Ел демографиясындағы орны ерек қаланың бірі – Шымкент. 1991 жылы Шымкентте халық саны 440 мың болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1 миллионға жетті. Ал 2023 жылғы 1 мамырдағы статистикаға сүйенсек, қаладағы халық саны 1200,7 мың адамды құрады.
2018 жылдың 17 мамыр күні Шымкенттің миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашқан болатын. Шымкенттік Еламановтар отбасының тұңғышы – Айсұлу есімді сәби Шымкенттің миллионыншы тұрғыны деп ресми түрде танылған болатын. Бұл оқиға бір отбасының ғана емес, қала жұртшылығын қуанышқа бөледі. Сол кезде қала басшылығы жас отбасыны арнайы құттықтап, кәсіпкерлердің демеушілігімен екі бөлмелі пәтер кілтін табыстаған-ды.
Қаланың миллионшы тұрғыны кішкентай Айсұлу Саматқызы биыл 5 жасқа толып отыр деп хабарлайды “Шымкент келбеті” газетінің тілшілері.
Қазір ол қаладағы №23 «Жеңіс» балабақшасына баруда. Анасы Айжанның айтуынша, Қала күні мерекесі Еламановтар отбасына ыстық көрінеді.
–Барша Шымкент халқын бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке біздің отбасымыз үшін ерекше. Осындай Шымкент қаласының тарихи сәтінде, тарихи күнінде өмір есігін ашқан қызымыз биыл 5 жасқа толды. Қаламыз көркейіп, өркендей берсін, — деді Айжан Ахайбекова.
Біздің редакциямыз да Шымкенттің миллионыншы тұрғыны Айсұлуға өмірінің жарқын болуын және Шырайлы Шымқаланың көркеюіне өзіндік үлес қосатынына сеніміміз мол екенін жеткіздік.