Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, жергілікті тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру және сапалы жол салу мақсатында, қалаға қосылған тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты бүгінде Еңбекші ауданындағы Базарқақпа тұрғын алабының бірқатар көшелері асфальтталуда деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Кеңгір, Қараөткел, Балқан №2,3,4 көшелеріне мердігер мекемелер тарапынан жол салу жұмыстары жүріп жатыр.
Ал Сазқұндыз көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салынып, асфальт қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Алай көшесі арнайы техникалармен тегістеліп, шағал тас төсеу жұмыстары басталды.
Жыл соңына дейін Базарқақпа тұрғын алабында 6.6 шақырымды құрайтын 11 көше асфальттанады.
Жалпы, Шымкенттің республикалық маңызға ие қала атануына байланысты шаһар ерекше қарқынмен өсе бастады. Соңғы 3 жыл қатарынан Шымкентте тұрғындар саны жылына 60 мың адамға көбейіп келеді. Яғни, 3 жылда халық шамамен 180 мың адамға көбейді. Сөз жоқ, бұл қаланың инфрақұрылымына үлкен салмақ түсіруде. Автокөлік көбейіп, кептеліс орын алып келеді.
Жол салу, жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарының барлығы – ең бірінші кезекте жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Еске сала кетейік, биылғы жылы 190 нысан немесе 352 шақырым жолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары қолға алынды. Елордада өткен есеп беру брифингінде Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеген болатын.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі