Бүгін Шымкентте қала күні мерекесіне орай №45 мектеп-гимназияның қосымша корпусының салтанатты ашылу рәсімі өтті деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз хатшылығы. Аталған іс шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысты.
Шаһар басшысы мектеп жанынан құрылған лагерьде демалып жатқан бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, жаңа оқу корпусындағы кабинеттермен танысып шықты.
Жаңа корпуста күзет бөлмесі, асхана және спорт залы, сондай-ақ, информатика және АКТ, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, тарих, география, ағылшын тілі, химия, физика, биология пәндеріне арналған кабинеттер мен STEM кабинет және дебат қозғалысына арналған кабинет бар.
Мұнан бөлек жаңа ғимаратта физика, химия және биология зертханалары да қарастырылған. Барлық кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, мектеп-гимназияның ауласында балалар алаңы мен шағын футбол алаңы салынған.
Осылайша, Шымкентте тағы бір мектеп үш ауысымнан екі ауысымды оқытуға көшіп отыр. Биылғы жылы қалада үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіледі.
Сонымен қатар қала әкімі М.Әйтенов қаладағы №2 балалар саз мектебінің жаңартылған ғимаратымен де танысты. Мұнда 1 мыңнан астам оқушының вокал, би өнері және 14 түрлі аспапта ойнауды үйренуіне қолайлы жағдай жасалған.
Айта кетейік, Шымкентте соңғы бес жылда 48 810 орындық 105 мектеп пайдалануға берілген. Оның ішінде, 80 пайызы жеке инвестор есебінен салынған.