ШЫМКЕНТ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ КАРТАЛЫҚ СЫЗБАСЫ БОЙЫНША 36 СЕКТОРҒА БӨЛІНГЕН
Жалпықалалық сейсмикалық оқу жаттығу шаралары №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының аумағында жалғасты. Мұнда шартты түрде халықты қабылдау пунктінің қызметі ұымдастырылды деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Жаттығу барысында қала бойынша құрылған 123 эвакуациялық пункттің мекенжайлары арнайы мобильді қолданбаларға орналастырылған болатын.
Қала әкімі М.Әйтенов сейсмикалық оқу жаттығу барысын қадағалап, штаб жұмысын пысықтап тексерді.
«Жалпы қала аумағы төтенше жағдайдың карталық сызбасы бойынша 36 секторға бөлінген. Орталық штабтың барлық бөлімдермен тығыз байланыста болуы, резервтегі көмектерді шұғыл әрі тиімді пайдалануы маңызды. Қаланың әрбір мектебінде қабылдау пунктері іске қосылады. Әр ауданда арнайы штаб құрылады» – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Төтенше жағдай кезіндегі арнайы операциялар Ипподром аумағында көрсетілді. Онда шатырлы лагерь, далалық ас үй, тамақтану және азық-түлікпен қамтамасыз ету пункттері орналастырылған болатын.
Бүгінгі шараға 65 жеке құрам, жедел-құтқару жасақтың 5 құтқарушысы,өрт сөндіру қызметінің 16 арнайы техникасы, 10 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған болатын. Сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан 7 қоғамдық автобус тартылып. Сонымен қатар 21 қалалық азаматтық қорғау қызметі қатысып, дайындықтарын пысықтау жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі