Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін Нұрлы жер мемлекеттік бағдарламасы аясында «5-20-25» бағыты бойынша қосымша конкурс ағымдағы жылдың 20 маусымынан – 10 шілде аралығында жүргізіледі деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Өтініштер тұрғын үй кезегінде тұрған барлық азаматтардан, сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағыты бойынша мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар санаттары бойыныша да азаматтардан өтініштер қабылданады:
Пулға өтініштерді беру Банктің Otbasybank.kz. интернет-ресурсында жүзеге асырылады деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Бағдарламаға қатысатын тұрғындар үшін пәтерлер Тұран шағын ауданында ,12 қабатты №46,№47,№48 тұрғын үйлерде орналасқан. Жалпы 1-бөлмелі пәтер саны 18, оның ең үлкен аумағы 32,98 ш.м. құрайды.
Айта кететін маңызды ақпарат, конкурсқа қатысушылар үшін бастапқы жарна 20% өтініш берушінің жинақ шотында болуы керек, ал «Бақытты отбасы» бағыты бойынша қатысушылар үшін – өтініш берушінің шотында несие сомасының кемінде 10%-ы жинақталуы тиіс. Конкурстан өткен қатысушыларға ипотекалық несие 5 пайыздық мөлшерлемемен рәсімделеді дейді мамандар. Еске сала кетейік, биыл Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған 3 мыңнан аса азамат баспаналы болады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз брифингінде тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеген болатын.
2023 жылы Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 3242 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде: 324 пәтер- арендалық бағыттағы кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға табысталмақ. Сонымен қатар 111 арендалық пәтермен тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері қамтамасыз етіледі. Сондай ақ 888 арендалық пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға берілсе, 1919 пәтер жеңілдетілген несиелік бағыттағы бағдарламалар арқылы азаматтарды баспанамен қамту көзделіп отыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі