Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, атмосфераға тарайтын улы заттардың мөлшерін азайтуға бағытталған «Таза ауа» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Акция көшедегі автокөліктерді рейдтік бақылау бағытында өтті. Іс шараның мақсаты қаладағы атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендету.
Рейд барысында Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандары, Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің сынақ зертханасы және Шымкент қаласы патрульдік-бекеттік полиция экипажымен бірлесіп автокөліктен шығатын тыныс алуға зиянды, әрі ауа ластайтын шығарындылар тексерілді деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Рейдте көшедегі автокөліктер тоқтатылып, оның ішінде уыттылық пен түтінділік бойынша тиісті нормалардан асып түскен көлік жүргізушілер ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алдағы уақытта «Таза ауа» экологиялық акциясы тұрақты түрде жалғасатын болады.
Еске сала кетейік, қазір Шымкенттің экологиялық мәселелерін шешу бойынша барлығы 29 іс-шара жоспарланған. Әзірге соның 10-ы орындалыпты. Атап айтуынша, жасыл көшеттерді паспорттап, кең таралған пайдалы қазбалар карьерін өңдеу кезінде бұзылған 3 кен орны қалпына келтіріліпті. Қазір жеке секторды газдандыру мен қоғамдық көліктерді сығымдалған газ пайдалануға өткізу жүзеге асырылып жатыр. Әйтсе де, бірқатар жоспар орындалмай қалуы мүмкін екен. Экология, геология және табиғи ресурстар экс министрі Серікқали Брекешев мұны қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековке айтып өткен болатын 2022 жылғы іс сапарында.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі