Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиация саласын дамыту, АИТВ инфекциясының алдын алу мен емдеудің кешенді шаралары талқыланды.
Бүгінгі таңда республикада аптасына 56 бағыт бойынша 700-ден астам ішкі рейс орындалады, 103 бағыт бойынша 27 елге халықаралық әуе тасымалдары қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге биыл тағы 9 бағыт қосылатын болды. Бүгінде елімізде ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ды құрайды. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір республика Еуропалық Одақтың Дания, Польша сияқты елдерімен бір деңгейде тұр.
Биыл Шымкент, Алматы, Қызылорда және Қостанай әуежайларын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Саланы дамыту жоспарында ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-ға дейін арттыру, әуежайлардың барлық терминалдарын реконструкциялау, Шымкент және Алматы әуежайларында жаңа терминалдар құрылысын аяқтау мәселелері қамтылған.
Сондай-ақ Премьер-Министр отандық авиакомпанияларға жолаушылардың сын-ескертулерін назарға алып, уәкілетті мемлекеттік органдарға әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ бүгінгі жиында адамның иммун тапшылығы вирусына қатысты қазіргі ахуал қаралып, тиісті медициналық көмек көрсету шаралары пысықталды.
Қауіпті вируспен өмір сүретін адамдарға қоғам көзқарасын жақсарту қажеттігін жеткізген Үкімет басшысы Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық материалдар, роликтер әлеуметтік желілер арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін тапсырды.
Ә.Смайылов санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер тарапынан халыққа медициналық қызметтерді, сол сияқты жұқтыру қаупі бар басқа да ем-шаралар көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздікке қатаң бақылау жасау қажеттігін ескертті.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі