Шымкенттегі №4 емхана дәрігерлері хирургиялық оталарды енді өздері жасайды. Бұл үшін емхана жанынан амбулаториялық хирургияның күндізгі стационар бөлімі ашылды.
Бір ерекшелігі №4 емхана жанынан ашылған бұл хирургиялық күндізгі стационарда амбулаториялық деңгейдегі 60-қа жуық отаның түрі жасалады. Мұнда дәрігерлер қаладағы өзге де емханадағы пациенттерді портал бойынша қабылдап, хирургиялық көмек көрсетуге мүмкіндігі бар. Күндізгі хирургиялық бөлімшені ашудағы басты мақсат — отаны қажет ететін науқастардың кезек күту мәселесін азайту дейді мамандар.
Хирургиялық күндізгі стационар ота жасайтын құрал жабдықтармен және күндізгі төсек орындармен толықты. Сонымен қатар УДЗ, холтер кабинеттері де жаңартылған. Білікті дәрігер өз қабылдауында науқастардың жүрек, қан-тамырларын тексереді. Тексеруден өткен соң тиісінше емдік көмек көрсетіледі. Бұл кабинет толық кардиостандартқа сәйкес жұмыс атқарады деп жоспарлануда. Осылайша қалалық кардиология орталығында кезек күтетін тұрғындар саны азаймақ.
Бұдан өзге денсаулық сақтау саласындағы басты мақсат тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен қолжетімділікті арттыру.
Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен жарақтандыруға 19 млрд.теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артқан.
Бүгінгі күні саладағы жан басына қаржыландыру жүйесі оң нәтиже беруде. Соңғы 4 жылда 12 жеке емханалар ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайған.
Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде.
Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылды («Ер-ана» ЖШС, «ӨркенМед» ЖШС, «Imperium Medical» ЖШС).
Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, жыл басынан жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға (2022ж. – 1741; 2023ж. – 1604), нәресте өлімі 20,6% — ға төмендеді (2022ж. – 122; 2023ж. – 97). Ана өлімі тіркелмеген (2022ж. – 7,9; 2023ж. — 0).
Сонымен бірге, 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана және жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысы және 6 медициналық орталық ашуды жоспарлап отырмыз деген болатын қала басшысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.