (оқу-жаттығулар) барысында жеке құрамның қауіпсіздік талаптарын сақтауын, қару-жарақ пен әскери техниканы, оқу материалдық-техникалық базаны сақтауға және дұрыс пайдалануға, оқ-дәрілер мен басқа да шығыс құралдарын дұрыс пайдалануға бақылауды жүзеге асыруға, сабақтар мен оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін барлық қару-жарақ пен әскери техниканың бар болуы мен жиынтығын, сондай-ақ атыс қаруының, оқ-дәрілердің, оқу-жаттығу аспаптарының, арнайы, оқу-жаттығу жаттықтыру және елестету құралдарының бар болуын жеке өзі тексеруге. Бұл ретте қару (қару-жарақ) ұңғыларының арналарында патрондардың (оқ-дәрілердің) бар болуына (болмауына) ерекше назар аударуға және оларды алуға (атуға) шаралар қабылдауға; қару мен шанецтік құрал-сайманды тазалауды, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсетуді, сондай-ақ сабақ өткізетін орындарды жинауды ұйымдастыруға, күн сайын взводтың сержанттар құрамымен қызметтік істер, әскери тәртіп пен ішкі тәртіп бойынша қорытынды жасауға, взвод командиріне және рота сержантына нәтижелері туралы баяндауға міндетті.

Аптасына үш реттен жиі емес таңертеңгі жаттығу өткізуге, таңертеңгі тексеру және кешкі тексеру өткізу кезінде кезең-кезеңімен қатысуға, бағыныстылардан төсек-орын керек-жарақтарын, киім-кешегі мен аяқкиімін жинақы және ұқыпты ұстауды талап етуге, взвод қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының заттай мүлкін ағымдағы жөндеуді уақтылы жүргізуге бақылауды жүзеге асыруға, взвод командиріне бағыныстылардың барлық өтініштері, көтермелеулері, теріс қылықтары мен қолданылған тәртіптік жазалары туралы баяндауға, бағыныстыларға қамқорлық жасауға және олардың мұқтаждықтарын жете түсінуге, қатардағы жауынгерлер құрамының әскери қызметшілерін қызметтегі нарядтарға тағайындауға, взводтың нарядтар парақтарын, взвод жеке құрамының, қару-жарағы мен әскери техникасының, басқа да материалдық құралдарының есебін жүргізуге, бағыныстылардың қайда және немен айналысып жатқанын ұдайы білуге, взвод командирінің орнына қала отырып, оның міндеттерін орындауға міндетті.

Старшина лауазымы көзделмеген бөлімшелерде взвод сержанты – жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушыға (взвод командирінің орынбасары) тәуліктік нарядқа взводтан тағайындалатын сарбаздар мен сержанттарды даярлау, тәуліктік наряд адамдарының міндеттерді нақты орындауын бақылау жөніндегі қосымша міндет жүктеледі.

Бөлімше (есептоп, танк, жауынгерлік машина, қондырғы) командирі бейбіт және соғыс уақытында: бөлімшенің жауынгерлік әзірлігіне; бағыныстыларды оқытып-үйретуге, әскери тәрбиесіне, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйіне, саптық жинақылығы мен сыртқы келбетіне; қару-жарақ пен әскери техниканы, керек-жарақты, киім-кешекті, аяқкиімді дұрыс пайдалану мен күтіп-ұстауға және оларды реттілікте және ақаусыз ұстауға; бөлімшенің (экипаждың, есептоптың) жауынгерлік міндеттерді табысты орындауына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға жауап береді.

Ол взвод командиріне, взвод сержантына (взвод командирінің орынбасарына) бағынады және бөлімше (есептоп, танк, жауынгерлік машина, қондырғы) жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.

Бөлімше (есептоп, танк, жауынгерлік машина, қондырғы) командирі бөлімшенің (есептоптың, танкінің, жауынгерлік машинаның, қондырғының) жеке құрамын жеке өзі оқытып-үйретуге және тәрбиелеуге, ал жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде оларды шебер басқаруға, әрбір бағыныстының тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, жеке қасиеттерін, әскери қызметке дейін айналысқан қызмет түрін, отбасы жағдайын, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен кемшіліктерін білуге, бөлімше (есептоп, танк, жауынгерлік машина, қондырғы) қару-жарағының (әскери техникасының), басқа да мүлкінің материалдық бөлігін, пайдалану қағидаларын білуге, олардың бар болуына бақылауды жүзеге асыруға, күн сайын қарап тексеруге және реттілікте және ақаусыз ұстауға, бөлімшенің (есептоптың, танкінің, жауынгерлік машинаның, қондырғының) жеке құрамын қызметке деген құрметті, өз қару-жарағы мен әскери техникаға ұқыпты қарауды дарытуға міндетті.

Бөлімшенің (есептоптың, танкінің, жауынгерлік машинаның, қондырғының) жеке құрамында саптық жинақылық пен төзімділікті қалыптастыруға, бағыныстыларға қамқорлық жасауға және олардың мұқтаждықтарын жете түсінуге, олармен жеке әңгімелесулер жүргізуге және жеке кәсіби қасиеттерін дамыту және әскери тәртіпті жақсарту мәселелері бойынша консультациялар беруге, взвод сержантына (взвод командирінің орынбасарына) барлық сырқаттанғандар, бағыныстылардың ұсыныстары, арыздары мен өтініштері туралы, олардың теріс қылықтары мен олардан сақтандыру жөнінде қабылданған шаралар туралы, оларға қолданылған көтермелеулер мен жазалар туралы, қаруды, керек-жарақты және басқа да мүлікті жоғалту немесе ақаулы жағдайлары туралы баяндауға, өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы және басқа да заңнамалық актілерінің талаптарын орындауды қамтамасыз етуге, бөлімшедегі күн тәртібінің (қызмет уақыты регламентінің), тазалық пен ішкі тәртіптің сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, бағыныстылардың әскери тәртіпті сақтауын талап етуге міндетті.     

Рота сержантының шешімі бойынша ротада ұйқыдан тұрғызуға, таңертеңгі тексеруге, кешкі тексеруге кезең-кезеңімен қатысуғағ бағыныстылардан киім-кешек пен аяқкиімін таза, ұқыпты ұстауды, керек-жарақты шақтап пішуді, олардың жеке және қоғамдық гигиенаны, әскери киім нысанын кию қағидаларын сақтауын талап етуге, күн сайын аяқкиімнің, киім-кешектің тазалығын және шұлғауларды, ұйықтарды кептіруге, керек-жарақтың металл бөліктерін тазалауға, сондай-ақ аяқкиім мен киім-кешекті уақтылы жөндеуге бақылауды жүзеге асыруға, оқ атулар, оқу-жаттығулар мен сабақтар аяқталғаннан кейін бөлімшенің барлық жеке құрамының оқ-дәрілер мен гильзаларды тапсыруын, бағыныстыларда жауынгерлік және бос патрондардың, гранаталардың, тұтандырғыштар мен жарылғыш заттардың қалмауын тексеруге, бағыныстылардың қай жерде жүргенін және немен айналысатынын ұдайы білуге міндетті.

Сарбаз, маман бейбіт және соғыс уақытында оған жүктелген міндеттер мен оған қойылған міндеттердің нақты және уақтылы орындалуына, өз қаруының, оған сеніп тапсырылған әскери техниканың ақаусыз жай-күйіне және оған берілген керек-жарақ пен мүліктің сақталуына жауап береді.

Ол бөлімше (экипаж, есептоп) командиріне бағынады.

Сарбаз, маман өзінің Қарулы Күштер жауынгері конституциялық борышын жете түсінуге, әскери қызмет міндеттерін үлгілі орындауға, әскери істі сапалы оқып-үйренуге, оған командирлер (бастықтар) оқытып-үйрететіннің бәрін ұқыпты және нақты меңгеруге; өзінің қызметтік міндеттерін үлгілі орындауға; жалпыәскери жарғылардың талаптарын нақты білуге және адал ниетпен орындауға, командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарын мүлтіксіз, нақты және мерзімінде орындауға, батыл және тәртіпті болуға; өзін абыроймен және қадір-қасиетпен ұстауға, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, лайықсыз теріс қылықтарға жол бермеуге және жолдастарын олардан сақтандыруға, мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға міндетті.

Командирлер (бастықтар) мен үлкендерге құрмет көрсетуге, басқа да әскери қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, әскери әдептілік, мінез-құлық және әскери сәлемдесу қағидаларын сақтауға, қаруды (қару-жарақ пен әскери техниканы) білуге және ол әрқашанда ақаусыз, тазаланған, ұрысқа әзір болуға, бригада командирін қоса алғанда, өзінің тікелей бастықтарының лауазымын, әскери атағы мен тегін білуге, мемлекеттік мүлікті күтіп-ұстауға, киім мен аяқкиімді ұқыпты киюге, оларды уақтылы және ұқыпты жөндеуге, күн сайын оларды тазалауға және көрсетілген жерде сақтауға, өзін күн сайын шынықтыруға, өзінің дене дайындығын жетілдіруге, жеке және қоғамдық гигиена қағидаларын сақтауға, қаруды қолданған, қару-жарақпен және әскери техникамен жұмыс істеген кезде, басқа да жағдайларда қауіпсіздік талаптарын, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауға, ротаның орналасу шегінен тыс шығу қажет болған кезде ол үшін бөлімше командирінен рұқсат сұрауға, ал келгеннен кейін оған келгендігі туралы баяндауға, әскери киім нысанын киіп жүру қағидаларын сақтауға міндетті.

Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін сарбаз (матрос), маман одан басқа, взвод командирінің (взвод сержантының) шешімі бойынша ротадағы таңертеңгі тексеру мен кешкі тексеруде кезең-кезеңімен болуға міндетті.

Сарбаз, маман қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен үлгілі әскери тәртібі үшін аға сарбаз (матрос), аға маман лауазымына тағайындалуы және оған ефрейтор әскери атағы, ал матросқа – аға матрос атағы берілуі мүмкін.

Ефрейтор, маман бөлімше командиріне сарбаздарды (матростарды) оқытып-үйрету мен тәрбиелеуде көмектесуге және әскери қызмет міндеттерін орындаудың үлгісі болуға міндетті.

Дара басшылық қарулы күштер құрылымының, оларға басшылық жасаудың және әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың негізгі қағидаты болып табылады. Ол командирге (бастыққа) бағыныстыларға қатысты белгілі бір құқықтар беруді және оған әскери бөлімнің, бөлімшенің және әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қызметінің барлық жақтары үшін мемлекет алдында дербес жауапкершіліктің жүктелуін қамтиды.

Дара басшылық командирдің (бастықтың) жағдайды жан-жақты бағалауына сүйене отырып, жеке дара шешім қабылдау, заңнаманың, жалпыәскери жарғылардың талаптарына қатаң сәйкестікте тиісті бұйрықтар беру мен олардың орындалуын қамтамасыз ету құқығынан көрінеді.

Бұйрықты талқылауға жол берілмейді, ал бұйрыққа бағынбау немесе басқадай орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.

Өзінің қызметтік жағдайы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы), азаматтық персонал қатарынан Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басшылары, атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша қызметтік міндеттеріне сәйкес бағыныстыларға басшылық жасауды жүзеге асыратын әскери қызметшілер бастықтар болып табылады.

Командир бағыныстылары үшін бастық болып табылады.

Оларға қызметі бойынша әскери қызметшілер уақытша болса да бағынатын бастықтар тура бастықтар болып табылады.

Бағыныстыға жақын тура бастық тікелей бастық болып табылады.

Өзінің қызметтік жағдайы бойынша басқа әскери қызметшілерге қатысты олардың бастықтары немесе бағыныстылары болып табылмайтын әскери қызметшілер үлкендер немесе кішілер болуы мүмкін.

Үлкендік әскери қызметшілердің атағымен айқындалады. Әскери атағы бойынша үлкендер кішілер әскери тәртіпті, қоғамдық тәртіпті, мінез-құлық, әскери киім нысанын кию қағидаларын және әскери сәлемдесуді орындауды бұзған жағдайда олардан осы бұзушылықтарды жоюды талап етуге тиіс. Атағы бойынша кішілер үлкендердің осы талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.

Бір-біріне бағынысты емес әскери қызметшілер міндеттерін бірлесіп орындаған кезде командир (бастық) олардың қызметтік өзара қарым-қатынастарын айқындамаған болса, олардың лауазымы бойынша үлкені, ал тең лауазымдарда әскери атағы бойынша үлкені бастық болып табылады.

Қарулы Күштерде бағыныстылық қызметтік жағдаймен айқындалады.

Бастық бағыныстыға бұйрық береді және олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Командир (бастық) бағынысындағы үшін әдептілік пен ұстамдылықтың үлгісі болуға тиіс. Бағыныстының адамның қадір-қасиетін қорлайтын іс-қимылы үшін бастық жауапты болады.

Бағынысты бастықтың бұйрықтарын мүлтіксіз орындауға міндетті.

Бұйрық – бұл командирдің (бастықтың) қызмет бойынша қандай да бір іс-қимылды орындау немесе тоқтату туралы талабы.

Бұйрық әскери қызметшілердің біреуіне, тобына немесе әскери бөлімге жазбаша, ауызша немесе техникалық байланыс құралдары арқылы берілуі мүмкін.

Жазбаша бұйрық әскери бөлімдер командирлерінің дара басшылық құқықтарында шығарылатын әскери басқарудың негізгі қызметтік басқару құжаты (құқықтық актісі) болып табылады. Жазбаша бұйрықтар беру құқығын әскери бөлім командирі және одан жоғары командирлер (бастықтар) пайдаланады.

Ауызша бұйрықтарды барлық командирлер (бастықтар) береді.

Директива – операцияларды (жауынгерлік іс-қимылдарды) дайындау және жүргізу бойынша, жедел және жауынгерлік даярлық, ұйымдық-штаттық іс-шаралар, жұмылдыру міндеттері бойынша, әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша басшылық нұсқаулардан тұратын әскерлерді (күштерді) басқару жөніндегі стратегиялық әскери басқару органдарының жедел (жауынгерлік) немесе қызметтік құжаты.

Өкім – бағыныстыларға міндеттерді жеткізу нысаны.

Бұйырым – жеке мәселелер бойынша бағыныстыларға міндеттерді жеткізу нысаны.

Өкім мен бұйырымды әскери бөлім командирі атынан бөлімнің штаб бастығы немесе гарнизон бастығы атынан гарнизонның штаб бастығы ауызша жеткізеді, сондай-ақ жазбаша құжаттарда болуы мүмкін.

Нұсқау – бұйрықтар (бұйырымдар) мен өкімдерді орындау кезінде іс-қимылдар тәртібін түсіндіру нысаны.

Командир (бастық) бұйрық беру алдында жағдайды жан-жақты бағалауға және оның орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. Кейіннен командир (бастық) бұйрықтың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Бұйрық қысқа және түсінікті тұжырымдалуы, екіұдай түсінуге жол бермеуге және бағыныстының күмәнін тудырмауға тиіс. Командир берілген бұйрыққа және оның салдарына, сондай-ақ беретін бұйрығында билікті теріс пайдаланғаны және билігін немесе қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін және оны орындау бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапты болады.

Әскери қызмет міндеттерін орындауға қатысы жоқ немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар (бұйырымдар) мен өкімдер беруге жол берілмейді.

Бұйрықтар бағыныстылық тәртібімен беріледі. Қажет болған кезде үлкен бастық оның тікелей бастығын ескертпей, бағыныстыға бұйрық бере алады. Мұндай жағдайда бағынысты ол туралы өзінің тікелей бастығына баяндайды, ол үлкен бастықтың талаптарын орындау тәртібін бақылауға, қажет болған кезде бағыныстыға бұйрықты орындауда көмек көрсетуге міндетті.

Командирдің (бастықтың) бұйрығы мүлтіксіз, тура және мерзімінде орындалуға тиіс. Әскери қызметші бұйрықты алып «Құп болады» деп жауап береді, одан кейін оны орындайды.

Қажет болған кезде командир (бастық) өзінің берген бұйрығын дұрыс түсінгеніне көз жеткізу үшін оны қысқаша қайталауды талап етуі, ал бұйрықты алған әскери қызметші командирден (бастықтан) оны қайталап айтуын өтінуі мүмкін.

Алынған бұйрықтың орындалуы туралы әскери қызметші бұйрық берген бастыққа және өзінің тікелей бастығына баяндауға міндетті.

Егер бұйрықты орындайтын әскери қызметші қызмет жағдайы бойынша басқа үлкен бастықтан оны орындауға бірінші бұйрық кедергі жасайтын жаңа бұйрық алса, ол туралы екінші бұйрық берген бастыққа баяндайды және ол растаған жағдайда соңғысын орындайды.

Жаңа бұйрық берген адам бірінші бұйрықты берген бастыққа ол туралы хабарлауға міндетті.

Командирдің (бастықтың) көрінеу заңсыз бұйрығын алған бағынысты, егер ол заңнамаға нақты қайшы келсе, заңсыз бұйрық берген командирдің (бастықтың) жоғары тұрған командиріне (бастығына) баяндауға және нақтыланған бұйрықты орындауға міндетті.

Көрінеу заңсыз бұйрықты немесе өкімді орындау үшін қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған әскери қызметші жалпы негіздерде қылмыстық жауапкершілікте болады. Көрінеу заңсыз бұйрықты немесе өкімді орындамау қылмыстық жауапкершілікті болдырмайды.

Әскери қызметші оған қойылған міндеттерді табысты орындау мақсатында дұрыс бастама танытуға міндетті. Бастама танытуға алынған міндетті орындау мүддесінде әскери қызметшінің шұғыл іс-әрекет жасауын талап ететін жағдайларда жол беріледі.

Әскери қызметшілер әрдайым жоғары мәдениеттің, қарапайымдылық пен ұстамдылықтың үлгісі ретінде қызмет етуге, өзінің қадір-қасиетін қорғауға және басқалардың қадір-қасиетін құрметтеуге тиіс.

Олардың мінез-құлқына қарап, тек олар туралы ғана емес, жалпы Қарулы Күштердің абыройы туралы пікір туындайтынын олар есте сақтауға тиіс.

Әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынас өзара сыйластық негізінде қалыптасады. Қызмет мәселелері бойынша олар бір-біріне «сіз» деп тіл қатуға тиіс.

Офицерлер бір-біріне әскери атағы мен тегі бойынша немесе атағына «мырза (ханым)» деген сөзді қоса отырып тіл қатады.

Бастықтар мен үлкендер қызметі бойынша офицерлер немесе сержанттар (старшиналар) құрамының, аға немесе кіші сержанттар (старшиналар) құрамының, сондай-ақ сарбаздар (матростар) құрамының әскери атағы бар бағыныстыларға және кішілерге тіл қатқан кезде оларды әскери атағы мен тегі немесе тек әскери атағы бойынша атайды.

Мысалы: «Полковник Әлиев», «Полковник», «подполковник Ыбыраева», «подполковник», «Штаб-сержант Бажиев», «Штаб-сержант», «Капитан Сыдықов», «Капитан», «Сержант Қалиева», «Сержант», «Қатардағы жауынгер Омаров», «Қатардағы жауынгер».

Бағыныстылар мен кішілер қызметі бойынша бастықтар мен үлкендерге тіл қату кезінде оларды әскери атағы бойынша «мырза, ханым» деген сөздерді қоса отырып атайды. Мысалы: «Бірінші сыныпты сержант мырза».

Әскери оқу орындарының әскери атақтары жоқ сержанттар (старшиналар) құрамының курсанттарына (оқушыларына), сондай-ақ әскери оқу бөлімдерінің (бөлімшелерінің) курсанттарына тіл қату кезінде оларды «Курсант» деп немесе «Курсант» сөзіне тегін қосып атай отырып «сіз» деп сөйлеседі. Мысалы: «Курсант Қалиев».

Оларға бастық немесе үлкен тіл қатқан кезде сырқаттанған адамдарды қоспағанда, әскери қызметшілер саптық қалыпты қабылдайды және өзін таныстырады: өзінің лауазымын, әскери атағы мен тегін атайды. Қол алысу кезінде үлкені қолын бірінші береді. Егер үлкені қолғапсыз болса, кішісі қол алысар алдында оң қолының қолғабын шешеді. Баскиімсіз әскери қызметшілер қол алысумен қоса басын жеңіл иеді.

