Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен қаланың инвестициялық штаб отырысы өткізілді. Қазіргі уақытта қала бойынша 524,7 миллиард теңгеге 143 жоба қаралып, сараптау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атайтын болсақ, 2023-2024 жылдар аралығында іске қосылуы жоспарланған түркиялық инвесторлардың бастамасымен сусындар зауыты, инвестициялық көлемі 5 млрд теңгені құрайтын автоклавты газдалған бетон жасау зауыты, темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, сутегі тотығы өндіретін зауыттарының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілу сатысында.
Әсіресе, биыл ашылуы тиіс ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және ПВХ-дан жаңбыр суағарларын өндіру зауытының құрылысы 60 пайызға дайын. Автомобиль әйнегін шығару зауыты, керамикалық тақталар өндірісі, көпфункцияналды қойма кешені де қаланың экономикалық даму көрсеткішін ілгерілететін тетіктердің бірі.
Сондықтан Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға мемлекет тарапынан қолдаулар кедергісіз көрсетілуі қажет екенін айтып, басқарма басшыларына жер және инфрақұрылымдық мәселелеріне қатысты тапсырмаларды жүктеді.
Күн тәртібінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың орындалу барысы пысықталып, жаңа жобаларды іске асыруда өзекті мәселелер талқыланды. Қала басшысы жауаптыларға инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі