Үшінші мегаполисте соңғы бес жылда 3 млн. 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды, оның 2 миллионы соңғы екі жылда берілді. Ендігі кезектегі меже — жыл сайынғы тұрғын үй көлемін 2 млн. шаршы метрге жеткізу. Бұл туралы Астана қаласындағы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
Биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінді 4 445 отбасы баспанамен қамтылады. Шымкентте тұрғын үймен қамту бойынша биыл тұңғыш рет өңірлік «Қамқор» бағдарламасы қабылданды.
Ал, 2018-2023 жылдар аралығында шаһарда 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынды.
Шымкентте бірінші кезекте, халыққа қажетті ауыз су, электр, табиғи газ мәселесін біршама шешу қолға алынса, ендігі кезекте көлік инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінуде.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемі биыл 38,0 млрд.теңгеге жеткізіліп, 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайды.
Соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жол айрық пайдалануға берілді. Биылғы жылы, қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жол айрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын айналма жолдарды пайдалануға беру жоспарлануда деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз хатшылығы.