Сәуле шағынауданындағы 276-орамда газдандыру құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекенді аралап, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын қадағалады. Мердігерлер аталған орамға 28 шақырымдық газ құбырын тартуда. Қазіргі таңда атқарылған жұмыстың көлемі 98% құрайды. Алдағы күндері «ҚазТрансГаз» мекемесі техникалық шарттары дайын тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстарын бастайды. Өндірістік кестеге сай газдандыру жұмыстары ағымдағы жылы тамыз айында аяқталады. Нәтижесінде 1263 абонент көгілдір газбен қамтылады.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылысты мерзімінде аяқтап, тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстарын тездетуді тапсырды.
Жалпы, қала елдімекендерін табиғи газбен қамту бойынша жасалған кешенді жоба аясында биыл Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық 74 га елдімекендерін газдандыру жоспарланған. Алдағы жылы Ынтымақ-2 елдімекеніне газ құбырын тарту жұмыстары аяқталады. Жоспарға сәйкес 2023 жылы көгілдір газбен қамту көрсеткішін 94%-дан 96%-ға жеткізу көзделуде.
Тұран ауданы — Шымкент қаласы құрамындағы әкімшілік бірлік. 2022 жылы 7 шілдеде құрылды. Ауданның аумағы 36,3 мың гектар (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды.
Тұран ауданы Шымкенттің батыс бөлігінде орналасады. Қаланың солтүстік-батыс жағынан Жаңаталап шағынауданынан Үргінбай ата мен Жанкелді батыр көшелерінің қиылысынан басталады. Одан әрі Жанкелді көшесінің бойымен Бадам өзенінің арнасынан оңтүстік-шығыс бағытта Жаңаталап тұрғын алабын, «Игілік» тұрғын алабын, солтүстікке қарай Қорғасын-2 шағынауданын айналып өтіп, Шардара көшесінің қиылысына жетеді.
Ауданға 16 елдімекен мен тұрғын алабы кіреді. Даңғылдар мен көшелер саны 533 болса, тұрғын үйлер саны 39 883. Ал әлеуметтік нысандар бойынша 25 мектеп, 18 балабақша, 6 колледж, 6 денсаулық мекемесі, 5 саябақ болады.