Облыс әкімі аппаратының селекторлық отырысы әдеттегідей Арыс қаласында өткен болатын. Оған 17 секторға жауапты облыс, қала әкімдіктерінің өкілдері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары тегіс қатысты. ҚР Қорғаныс министрлігі жауапты өкілі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев, ҚР Түркістан облыстық полиция департаментінің басшылығы, жалпы өңірдегі атқамінер азаматтары да келді.
Облыс басшысы әрбір сектор бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жеке тоқталып, игі істерді де кемшіліктерді де айтты. Ол кейбір басшыларға, әсіресе, қорғаныс, құқық қорғау, осындағы штаб өкілдеріне халыққа ақпарат шынайы әрі ашық жетсін деген тапсырма берді. Арнайы қорға аударылып жатқан әрбір тиын тұрғындардың игілігіне жұмсалатынын шегелеп айтты. Қысқасы, барлық саланың жауапты басшыларына нақты әрі дәлелді тұжырымдарымен тапсырма беріп, мән-жайды терең зерттеп жүргенін аңғартты.
«Жалпы Арыста жұмыс жоғары деңгейде атқарылып жатыр. Тұрғындар үйлеріне оралғаннан бері 10 күн ішінде барлық шаруаларды бір жүйеге келтіріп алдық. Өзге өңірлерден келген құрылысшыларға 40 градус ыстықта жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан оларға жергілікті тұрғындар да қолдау көрсетіп, қаланы көркейтуге атсалыссын», — деген әкім елдік мәселеде бұғып қалмай, азаматтық таныту керектігін мәлімдеді. Керітартпа әңгіме айтудан гөрі елге шынайы жанашырлық таныту абзал іс екенін жеткізді. Төтенше жағдайдан абдырап қалған кейбір басшылар мен абыройлы азаматтарға есті жинап, Арысты гүлдендіруге үлес қосу керектігін атап өтті.
«Әрине, қысқа мерзімде қаланы қалпына келтіру оңай емес. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ әлі де елді арандатқысы келетіндер бар. Солармен жеке жұмыс жүргізілсін. Әрбір салаға жауапты басшылар, әсіресе, әскерилер мен өзге де құзырлы органдар ақпаратты ашық әрі уақтылы беріп тұрсын. Сонда ғана іс алға басады. Кейбір жігіттер әлі қорқыныштан арыла алмай жүр. Үрейден арылып, іске кіріскен жөн. Арыста тіркелген әрбір адамға 100 мың теңге беріледі, үйлері жөнделеді. Ешкім қолдаусыз қалмайды», – деген өңір басшысы барлық жауапты басшылар мен мамандарға жұмысты күшейтіп, сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.
Қысқасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арысты қалпына келтіру және Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарын толық бақылауда ұстап отыр. Қиын әрі жауапты іс. Дегенмен елдің бірлігі мен берекелі тірлігінің арқасында Түркістан облысының жұртшылығы бұл қиындықтарды да еңсереді деген сенім бар. Себебі, Мемлекет басшысы, Ел Үкіметі, тұтас Алаш жұрты қолдап отыр. Елдің еңсесін көтерер ері де бар, ердің абыройын асқақтатар еңбекқор елі де бар!