Әскери қызметшілер саптан тыс бір-біріне тек әскери атағы бойынша ғана емес, аты мен әкесінің аты бойынша да тіл қатыса алады.

Әскери атақтарды бұрмалау, әдепсіз сөздерді, лақап және мазақ аттарды қолдану, дөрекі және тек тегі бойынша тіл қату әскери қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиеті ұғымымен сәйкес келмейді және оған жол берілмейді.

Саптан тыс, бұйрықтар берген немесе алған кезде әскери қызметшілер саптық қалыпты қабылдауға міндетті, ал баскиімі бар кезде бұйрық беруші оған қолын апарады.

Әскери қызметші баяндаған немесе баяндауды қабылдаған кезде баяндау аяқталысымен қолын баскиімінен түсіреді. Егер баяндаудың алдында «Тік тұр» командасы берілсе, онда баяндаушы бастықтың «Еркін тұр» командасы бойынша оны қайталайды және қолын баскиімінен түсіреді.

Командирдің (бастықтың) немесе үлкенінің алдында басқа әскери қызметшіге тіл қатқан кезде одан рұқсат сұрау қажет.

Мысалы «Полковник мырза. Подполковник Ниязовпен сөйлесуге рұқсат етіңіз».

Қоғамдық орындарда және көлікте бос орын болмаған кезде әскери қызметші өз орнын әскери атағы бойынша үлкенге беруге міндетті.

Егер кездескен кезде бастықтың (үлкеннің) еркін өтіп кетуі мүмкін болмаса, бағынысты (кіші) жол беруге және сәлемдесіп, оны өткізіп жіберуге міндетті.

Әскери қызметшілер азаматтық тұрғындарға қатысты әдептілік сақтауы, егде адамдарға, әйелдерге және балаларға ерекше көңіл бөлуі, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға ықпал етуі, сондай-ақ оларға қайғылы оқиғалар, өрт және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетуге тиіс.

Әскери қызметшілерге бастық (үлкен) болған кезде қолын киімінің қалтасында ұстауға, оның рұқсатынсыз отыруға рұқсат етілмейді.

Әскери киім нысаны – «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары әскери қызметшілерінің әскери киім нысаны және айырым белгілері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 25 тамыздағы № 144 Жарлығымен бекітілген әскери қызметшілердің Қарулы Күштерге тиесілігін айқындайтын айырым белгілері бар нысанды киім (киім-кешек) және керек-жарақ.

Әскери қызметшілер салтанатты, күнделікті, далалық, арнайы киім нысанымен және арнайы киім-кешек заттарымен қамтамасыз етіледі.

Қарулы Күштердің әскери киім нысанын кию және айырым белгілерін тағу қағидаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, ал әскери киім нысанының жекелеген заттарын кию және айырым белгілерін тағу ерекшеліктерін басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірінші басшылары белгілейді.

Әскери киім нысанын киіп жүру құқығына барлық әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер мен запастағы немесе отставкадағы және әскери киім нысанын киіп жүру құқығымен әскери қызметтен шығарылған және әскери даярлықтан өтетін азаматтар ие болады.

Жазғы немесе қысқы киім нысанына көшу гарнизон бастығының бұйрығымен белгіленеді.

Айырым белгілері және (немесе) әскери киім нысанының нышаны бар киімді, сондай-ақ нысанды киім мен арнайы киім-кешекті заңсыз кию (пайдалану) заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.

Әскери қызметшілерге (мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінен басқа) әскери бөлімнен тыс жерде, демалуда немесе демалыста, сондай-ақ арнайы қызметтік міндеттерді орындау кезінде әскери киім нысанын кимеуге рұқсат етіледі.

Әскери әдептілік, мінез-құлық және әскери сәлемдесуді орындау қағидалары, сондай-ақ запастағы немесе отставкадағы азаматтар үшін міндетті. Олар әскери киім нысанын киіп жүрудің белгіленген қағидаларын сақтауға тиіс.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.