Жуырда AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі республикалық Жол картасы бекітілген болатын. Осыған байланысты, бүгін AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов БАҚ өкілдерін партияның қалалық жол картасымен таныстырды.

Партияның қалалық сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген жол картада 4 басымдық, атап айтқанда, табысты арттыру, өмір сапасын көтеру, өмір сүру жағдайын жасау, экологиялық ахуалды жақсарту бойынша 100 тармақ, 452 индикаторлық бағыт пен 43 245 нақты іс-шараны қамтып отыр.

–Сайлауалды бағдарлама тұрғындардың 10 мыңға жуық өтінішін зерделей келе дайындалды. Сонымен бірге, сайлауалды науқан кезеңінде үміткерлеріміз қоғамдық қабылдау мен кездесулер өткізіп, нәтижесінде 2581 ұсыныс-тілек түскен. Сол өтінімдер назарға алынды. Әлі де алдағы уақытта тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері келіп түссе, оның орындалуын депутаттық сауалдар арқылы жүзеге асыратын боламыз. Бес жылда «Жол картасын» толық орындау үшін бюджеттен 1,2 триллион теңге қаражат қарастырылған. Нақтылап айтсақ, бағдарламаны орындауға бөлінетін қаражат қаламыздың алдағы 5 жылдық даму жоспарына сәйкес әзірленді. Жол картасының 2023-2024 жылдарындағы іс-шараларына қаржыландыру мәселесі шешілген. Биылға 159,8 млрд теңге бөлініп отыр, – деді Бахадыр Мәдәліұлы.

Айта кетейік, жол картасына сәйкес, қалада 90 мың жұмыс орны ашылып, кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 230 мың адамнан асады. Жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,2%-ға дейін төмендеп, 18 медициналық мекеме, 50 мектеп пен 10 қосымша ғимарат салынады деп күтілуде. Жол картада инфрақұрылым жүйесін жақсарту мәселесі де шет қалмаған. Атап айтсақ, халықты тұрғын үймен қамту мақсатында бес жылдың ішінде 5,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтар мен жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.

–Барлық талап-тілектердің орындалуын бақылауға алу үшін фракция мүшелері бекітіліп, тұрғындармен кездесудің кестесі жасақталды. Дегенмен, халықпен жүйелі түрде кездесуді ұйымдастырып, көшпелі отырыстардың санын арттыруға назар аударамыз. Жұмысымыздың сапалы әрі дер кезінде орындалуы үшін ауыл билері мен жергілікті белсенді тұрғындармен тығыз байланыс орнатамыз. Әр тұрғынның өтінімі – партия назарында болатынын жеткіземін,- дейді төраға.
Жиынды қорытындылаған Бахадыр Нарымбетов көздеген межеге қол жеткізу үшін жол картаны іске асыруға партияның барлық әлеуеті жұмылдырылатынын атап өтті.

«Шымкент келбеті»

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.