Түркістан қаласының әкімі болып кеше ғана тағайындалған Рашид Аюпов өз қызметіне белсенді кірісіп кетті. Әлеуметтік желілерде де белсенді болып жүрген жас әкімге жұмысына табыс тілейміз. Түркістан қаласының көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесіңізді қосуда аянып қалмайтыныңызға сенеміз !
Рашид Аюпов Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен кездесті. Бүгінгі таңда Түркістан ІІБ құрамына 322 адам кіреді, резервте 13 патрульдік автокөлік бар. Сондай-ақ қалада туристік полиция жұмыс істейді. Алдағы уақытта полиция ғимаратын жаңғырту және азаматтарды қабылдау үшін фронт — офис салу жоспарда бар екен.
Қаладағы соғылып жатқан жаңа нысандарды да аралап шыққан болатын. Шаһар басшысы Р. Аюпов қаладағы барлық құрылыс нысандарының жұмысының жүру барысымен танысып қайтты. Әуелі сапарын Шығыс базарының құрылысы түсетін аумақтан бастады, одан кейін Тұңғыш Президент паркі салынатын 34 гектар жердің құрылыс жұмыстарына дайындығын көрді. Жалпы құрылыс аймағындағы жақын орналасқан тұрғындарға қолайсыздық тудырмас қауіпсіздік шараларын ескеруге қала әкімі Р.Аюпов тапсырма берді.
Жұмыс сапарының барысында ескі қала аумағынан салынатын бірқатар аллеялар мен гүлзарларды және қайта жаңғыртылатын скверлердің құрылысын көріп, барынша көгалдандыру жұмысына басымдық беруді нақтылады. Сонымен қатар Байтанаев аллеясына екі жақтама веложол салуды мердігерлермен талқылап, барлық жұмыстың сапалылығы барынша бақылауда болатынын шаһар басшысы мердігер мекемелерге ескертті.